28 Қаңтар, 2015

«Рза» кәсіп­орнына ел риза

987 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
04-15Қызылорда облысында Индус­трия­ландыру картасы бой­ынша жұмыс істеп жатқан кәсіп­орын­ның бірі – «Рза» акционерлік қо­ғамы. Қазалы ауданында орна­лас­қан бұл ұжым шетелден әке­лінген асыл­тұқымды сиырды жа­зы ыстық, қысы қатал, жел­дің өтін­дегі біздің аймаққа да үйре­туге бо­ла­тынын, сол арқылы пайда табу­ға жол ашылатынын дәлелдеп берді. Негізі «Рза» 2000 жылы құры­лыс мекемесі ретінде ашылған. Кейіннен заман ағымына сәйкес кәсіпорында әртараптандыру жұ­мыстары жүрген. Бүгінде ол тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика және көлік қызметтері саласын қатар дамытуда жұмыс атқарып келеді. Акционерлік қоғамда 1200-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында инженер, экономист, агроном, зоотехник, құрылысшы, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп мамандары бар. Ал жұмысшыларының орташа еңбекақысы 56 мың теңгені құрайды. Айлықтың жыл сайын өсіп келе жатқанын, оның үстіне кәсіпорынның қалада емес, ауданда орналасқанын есептесек, онда бұл аз ақша емес. Енді «Рза» АҚ-тың түрлі сала бойынша атқарып отырған жұ­мыстарына тоқтала кетейік. Ең алдымен, «Рза-Агро» тура­лы айтайық. Бұл мекеме дән­д­і дақылдар мен мал азығына қа­­жет­ті дақылдарды егу және өткі­зу­мен айналысады. Барлығы 35 мың гектарға жуық жер учас­ке­сін иемденетін серіктестік жы­лына 1 миллиард теңге көле­мін­де өнім өндіреді. Оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоға­ры сапалы күрішті Ресей, Ук­раина, Белоруссия, Тәжікстан, Түрік­менстан нарығына экспорттайды. Серіктестік ауыл­шаруашылық дақылдарын өн­ді­руде қуаттылығы жоғары, бір уақытта барлық техникалық қыз­меттерді жоғары әрі сапалы деңгейде жасайтын шетелдік құрал-жабдықпен қам­тылған. Мысал ретінде, Гер­манияда шыға­рылатын әйгілі «Джон Дир» фир­масының ауылшаруашылық тех­никаларын айт­сақ та жеткі­лікті шығар. Бұдан кейінгі серіктестік «Рза-Асыл түлік» деп аталады. Бұл еліміздегі индустриялық даму бағдарламасын іске асырып, көмегін көріп жатқан ұжым. Аталмыш бағдарлама шегінде кәсіпорын 2010 жылы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында қолға алынған «Рза» АҚ-тың «660 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауыты» жобасы бар. Жобаның құны 2 миллиард 228,4 миллион теңгені құрайды. Асыл тұқымды мал саны 1714-ке жеткен. Өткен жылдың 9 айында 4121,4 тонна сүт өнімдерін өндірді. Германия, Италиядан әкелінген озық технологиялық құрал-жабдықтар қойылған сүт зауытында дайындалған пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары майдың сапасы жоғары. Сондықтан сұранысқа ие. Бұл өнімдер көршілес аудандарға, Қызылорда, Байқоңыр қаласына, Атырау, Ақтөбе облыстарына сатылуда. Келешекте балмұздақ, йогурт секілді өзге де өнімдер дайындау жоспарда бар. Ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдеу зауытында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Типтік жобадағы 1200 бас сауын сиырға, төлін қосқанда 3000 басқа арналған тауарлы сүт фермасының кешенді құрылысы салынды. Кешенге Венгриядан жеткізілген 660 бас «гольштин-фриз» атты асыл тұқымды қашарлары өз төлі есебінен көбеюде. Бір жерде тұрып бағылатын асыл тұқымды ірі қараларға қажетті жем-шөпті қоғамға қарасты «Рза-Агро» ЖШС дайындайды. Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпірде «Рза» АҚ вице-президенті Нұрлан Имандосов есеп берді. «Бұрын-соңды Қызылорда облысында мұндай көлемде жұмыс атқарылмаған. Осының бәрі мемлекеттің нақты қолдауының арқасында іске асып отыр»,– деді Мемлекет басшысы. Ал «Рза-Сүт», аты айтып тұрғандай, сүт өнімдерін өңдеу және сатумен шұғылданады. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін зауыт Еуропаның озық технологиялық құрал-жабдықтарымен жабдықтаған. Онда пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Өз өнімдерін Қызылорда облысының аумағымен бірге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да сатады. Зауыт өнімдері 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Айтпақшы, Елбасының қатысумен өткен телекөпір басталардан бұрын Астана төрінде жүзден жүйрік шыққан мекемелер марапатталды. Осы салтанатты шара барысында «Рза» АҚ-тың президенті Самұрат Имандосовқа Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Алтын сапа» сыйлығын тапсырды. Осының өзінен-ақ, Қазалы ауданындағы кәсіпорынның ел экономикасын дамытуға, әлеуметтің әлеуетін арттыруға үлкен еңбек сіңіріп жатқанын байқауға болады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы, Қазалы ауданы.