Салық • 04 Қазан, 2024

Салық кодексіне қойылатын талап

93 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап салық жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілді және салық жүйесі реформалаудың бірнеше кезеңінен өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономиканың тұрақты өсуі – салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты» деді.

Салық кодексіне қойылатын талап

фото ашық дереккөз

Қазірге дейін қалыптасқан салық жүйеміздің біршама тәуір тұсы бар. Оларды айрықша атап өткіміз келеді. Біріншіден, бізде оңайлатылған, әсіресе кәсіпкерлер үшін салыстырмалы түрде қарапайым және түсінікті салық салу жүйесі қолданылады. Екіншіден, шетелмен салыстырғанда салық мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Үшіншіден, салықтық жеңілдік пен ынталандыру көп ұсынылады. Төртіншіден, Дүниежүзілік банк жүргізген «Бизнесті жүргізу 2020» есебі бойынша, Қазақстан салық төлеудің жеңілдігі мен бизнеске берілген талапты сақтау ауыртпалығын өлшейтін «Салық төлеу» көрсеткішіне сәйкес 190 мемлекеттің ішінде 25-орын алды. Бесіншіден, салық төлеуден жалтарудың деңгейі ЖІӨ көлеміне шаққанда 20-25% мөлшерінде бағаланады.

Ескертіп өтетін әлсіз тұсы да жоқ емес. Мәселен, 2001 жылдан бері бірнеше рет Салық кодексі қабылданды. Бұл заңнамаларға мыңнан астам түзету мен өзгеріс енгізуге әсер етті. Салық кодексін түсініп оқу да оңайға түспейді. Салық қызметі органының арнайы орган ретінде мәртебесі болмай тұр. Тиісінше қызметкерлер жалақысы да мардымды емес. 2010-2022 жылдар аралығында салықтың ІЖӨ-ге қатынасы Ұлттық қорға түсетін түсімді есепке алғанда да 24-26%-дан 16-21%-ға дейін төмендеп кетті. Ұлттық қорға түсетін түсімдерді есепке алмағанда көрсеткіш 13-15% шегінде ауытқыған. Сондай-ақ бізде қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі бірдей, ал дамыған елдерде әртүрлі мөлшерлеме қолданылады. Норвегияда мұнай өндіруші компания үшін табыстың 50% деңгейіндегі арнайы салық бар. Қытайда 20-40%, Өзбекстанда 12-22% аралығында құбылып тұрады. Еуроодақ (ЕО) елдерінде ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі (кемі 5%) пайдаланылады. Соның ішінде 18 елде 2 төмендетілген мөлшерлеме бар. Ондай төмен мөлшерлеме негізінен азық-түлік тауарлары, фармацевтика , баспа өнімдері (газет, кітап, журнал),ауыл шаруашылығы ресурсы (жем, тыңайтқыш) саласында қолданылады. Испания, Франция , Италия, Люксембург және Ирландияда баспа өніміне , фармацевтикаға , ауылшаруашылық өніміне ҚҚС-тың ең төмен мөлшерлемесі (5% аз) белгіленген.

Еліміздің салық саясатын оңтайландыру мен тиімді пайдаланудың бірнеше мүмкіндігін қарастыруға болады. Ең алдымен Салық кодексі ағымдағы ахуалдың сын-қатеріне  байланысты дер кезінде әрекет етуі керек. Одан әрі қазыналық саясатты жетілдіретін салықтық әкімшілендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілеп, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға , салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталса құба-құп. Цифрлық технологияны дамыту, шетелдік инвестиция тарту , салықтық ынтымақтастықты дамыту, тікелей және жанама (салықтық шегерімдер жүйесі арқылы ) саралау арқылы экономиканың әр саласы үшін сараланған салық салу мөлшерлемесін енгізудің де маңызы жоғары. Мысалы, Франция, Германия , АҚШ, Италия, Ресей елдерінде агроөнеркәсіп кешені үшін басқа салық мөлшерлемесі қолданылады. Ұлыбритания, Германия , Исландия және Норвегияда банк секторының субъектісі үшін сараланған мөлшерлеме енгізілген. ЕО-ның кей елінде шағын және орта бизнеске қатысты еңбекақы төлеу қорынан салықты бірыңғай салыққа біріктіру қарастырылған.

Біздің елде бизнеске берілетін кейбір салық жеңілдігі мен артықшылық салық жүктемесін әділетсіз бөлуге әкеліп соқтырып отыр. Салық заңнамасында өзгерістің жиі жасалуы бизнес үшін белгісіздік тудыруы мүмкін, оған бейімделу мен оны орындау үшін қосымша ресурс қажет болады. Түрлі мемлекеттік мекеме мен ведомство арасындағы үйлестіру жұмысының болмауы да – түзетілуі тиіс кемшілік. Соның салдарынан салық төлеушілер шатасып, ресурстар тиімсіз пайдаланылады. Әлі күнге дейін ҚҚС және акциз салығы жүйесінде қосарлы салық салу мәселесі байқалып отыр. Бұл салық төлеуші үшін айтарлықтай қаржылық ауыртпалық тудырады және елімізге шетелдік инвестицияның келуін тежеуі мүмкін.

«Салық жүйесін оңтайландыру үшін не істеуіміз керек?» деген нақты сауалға келесідей ұсыныс-қадамдармен жауап беруге болады. Ең бірінші кезекте Салық кодексін қолдануды жеңілдету шаралары жүзеге асырылуы керек. Кодекс салық төлеуші үшін түсінуге оңай және қолдануға жеңіл құжат болуға тиіс, бұл салық төлеушіге салық міндеттемесін орындауды жеңілдетеді және салық жүйесінің тиімділігін арттырады. Осыған орай Үкіметтің  салық пен төлем санын азайтуды, артық салық жеңілдігін жоюды және мүмкіндікке қарай салық мөлшерлемесін төмендету шарасын қарастырғаны абзал.

Екінші тұжырым салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты. Салық әкімшілері көп жағдайда аз жұмыс жасайды, белгілі бір дайындықтан өтпейді және жеткілікті ресурстарға иелік ете алмайды. Мұның бәрі салық заңнамасын тиімді қолдануды қиындатады. Осының салдарынан салық төлеуден жалтару белең алған және Үкімет өз даму мақсатын қолдауға қажетті кірістерді жинай алмайды. Мәселенің шешімі – салықтық басқару технологиясына инвестиция тарту және салық әкімшісін оқытуды қолға алу. Бұл орайда салықтық әкімшіліктендіруді цифрландыру да – айрықша қажетті шара.

Салық саясатында ашықтықты қамтамасыз ету де маңызды. Ашықтық салық төлеуші мен Үкімет арасындағы сенімді нығайту үшін керек. Оның болмауы сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік туғызуы және салық заңнамасының сақталуына нұқсан келтіруі мүмкін.

Мемлекеттік мекемелер арасындағы үйлесімділікті арттыру да салық қызметін қолайлы әрі түсінікті ете түсер еді. Тағы бір мәселе – тікелей және жанама салықты оңтайлы ұштастыру. Бұл – түрлі экономикалық факторды мұқият есепке алуды талап ететін күрделі міндет. Жеке тұлға табысынан – жеке табыс салығы, заңды тұлға табысынан – корпоративті табыс салығы ұсталады. ҚҚС пен акциз салығы (жанама салық түрінде) сату нүктесінде тауар мен қызметтен алынады. Салықтың осы екі түрін тиімді үйлестіру үшін уәкілетті органдар кіріс қажеттілігін теңестіруге тиіс. Байлықты қайта бөлу және табыс теңсіздігін азайту үшін – тікелей салықты пайдалану, кіріс алу және тұтынуды ынталандыру үшін жанама салық қолданылады.

Салық төлеушінің білім деңгейін арттыру да саладағы жұмыс қарқынын жеделдетеді. Азаматтарға оның салық міндеттемесі және оны сақтамаудың салдары туралы ақпарат беру ерікті түрде орындалуға ықпал етеді және мәжбүрлеп орындау қажеттілігін азайтады. Қорыта айтқанда, салық саясаты мен салық тетігінің тиімділігін арттыру – елдің экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Осы мақсатқа жету үшін Салық кодексін жеңілдету, салықтық әкімшіліктендіруді цифрландыру, салықтық бақылауды күшейту, «салық мәдениетін» қалыптастыру, салық төлеушінің білім деңгейін көтеру, салық саясатында ашықтықты арттыру, мемлекеттік мекемелер арасындағы үйлесімділікті жандандыру, салық түрлерін оңтайландыруды жақсарту қажет.

Керімбек Ғалымжан Есқараұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  доценті, экономика ғылымдарының кандидаты