Атырау облысында осындай мақсатты көздеген жаңа зауыттың бірінші желісі іске қосылды. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан өндіріс орнында полиэфирлі геосинтетикалық материал шығарылады. Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің пікірінше, мемлекет тарапынан экономиканы әртараптандыруға үлес қосатын осындай жобаның бәріне қолдау көрсетіледі.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында «қара алтынды» экспорттаумен шектелмей, жаңа өнім шығаратын жобалар іске асырыла бастады. Соның бірі – полиэфирлі геосинтетикалық материал өндірісі. Жаңа зауыттың өнімі ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді М.Мурзиев.
«Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры Азамат Асылбековтің айтуына қарағанда, өндіріс орнының жылдық қуаты – 15 млн шаршы метр. Кәсіпорын жақын арада жергілікті өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттыруға серпін беріп, полиэфирлі материалдар импортына деген тәуелділіктен арылтады.
«Елімізде полиэфирлі геосинтетикалық материалға сұраныс бар. Осындай материалдың шамамен 10 млн шаршы метрі Түркия, Қытай, Ресейден алынады. Өнімдеріміздің басым бөлігін отандық тұтынушыларға ұсынамыз. Үштен бірін экспортқа жіберуді көздедік. Ресейдегі тұтынушымыз 3 млн шаршы метр материалды сатып алуға келісімшарт жасады», дейді А.Асылбеков.
Жаңа зауыттың жұмысы тәулік бойы тоқтамайды. Өндіріс орнындағы технологиялық желілердің дамылсыз үдерісін қадағалауға 40 адам жауапты. Өз ісін жауапкершілікпен атқаруға кіріскен жергілікті мамандардың орташа жасы – 31.
«Зауыттың жұмыс істеу ұстанымы – пластиктерді өңдеп, қалдықсыз өнім шығару. Бұл материал жоғары сапасымен, су өткізбейтін төзімділігімен ерекшеленеді. Оны жол және нысан құрылысында, теміржол мен дренаждық жүйеге қолдануға болады. Әсіресе жаңадан салынатын жол табанын нығайту үшін төселеді. Мұндай сапалы материал төселген жол жабындысы бұзылмайды», дейді А.Асылбеков.
Бас директордың мәліметінше, жобаға бағытталған инвестициялық қаржы көлемі – 1,4 млрд теңге. Оның 715 млн теңгесі «Өнеркәсіпті қолдау қорынан» алынған. 2025 жылы тағы 3 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оған 4 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңадан 160 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ зауытты шикізатпен қамту мәселесі қолға алынбақ. Осыған орай алдағы жылдың көктемінде «Жасыл даму» бағдарламасы аясында Атырауда штапельді талшық шығаратын желі іске қосылады. Жалпы құны 2 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылатын жоба аясында 61 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. «Қазақстанда штапельді талшық шығаратын өндіріс орны жоқ. Оны шығаруға қайта өңделген пластикалық бөтелкелерді шикізат ретінде қолданамыз», деді А.Асылбеков.
Атырау облысы