Біз алдымен өзіміз дауыс беретін №575 референдум учаскесіне ат басын тіредік. Сағат 09.30-да дауыс беруге келгендер саны тым аз көрінді. Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Светлана Щербакова да халықтың белсенділігі әзірге төмендеу екенін айтты. Біз болған жарты сағаттай уақытта 7-8 адам ғана келіп, дауыс берді.
Ал қаланың Интернационал көшесінде орналасқан Смағұл Сәдуақасов атындағы орта мектептегі №578 референдум учаскесінде халықтың жиі келіп жатқаны байқалды. Комиссия төрағасы Ләззат Құрманғалиеваның айтуына қарағанда, күндізгі сағат 11.00 кезінде 150-дей адам дауыс бергенін айтты. Бұл учаскеге барлығы 1 594 сайлау құқы бар азамат тіркелген екен. Әзірге соның 10 пайыздайы ғана дауыс берген болып шықты.
Күндізгі сағат 12.00-дегі ОРК мәліметіне қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысында дауыс бергендер үлесі дауыс берушілердің 40 пайызындай болыпты. Бұл – республика бойынша орта деңгейді көрсетеді.
Жалпы, біз болған 4-5 учаскенің бәрінде дауыс беруге келгендерге барлық жағдай жасалған. Қабырғаларға ақпараттық, анықтамалық қағаздар ілінген. Сазды әуен шалқып, халықтың көңіл күйін көтеріп тұрды.
Солтүстік Қазақстан облысы