Референдум 2024 • 07 Қазан, 2024

Саяси мәдениеттің жаңа деңгейі

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше АЭС салу мәселе­сі­не қатысты өткен респуб­лика­лық референдумға Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баев қатысып, Аста­на­дағы Ұлттық акаде­мия­лық кітапханада орна­ласқан №111 дауыс беру учаскесінде өз таң­дауын жасады.

Саяси мәдениеттің жаңа деңгейі

Дауыс беру рәсімінен кейін Сенат төрағасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері­не сұхбат беріп, рес­публикалық референдумға шығарылған мәселе еліміз үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Бұл референдум – еліміздің демократиялық даму жолындағы маңызды қадам. Осы дауыс беру арқылы біз Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде көрініс тауып жат­­қанын көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ке­ле­шегіне, болашақ тағды­ры­на қа­тысты мәселелер тек бел­гілі бір мемлекеттік орган­дар­дың ішінд­е емес, халық­тың қаты­суы­мен әрі олардың пікірі еске­рілуі арқылы жүзеге асуға тиіс еке­нін айтып келеді. Соның нақ­ты мысалының бірі – осы рес­пу­б­­ликалық референдум», деді ол.

Оның айтуынша, бұл референдум – АЭС салу не салмау мәселесін шешетін дауыс беру ғана емес, сондай-ақ елімізде жаңа саяси мәдениетті қалып­тастыруға бағытталған қадам.

«Отандастарымыз өз­дері­нің конституциялық құқық­тарын пайдаланып, осы сәт­ті қалт жібермей, таң­дау­ларын жасауы керек. Бұл – біздің келешек алдын­дағы азаматтық парызы­мыз. Еліміздің және келер ұрпақтың болашағы жолында әрбір тұрғынның дауысы маңызды. Осылайша біз елімізді демократиялық, әділетті мемлекет ретінде қалыптастыруға өз үлесімізді қосамыз», деді М.Әшімбаев.

Өткен аптада Сенат пен Мәжіліс депутаттары өңір­лерге сапарға шығып, жер­гілікті халықпен жүздесіп, атом электр стансасы мен референдум жөнінде пікірлесіп қайтқан еді. Журналистер тарапынан Сенат төрағасына өңірлердегі жұртшылықтың осы саяси іс-шараға қатысты ойы мен ынта-ықыласы туралы сұрақ қойылды. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, мұндай референдум – біз­дің елімізде кейбір Еуропа мем­лекеттеріне қарағанда жаңа ғана қолға алынып жатқан тетік. Дегенмен соған қарамастан, ел халқы бұның маңызын түсініп, қызу талқыға салып, референдум өткізгенді құп көрді.

«Бұны ел тұрғындары өз ойлары мен ұсыныстарын жоғары жаққа жеткізудің бір құралы ретінде көріп отыр. Сон­дықтан мен өңірлерге бар­ғанымда референдум өткі­зуді халықтың жаппай қол­дап жатқанын байқадым. Олар бүгінгі іс-шараны ел өмірін­дегі аса маңызға ие мәселе екенін түсініп отыр», деді ол.

М.Әшімбаевтың айтуынша, еліміздің энергетикалық қауіп­­сіздігін сақтауда біз жан-жақ­тылық пен әрта­рап­­тан­дыру қағидатын ұстанамыз.

«АЭС – соның бір жолы ғана. Бұл біздің бұған дейін пайдаланып келген энергия көздерінен бас тартамыз дегенді білдірмейді. Сондай-ақ бір энергия көзіне тәуелді болып қалмауымыз керек. Бұл бізден жан-жақты әрекет етуді талап етеді. АЭС саламыз ба, жоқ па, оны бүгін халықтың өзі дауыс беру арқылы шеше­ді. Сондықтан біз ойласты­рылған, пысықталған, орнық­ты, ең бас­тысы, мемлекеттің мүддесінен шығатын саясатты жүзеге асыруымыз керек», деді Сенат төрағасы.

Ұлттық академиялық кі­тап­ханадағы №111 дауыс беру учаскесінде таңғы сағат 07.00-ден бастап адам қара­сы үзілген жоқ. Ел ертеңі үшін маңызды мәселе екенін түсінген тұрғындар отбасымен бірге келіп таңдауын жасап жатты. Комиссия төрағасы Жанна Тәуекелованың айтуынша, осы учаске бойынша 2 мың адам тіркелген. Олардың арасында мүгедектігі бар 20 адамның да дауыс беруіне барлық жағдай жасалған.

«Тауықсыз да таң ататыны секілді менсіз де АЭС салынады» деп жылы төсегінде жа­тып алмай, көппен бірге азамат­тық борышын өтеуге келген Қасым Дулатхан есімді қала тұрғынын әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, ел ертеңі үшін маңызы зор шешімді қа­былдауға септігі тиетін рефе­­рендумды өзі ғана емес, қа­сы­на ере келген 10 жасар ұлы Жан­нұр да тағатсыздана күткен.

«Біз отбасымызбен бүгінгі рәсімнің орны ерекше екенін түсіндік. Сондықтан таң ата арнайы келіп отырмыз. Өз басым елімізге АЭС керек деп санаймын. Өз даусымды да солай деп бердім», дейді ол.

Учаске орын тепкен кең бөл­менің бір тарапынан БАҚ өкілдерімен қатар байқау­шылар да рәсімді қалт жі­бер­мей бақы­лап отыр. Олар­дың арасын­да шет­елдік­тер де бар. Атап айтқан­да, Түр­кі мемлекеттері ұйымы­нан елі­мізге арнайы осы рефе­рен­думға 11 байқаушы кел­ген болса, соның төртеуі №111 учас­кеге бас сұққан еді. Біз атал­­ған ұйым Бас атшысы­ның орын­басары, байқаушылар делегациясының жетекшісі Сафи Жафа­ровты әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, комиссия құра­мын­да Түркі мем­лекеттері ұйы­мы­на кіре­тін елдердің және ұйым хатшы­лығының өкілдері бар.

«Біз бүгін таңғы сағат 7-де бір дауыс беру учаскесінің ашылуына арнайы қатыстық. Содан бері қаладағы 10 референдум учаскесін аралап, дауыс беру барысын бақылап келе­міз. Бүгін кешке дейін қала­дағы басқа да учаскелерге бар­мақпыз. Сонымен қатар учас­ке­лердің бірінде дауыстар­ды санауға да қатысамыз», деді ол.

Ол бұған дейін Түркі мем­лекеттері ұйымының өкіл­дері еліміздегі прези­денттік жә­не парла­менттік сайлаулар­да байқаушы ретінде қатысқанын айтады. Өзі де елімізге осы мақсатта бірнеше рет келген.

«Менің байқауымша, Қазақ­станда демократиялық құнды­лықтар жылдан-жылға жан­данып келеді. АЭС салу­ға байланысты референдум­ның өтуі – соның тағы бір жар­қын мысалы. Өйткені бұл – стра­тегиялық мәселе. Сондық­тан оны халық шешуге тиіс. Бұған дейін байқаушы ретін­де қатысқанда да, бүгінгі іс-шарада да мен заң бұзушы­лық­ты байқаған жоқпын. Бұл халықтың саяси мәдениеті қалыптасқанын білдіреді», дейді С.Жафаров.