Digital • 08 Қазан, 2024

Нейрожелі жарға жыға ма?

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Цифрлық қауіпсіздікке жауапты «Check point» агенттігінің зерттеуінше, кейінгі жылдары жасанды интеллект арқылы алаяқтық жасайтындар көбейген. 2021 жылдан бастап жыл сайын 27%-ға өсіп отырған. Бұл үрейлі үдеріс еліміздің де табалдырығын аттады. Жыл басынан бері елде 10 мыңға жуық кибералаяқтық оқиғасы тіркелген.

Нейрожелі жарға жыға ма?

Жасанды интеллект технологиясының дамуы адамдарды алдаудың жаңа тәсілдеріне жол ашты. Алаяқтар нейрондық желілерді пайдаланып, адамдардың дауысын, бейнесін, мәтіндерін көшіріп, көргенсіздікке басып жүр. Америкалық сарапшылардың пікірінше, AI технологияларының, әсіресе генеративті AI мен дипфейк технологияларының дамуы алаяқтықты жаңа деңгейге шығарған. Мысалы, 2023 жылы АҚШ-та тек бизнес-электрондық хаттарды бұзу арқылы алаяқтар 2,7 миллиард доллар шығын келтірген.  2027 жылға қарай бұл сан 11,5 миллиард долларға жетуі мүмкін деген қорқыныш та бар. Ал Қытайда осы әдістің құрбаны болған бір кәсіпкер 610 мың долларынан айырылды. Алаяқтар оның жақынының бейнесін қолданып, бейнеқоңырау жасап, ірі соманы аударып жіберген.

Мұндай оқиғалар біздің елде де болып жатыр. Күн сайын қаншама адам «Менің атымнан ақша сұраса, мән бермеңіздер, алаяқтар алқымымнан алып жатыр» деп дегбірсізденеді. «FaceBook» әлеуметтік желісіне қарасаңыз, бұл тізбекте депутаттар, әртүрлі сала мамандары, тіпті имамдар да бар.

Үрейі бір үріккен жұртты қарап отырып, қаржы саласының маманы Айбар Олжаевтың мына бір жазбасына жолығып қалдым: «Алаяқтар дипфейкті пайдаланып, досымызды топ еткізді. Бейнеқоңыраумен ағасының атынан хабарласқан. Тура сол ағасы, түрі, дауысы. Көлік жөндеуге ұстап отырған ақшасын бере салған. Ешкімге ақша бермеңіздер. Ақпаратты үш рет тексеріңіздер. Күмәншіл болыңыздар». Расында, кез келген ақпаратты жіті тексерістен өткізген жөн.

– Иә, қазір өздеріңіз білетіндей, желіде түрлі алаяқтық жүйелер бар. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жұмыстар жүргізіледі. Егер жақын адамыңыз сізге өз нөмірінен қоңырау шалып, өз дауысымен сөйлесетін болса, сізбен нейрондық желі сөйлесіп жатқанын түсінбей де қаласыз. Видео арқылы хабарласса, жағдай тіпті қиын. Бар айла осында жатыр, – деген түсініктеме берген еді Жасанды интеллект инфрақұрылымы басқармасының бас сарапшысы Саясат Нұрбақытбек.

Алаяқтардың көзі әуелі «Instagram» желісіндегі блогерлерге түседі. Себебі оқырмандары көп әрі жеңіл ақшаға құмар. Бейнежазба жариялап, оқырмандарын сілтемеден өтуге шақырып, ақшалай сыйлықтар таратып жатқанын айтып, жарға жығылатындар көп. Біраз уақыт өткеннен кейін әлдекімдер бұзып кіргенін және бейнежазбада өзі емес екенін айтып, оқырмандарына үндеу жолдап та жатады. Жақында ғана осындай бір жайт болған. Оны «Qazaqstan» арнасы жариялады.  Хакім Мукарам деген блогер жасанды интеллект арқылы жасалған алаяқтықтың құрбаны болған. Тек өзі ғана емес, оған сенген қанша адам қалтасынан қағыла жаздады.

– Менің «Instagram» парақшамды бұзып кірді. Алаяқтар өз жобаларын жүргізіп жатыр, алданып қалмаңыздар. Профильдегі сілтемеге өтпеңіздер. Өзіме де түсініксіз сайт. Құқық қорғаушыларға жүгініп жатырмын, – деген ол.

Осылай опық жеп жатқандардың шегі мен шеті көрінер емес. Банктер мен қаржы мекемелері де бұл былықтан аман қалу мақсатында жүйелерін жаңартып жатыр. Бірақ олардың қолданатын технологиялары кейде шабуылдарды тоқтатуға жеткіліксіз болып жатады.

– Жағдай күннен-күнге шиеленісіп барады. Елдегі беделді азаматтардың түрін көріп, дауысын естіген алаяқтар жасанды интеллектіні пайдаланып, қылмысқа барып жүр. Осы тұрғыда халыққа көмек көрсету орталықтарына жүгі­ніп, шындыққа көз жеткізуге болады. Қазір Ішкі істер министр­лігімен бірлесіп, киберқылмысқа жол бермеу тетіктерін іздеп жатырмыз. Яғни алдағы уақытта әккілер жасанды интеллектіні пайдалана алмайтындай шаралар қабылданады, – дейді Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қаныш Ашжанов.

Мемлекет өз тарапынан қорғау амалдарын жасай жатар. «Уақыттың еншісі» деген тіркесті тағы да қолдана тұрайық. Ал халық қорғану амалдарын жасау керек. Сол себепті әлем сарапшыларының кеңестерін қысқаша ұсынайын. Жасанды интеллект арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғануда мыналар маңызды:

  1. Жеке мәліметтеріңізді бөлісер кезде сауысқаннан да сақ болыңыз. Алаяқтар көбіне жеке мәліметтерді фишинг шабуылдары арқылы жинайды.
  2. Алдыңғы қатарлы қауіпсіздік бағдарламаларын орна­тыңыз. Бұл бағдарламалар AI арқылы жасалған алаяқтық­тарды, мысалы, дипфейктер мен жалған чат қосымшаларын анықтап, алдын алуға көмектеседі.
  3. Екі факторлы аутентификация (2FA) пайдалану арқылы есептік жазбаларыңызды қорғаңыз. Бұл шара есептік жазбаларыңызға рұқсатсыз кіруді қиындатады.
  4. Жасанды интеллект арқылы жасалатын алаяқтық әдіс­тері туралы хабардар болып, өзгелерге де ескерту жасаңыз. 
Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше