Ғылым • 08 Қазан, 2024

Алматыда «Ядролық ғылым және технологиялар» V халықаралық форумы өтіп жатыр

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  дәстүрлі «Ядролық ғылым және технологиялар» V Халықаралық ғылыми форумы өтіп жатыр.  Әлемнің 10-нан астам елінен 300-ден аса сала мамандары жиналған форум  Ядролық физика институтының бастауында тұрған академик Қ.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Алматыда «Ядролық ғылым және технологиялар» V халықаралық  форумы өтіп жатыр

Ядролық технологияларды адамзат игілігіне пайдаланудың әдіс-тәсілдерімен бөлісе отырып, ғалымдар бес күн ішінде іргелі ғылымды дамыту мен радиоизотоптар өндірісіндегі заманауи мүмкіндіктерді талқыламақ.

Жиынның ашылу салтанатында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Д.Ахмет-Заки еліміздің ядролық технологияларды дамытудағы әлеуеті мен ғылыми-зерттеулер барысына, қазіргі кезде әлемдік кеңістікте бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіндегі Ядролық физика институтының рөліне тоқталды.

Жиын барысында Президент жанындағы ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев бірегей зерттеу базасы бар – Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталық құрылымдарында заманауи реакторлар мен үдеткіштердің, сондай-ақ жаңадан ашылған Ядролық медицина деректер орталығының болуы елімізде эксперименттік ядролық физиканың, плазма физикасының, ядролық медицина мен радиациялық материалтанудың табысты дамуы үшін қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.

«Ядролық энергияны оптикалық сәулеленуге, радиациялық материалтануға, атом энергетикасының қауіпсіздігіне, басқарылатын термоядролық синтезге, радиоэкологияға айналдыру саласында ғылыми бағыттар дамып келеді. Соңғы бірнеше жылдағы отандық атом ғылымының ғылыми метрикалық көрсеткіші жоғары рейтингі бар халықаралық ғылыми журналдарда 500-ге жуық жарияланымға ие, бұл отандық зерттеулердің жоғары деңгейін көрсетеді. 2022 жылдың қыркүйегінде Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Мәскеу инженерлік-физикалық институтының (МИФИ) Алматы филиалы ашылды. Дубна ғылым қалашығындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтымен, жапондық атом энергетикалық компаниясымен және жапондық атом энергиясы агенттігімен халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді, оның аясында эксперименттік және теориялық ядролық физика, бөлшектер және жоғары энергия физикасы, сондай-ақ жас ғалымдарды даярлау саласында зерттеулер жүргізіледі. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен келісімге қол қойылғаннан кейін бірнеше жылдан бері дайындалып келе жатқан Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) ынтымақтастықтың болашағы зор. Жақында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының базасында CERN-мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығын ашу туралы уағдаластыққа қол жетті», деді ҰҒА президенті.

Еуропа ядролық зерттеулер ұйымының халықаралық қатынастар жөніндегі директоры Шарлотта Линдберг-Варакаулл Қазақстан ғалымдарының аталған ұйымымен байланысы туралы атап өтіп, алдағы уақытта жүргізілетін жобалар барысына тоқталса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инновациялық қазмет бойынша проректоры Ж.Айтжанова ядролық физика саласындағы халықаралық білім алмасу мәселелеріне тоқталды.

Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев өз кезегінде бүгінде елімізде іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асырып, атом саласындағы кадрларды даярлап отырған бірден-бір орталықтың таяу келешектегі жұмыстары мен форум барысында қол жеткізілетін халықаралық ынтымақтастық мәселелерінің маңызды екенін айтты. ЯФИ мамандары 2030 жылға қарай әлемнің алдыңғы қатарлы зерттеу орталықтарының элитасына қосылуды жоспарлап отыр. Осы орайда институт мамандарының  атом саласындағы іргелі жəне қолданбалы зерттеулерді іске асырудағы жетістіктерінің халықаралық кеңістікке кеңінен мәлім екенін айта кеткен абзал.  

Форум аясында Ядролық физика институты Түркияның TÜBİTAK ұйымымен бірлесе жұмыс істеуді ұйғарып, келісімге қол қойды. Енді бұл  зерттеу орталықтары ядролық физика саласын ілгерілетіп, радиофармацевтикалық препараттар өндірісін дамытпақшы.  Ядролық физика институтының форум аясында Қытай университетімен, Өзбекстанның Физика-техникалық институтымен келісім жоспарланып отыр.