Қоғам • 09 Қазан, 2024

Танымал археолог – құрметті азамат

1307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен 1999 жылы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғанынан еліміздегі екінші «Алтын адам» табыл­ған. Қазір археолог осы өңірдегі ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихын, археологиясын зерттеуге үлес қосып жүр.

Танымал археолог – құрметті азамат

Атырау облыстық мәслихаты биыл 24 мамырдағы сессия­сында археологке осындай еңбегі үшін Атырау облысының құрметті азаматы атағын беруге шешім қабылдады. Құрметті атақты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тапсырды.

Зейнолла Самашев археология сала­сындағы жұмысын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында бастаған. Осы институттың алғашқы археология, одан соң Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ежелгі өнер бөліміне жетекшілік еткен. Қазір Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді.

Археологтің негізгі зерттеу нысаны – Қазақстан мен Орта Азияның ежелгі және орта ғасырлардағы археологиясы, тарихы, мәдениеті мен өнері. Оның авторлығымен 100-ден аса ғылыми жұ­мысы Ресей, ҚХР, Франция, АҚШ-та жарық көрген. Ал 2017 жылы Берел қорғанын ашқан археологиялық топқа жетекшілік етті. Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы бұл қорғаннан әйел баскиімінің, тоны мен белбеуінің қалдығы табылған. Оған қоса екі аттың қалдығы шыққан.

«Қорған тоналған. Ал ақсүйек әйел біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдың басы мен ІV ғасырдың аяғында өмір сүрген болуы мүмкін», дейді З.Самашев.

 

Атырау облысы