Мамандар екпінді жел өртті сөндіру жұмысын қиындатқанын айтады. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6 қазан күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп жанған. Өрт орнына орман шаруашылығының, төтенше жағдайлар күштері мен құралдары, ерікті өртке қарсы құрылымдар дереу жіберілген.
«Күндіз дала өрті Павлодар облысының шекарасынан «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына ауысқан. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары барды. Тікұшақтар суды Шалқаркөл көлінен алып, өрт ошақтарына 6 рет, жалпы көлемі 18 тонна су төккен. Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау ауылының тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам (8-і бала) эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі командалық орталығында штаб жұмыс істеп тұр. Өрт орнында Қарағанды, Павлодар облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің, ЖАО, ЭТРМ күштері, жеке құрамнан 183 адам, 56 техника, 4 тікұшақ жұмылдырылды. Өрттің алдын ала ауданы 3000 гектардан асты», деп мәлімдеді ТЖМ.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тілсіз жаудың оқшауланғанын жеткізді. Өрттің зардаптарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт шалған жердің аумағы шамамен 10 мың гектарға жетіп қалған. Жағдай қалың өскен шөптің, секундына 12–15 метр болатын екпінді желдің салдарынан күрделенген.
«Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штаб отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күштер тартылды: 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз басқарылатын аппарат жұмыс істеп жатыр. Мұндай дала өрттерінің негізгі себебінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуінен. Сондықтан барлық шаруа қожалығынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуға тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын», деді А.Байханов.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов кеше Павлодар, Қарағанды облыстарының шекарасындағы дала өртіне қатысты соңғы мәліметтермен бөлісті. Министрдің айтуынша, өрттің жалпы аумағы 45 мың гектарға жеткен.
«Министрліктің бүкіл штабы жұмылдырылды. Сондай-ақ Павлодар облысында жедел штаб құрылды. Министрліктен, сонымен қатар Абай облысынан, басқа да өңірлерден қосымша көмек тартылды. Қазіргі уақытта дала өрті толығымен оқшауланды, жағдай бақылауда», деді Ш.Әрінов Үкімет отырысы алдында.
Өртке Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары да жұмылдырылып, олар тікұшақ арқылы бір тәулікте 36 тонна су төккен.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Күркелі ауылдық округі