«Отандастар қорының» соңғы дерегіне жүгінсек, қазір шетелде тұратын қазақтардың жалпы саны шамамен 5 миллионды құрайды екен. Ал олар 40-тан астам елде өмір сүреді екен. Қазіргі қазақ диаспорасының күнделікті тұрмыстағы мәселесі де бізді ойландырмай қоймайды. Осы тақырыпты зерттеп жүрген PhD Гүлнаш Асхатпен Вашингтон қаласында кездестік. Ол АҚШ-тағы қазақ диаспорасы туралы ғылыми жобаны Руслан Сәкеевпен бірге орындап жүргенін айтты.
«Біз бұл зерттеуімізді Доктор Шон Робертстің жетекшілігімен Джордж Вашингтон университетінен Институционалдық тексеру кеңесі (Institutional Review Board (IRB) мақұлдауын алғаннан кейін 2024 жылдың мамыр айында бастадық. Эмпирикалық ақпаратты жинау кезеңі наурыз-тамыз айларын қамтыды. Осындағы қазақ диаспорасы, иммигранттары жөнінде зерттеулер жоқтың қасы, тіпті Орталық Азиядан келген иммигранттардың өмірі осы уақытқа дейін өте аз зерттелген. Жалпы, санақ деректерінен басқа, Америка үкіметі бұл топтар бойынша статистика жүргізбейді. Азиялық америкалықтар – аталған елдегі ең үлкен диаспораның бірі», дейді Гүлнаш Асхат.
Иә, бәрімізді «АҚШ-тағы қазақтардың өмірі қандай? Ондағы қазақтардың үлесі, қандастарымыздың нақты саны қанша? Олардың тарихи Отанымен арақатынасы қандай?» деген сұрақтар мазалайтыны рас. Ал бұдан да маңыздысы, олардың ұлттық қасиетін қалай сақтап жүр деген мәселе мазалайды. Зерттеуші Гүлнаш Асхат пен Руслан Сәкеев Құрама штаттарға біржола қоныс аударып, 6-30 жылдан аса тұрып жатқан қандастарға онлайн сауалнама жүргізіп, олардың жалпы жағдайы туралы ақпарат жинады. Аталған сауалнама Survey Monkey көмегімен қазақ, ағылшын тілдерінде жүргізілді. Оған қатысқан респонденттердің жалпы саны 325-тен асып, 179 респондент қазақ тілін таңдаса, оның 146-сы ағылшын тілінде сауалнама толтырған.
Зерттеушілердің тағы бір әдістемесі – ондағы диаспора өкілдерімен жеке-жеке сұхбат жасаған. Осыған дейін жеке сұхбатқа қатысқан 27 қандасымыз алыс елдегі өз өмірлері туралы ағынан жарыла айтып берген. Ал келесі кезекте олар аталған саланы зерттеп жүрген тәжірибелі сарапшылармен кездесіп, аталған мәселелер төңірегінде пікірлесіп, ашық деректердегі материалдарды пайдаланған.
«Жалпы, Қазақстаннан АҚШ-қа мигранттар ағыны 90-жылдардан бастап өсті, ал 1992 жылдан 2022 жылға дейінгі деректерді талдау АҚШ-та тұрақты тұру мәртебесін алған Қазақстан азаматтары санының тұрақты өсуін көрсетеді», дейді зерттеуші Руслан Сәкеев.
Осы тақырыпты зерттеп жүрген сарапшының бірі Г.Меңдіқұлованың айтуынша, қазақтардың табаны Америка топырағына сонау Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тиіпті. Сарапшы оларды Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға алынған және Германия аумағындағы концлагерьлерде болғандар, яғни тұтқыннан азат етілген КСРО-ның бұрынғы азаматтары, одақтас күштермен және тексерулерден кейін өз өтініштері бойынша Түркияға жіберілгендер, одан кейін Түркиядан Америкаға қонысқа аударғандар; Түрік еңбек иммиграциясының құрамына кірген Түркиядан барған қазақтар, бес жыл тұрақты тұрғаннан кейін АҚШ азаматтығы мәртебесін алғандар, Қытай Халық Республикасынан (ҚХР) АҚШ-қа Жапония, Тайвань арқылы келіп, Тынық мұхиты арқылы өтіп, сол жағалауда білім алғандар немесе жұмыс істеугге қалып, сол елде тұруға мүмкіндік алған қазақтар, Қазақстаннан оқуға немесе жұмыс істеуге барғандар және осы елдің азаматтарымен ұлтаралық некеге тұруына байланысты азаматтық алғандар және асырап алынғандарды құрайды.
Зерттеушілерді мұхиттың арғы жағындағы қазақ диаспорасының этномәдени бірегейлігін сақтау және өзін-өзі ұлт ретінде сақтау мәселесі де толғандырыпты. Дегенмен қазіргідей жаһандану кезеңінде бұл мүмкін бе? Әсіресе Америка сияқты алпауыт елде тұратын қазақтар үшін күрделі болмақ. Ондағы қазақ диаспорасының тұрмыс-тіршілігі, ұлттық бірегейлігін сақтаудағы қиыншылығы, онымен күресі жөнінде де олар ізденіс жасады.
«АҚШ-тағы қазақ диаспорасының ұлттық бірегейлігінің сақталуын анықтау да зерттеудің басты мақсаттарынының бірі болды. Өйткені ұлттық бірегейлік адамның белгілі бір ұлт, яғни өз ұлтыңның мүшесі ретінде өзімізді қалай көретіндігіміз. Андрей Суцюдің пікірінше, ұлттық бірегейліктің маңызды белгілері адамдарға олардың кім екенін, халықаралық контексте өздерінің жеке басын жоққа шығармай, өзгертпей қалай қабылдайтынын еске салады. Ал ұлттық бірегейлік басқалардың құнды қағидаттары мен жетістіктерін қолдау үшін бірлескен күш-жігер салуға болады деген теорияға сәйкес болашақта өсуге ықпал етеді. Сондықтан сауалнамамызда осы түсінікті анықтау үшін мәдени құндылықтар, тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, белгілі бір ұлтқа қатысты сезімі сияқты ұлттық бірегейліктің негізгі элементтерін анықтайтын сұрақтарды қосуға тырыстық», дейді қос зерттеуші.
Зерттеушілердің сауалнамасындағы нәтижелер респонденттердің 78,4%-ы олардың атажұртпен байланысының өте маңызды екенін көрсетсе, 6,8%-ы маңызды емес деген, ал 10,5%-ы жауап беру қиын екенін алға тартып, 4,2%-ы жауап бермеуді жөн көріпті. Сонымен бірге 93,5% азамат жат елде жүрсе де өзін қазақпыз деп санайтын топтан екен. Сауалнама нәтижесіне сай, өкініштісі 3,3%-ы өзін қазақ деп санамайды. Қай халық үшін де ана тілі басты орында екені даусыз. Америкада тұратын қазақтарға да бұл мәселе өте маңызды. Зерттеушілердің сауалнамсы барысында ондағы диаспораның басым бөлігі, яғни 56,6% орыс тілінде, 29,1% қазақ тілінде, ал 13,3% үйде ағылшын тілінде сөйлесетіні де анық болған.
Қорыта айтқанда, АҚШ-тағы қазақ диаспорсы арасында әлі де қазақы қалып пен ұлттық таным-түсінік сақталғанын аңдағандай болдық. Алайда ағылшын тілінде оқып жатқан қазақтың алыстағы ұл-қызының көп өтпей ана тілінен мақұрым қалатыны жанымызды ауыртары сөзсіз. Зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, бұл мәселелерге қоршаған орта (мектеп, балабақша) көп мәдениеттілік, отбасында қазақы тәрбиенің жоқтығы (сауалнама бойынша 49,30% орыс, ағылшын тілдерінде сөйлеседі); аралас неке (көп жағдайда балалар тек ата-анасы сөйлесетін тілді ғана меңгереді), қазақтардың ұлттық болмысын сақтауға мемлекеттік қолдаудың жоқтығы, қандастар арасында саяси, экономикалық мүдде, құндылық, идеологиялық басымдықтар мен артықшылықтар негізінде бірлік пен өзара түсіністіктің болмауы себеп болып отыр екен.
Зерттеушілерден бұл көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын сұрағанымда: «Осы елде тұрып жатқан қазақтардың жағдайын ескере отырып, олардың өзіндік ерекшелігін, мәдениеті мен тілін сақтау және дамыту үшін жағдай жасауға үлес қосуды көздеп, сол жақтан қазақ мәдени орталықтарын, тілдік курстар ашуға мүмкіндік жасаған дұрыс. Сонымен бірге ұлттық бірегейлікті жаңғыртуға, мәдени ресурстарды сақтауға ықпал ете алатын әртүрлі ұйымдарды тартуға да күш салған жөн», дейді Гүлнаш Асхат. Осы жағдайда мемлекетіміз алыста жүрген ағайынның қоғамдық жағдайына, мәдениеті мен тілін сақтауына көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді.