Жоба • 09 Қазан, 2024

Салаға серпін берген жоба

62 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде медицина саласына арналған 60-қа тарта нысанның құрылысы басталды. Бұл ғимараттарды салу жұмысы алыс аудандардағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр. Оған қоса сол елді мекендерге маман тарту мәселесі де жүйеленіп келеді. Айталық, былтыр өңірге 76 маман келген. Олар мемлекет тарапынан 10 млн теңгеге дейін үстемеақы алған. Жалпы, кадр тапшылығын шешуге 595 млн теңге қаржы жұмсалған.

Салаға серпін берген жоба

Өңірдегі медицина саласын дамыту мақсатында «Ауыл­­дық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы қолға алынған. Қазір соның игілігін алыстағы елді мекендер де көріп жатыр. Мәселен, көп ұзамай Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кер­бұлақ Панфилов аудандарында 59 медициналық нысан бой көтереді. Шалғайдағы ауыл­дарда 15 дәрігерлік амбулатория мен 39 фельдшерлік-акушерлік, 5 медициналық пункт іске қосылмақ. Өңірде қабыл­данған іс-шаралар нәти­жесінде кейінгі 2 жылда ден­сау­лық сақтау нысандарын жа­ңарту деңгейі 50 %-дан асқан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір ғана шалғай Алакөл ауданында ұлттық жоба аясында 9 заманауи денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Олар: Екпінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарындағы 3 дәрі­герлік амбулатория, Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызыл­­қайың, Қайнар, Ақжар ауылдарындағы 6 фельдшерлік-акушерлік пункт. Жалпы, Ақжар ауылын­дағы ФАП-тың дайын­дық дәрежесі шамамен 40%-ды құрайды. Мердігер ұйым өкілі Құрбанәлі Омаровтың ай­туын­ша, құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған.

«Біздің міндетіміз – нысан салу, іргелес аумақты абаттандыру, қоршау орнату. Сон­дай-ақ 35 млн теңгеге жуық сомаға заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға өтінім бердік. Яғни нысанды дайын күйде тапсырамыз. Шеттен келген мамандардан басқа 10 жергілікті тұрғын тартылған, қажетті техника жеткілікті. Бір сөзбен, құрылысты мерзімінде орындауға барлық мүмкіндік бар», дейді Қ.Омаров.

Ақжар ауылында 1500 адам тұрады. Салынып жат­қан фельдшерлік-акушер­лік пункт 60-жылдары салынған, бейімделген ғима­рат­та орна­ласқан ескірген меди­цина­лық пункттің орнына салынады.

«Ауылдағы медпункт ескір­ген, нормалар мен талап­тарға сәйкес келмейді, қыста медпункт болады. Сондықтан да ауыл тұрғындары өздерінде заманауи денсаулық сақтау мекемесінің пайда болуы­на, медициналық қызмет көрсету сапасының артуына өте қуанышты. Шілде айында ауылдық округтің Қоңыр ауылында блокты-модуль­ді медициналық пункт іске қосылды. Өткен жылы мұнда мек­теп жөнделіп, 150 орын­дық жаңа мәдениет үйі салын­­ды. Мұның бәрі ауыл тұрғын­дарының өмір сүру сапа­сын арттыруға тікелей әсер етеді», дейді Ақжар ауыл­дық ок­ру­гінің әкімі Елес Жапар­ға­лиев.

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров атап өткендей, жергілікті бюджет есебінен ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында өңірде блокты-модульді медициналық пунк­т­тер салынып жатыр.

«Алакөл ауданына келе­тін болсақ, өткен жылы Қарлы­ғаш, Байзерек, Ынталы ауыл­дарында блокты-модульді медициналық пункттер орнатылды. Биыл осын­дай нысандар Бибақан, Арқа­рлы, Қоңыр ауылдарында пайда­лануға берілді. Сондай-ақ Достық, Қабанбай, Ақтүбек ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. Жыл соңына дейін аудандық аурухана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 200 төсек­тік стационары бар орталық емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», дейді А.Жансеңгіров.

Кейінгі екі жылда Алакөл ауданына инфрақұрылымдық, әлеу­меттік нысандардың құры­лысына, сондай-ақ жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 32,2 млрд теңге бөлінді.

Облыс әкімі баспасөз қыз­метінің мәліметінше, өңір­дегі медициналық кадр­лар­дың тапшылығын азайту мақсатында биылдан бас­тап көтерме ақы төленеді. Енді өңірге келген дәрігерлер ауыл­дық жерде жұмыс істейтін болса, 10 млн теңгеден, қалада жұмыс істеген жағдайда 5 млн теңгеден алады. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, өткен жылы өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 8%-ға төмендеген.

«Облыс әкімі Бейбіт Исабаев­тың бастамасымен облы­сы­мызға кәсіби медициналық кадр­ларды тартуға біржолғы көтерме ақы төлеу туралы шешім қабылданды. Биыл осы мақ­сатқа 595 млн теңге бөлінді. Осы кезеңде ауылдық жерлерге келген 9 дәрігерге 10 млн теңгеден, ал қалаға келген 16 дәрігерге 5 млн теңгеден төленді. Биылғы шілдеден қазанға дейін жұмысқа қабылданған тағы 45 дәрігерге жыл соңына дейін көтермеақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл қолдауды ­3 айлық сынақ мерзімінен сәтті өткен жағдайда алуға болады. Өңірдің медициналық мекемесінде 5 жыл жұмыс істеу қажет. Қазірде бізге 186 маман жетіспейді, жыл соңына дейін олардың саны азаяды. Сол тұрғыда бұл мәселені шешуде біржолғы көтермеақы төлеу – жақсы демеу», дейді А.Жансеңгіров.

Айта кетейік, жыл сайын облысқа 80-ге жуық жас маман келеді. Солардың бірі – 17 жылдық еңбек өтілі бар хирург Нұрмұхамед Байжанов, ол Қабанбай ауылындағы Алакөл аудандық орталық ауруханасының бөлімшесіне жұмысқа тұрған. Ауылдық ауруханаға 6 ай бұрын келіп, қолдау ретінде 10 млн теңге көлемінде көтерме ақы алған. Жергі­лікті әкімдік отбасын қажет­ті тұрғын үймен қам­тамасыз етті.

«Жұмыс оңай емес, кі­ші­гірім жарақаттарды қос­пағанда, күніне 2-3 күрделі опера­ция жасалады. Бірақ біз, дәрігерлер, бұл жолды өзіміз таң­дадық. Басты міндетіміз – науқас жандарға көмек­­тесу. Адамдар ауыр жара­қатпен түскен күрделі жағ­дайлар да болды, ондай сәт­те минуттың өзі маңызды. Барлық жауапкершілікті өзіңе аласың. Менде 4 сертификат бар. Өзім жалпы ересек, жалпы балалар хирургімін, балалар травматологімін, балалар ортопедімін, балалар урологімін. Сондықтан емшектегі сәбилерге дейін түрлі операция жасай аламын. Бөлімде лапароскоп аппараты барлығы қуантады, бұл кез келген ауруханаларда бола бермейді. Ал заманауи медициналық жабдықты пайдалану жұмысты бірнеше есе жеңіл­детеді, операциядан кейін нау­қастың қалпына келу үдері­сін жеделдетеді», дейді маман.

Алакөл ОАА дирек­торы­ның орынбасары Эльмира Серікованың айтуынша, 5 жаңа маман – 2 хирург, 2 реаниматолог, 1 акушер-гинеколог арнайы бағдарлама арқылы қабылданды, оларға 10 млн теңгеден төленді.

Сондай-ақ өңірде медици­налық кадр тапшылығы проб­лемасын шешумен қатар, ден­саулық сақтау инфра­құ­ры­лымын дамытуға қатысты түрлі іс-шара қабылданып жатыр. 2024 жылдың соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысан­дары 94 ауылда пайдалануға беріледі, оның ішінде: 3 – жаңа құрылыс, 27 – блокты-модуль­ді медициналық пункт, 59 – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде, тағы 5-еуі күрделі жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, облыста қа­был­данып жатқан іс-шара­лар­ нәтижесінде 261 ден­саулық сақтау нысанының 136-сы жа­ңар­тылады, жаңарту деңгейі 52%-ды құрайды.

 

Жетісу облысы