Энергетика • 10 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі электр генерациясының негізгі үлесін көмір электр стансалары қамтамасыз етеді. Бұл әдіс салыстырмалы түрде арзан болғанымен, экологияға үлкен зиян келтіреді. Сарапшылардың айтуынша, парниктік газдар, күкірт пен азот оксидтері, бөлшек шығарындылары ауаның ластануына, климаттың өзгеруіне, халықтың денсаулығына едәуір қауіп төндіреді. Атом стансалары болса, жұмыс кезінде көмір­қышқыл газы мен басқа да парниктік газдарды шығармайды. Жаһандық жылыну мәселелеріне қарсы күресте ядролық энергияны маңызды құралға айналдырған да – осы қасиеті. Әсіресе көмір мен мұнайды кеңінен пайдаланатын елдерге экологиялық жүктемені азайтуға әжептәуір септігін тигізген.

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Сурет: ru.freepik.com

«Ең алдымен айқын фактіні мойындау керек. Еліміз елеулі энергетикалық сын-тегеуріннің алдында тұр. Экономикамыз өсіп, халық саны артып келеді. Сәйкесінше, энергия қажеттілігі де тұрақты ұлғайған. Жақын арада қолданыстағы қуаттар осы сұраныстарды қанағаттандыра алмай қалады. Солай болған жағдайда электр энер­­гиясының тапшылығына тап боламыз. Сөйтіп, дамудың барлық саласы тежеледі. Бізде қазірдің өзінде үрейлі климаттық өзгерістер бар. Құр­ғақшылық жиілеп, жер тозып, күн райы­ның төтенше құбылыстарының саны артып жатыр. Мұның бәрі қолданыстағы энергия көздерінен парниктік газдың шығуына байланыс­ты. Демек біз мүмкіндігінше тезірек экологиялық таза технологияларға көшуіміз керек», дейді «EcoJer» қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов.

Расында, қазба отын қоры шектеулі, тіпті уақыт өте келе сарқылуы мүмкін. Олардың бағасы да нарықтағы тұрақсыздықтарға байланысты жиі өзгереді. Ал АЭС ұзақмерзімді энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етпек. Өйткені уран ресурс­тары біраз уақытқа жеткілікті болады деген есеп бар. Оған аз кө­лемдегі отынды пайдаланып, үлкен көлемде энергия өндіру қабілетін қосыңыз. Ядролық энергияның энергия тығыздығы да өте жоғары. Яғни бір кило ядролық отыннан қазба отындарына қарағанда әлдеқайда көп энергия алуға болады.

Референдумға дейін қоғамдық талқылау­ларда жиі қойылған сұрақтардың бірі АЭС-тің Балқаш көлі­не қалай әсер ететіні туралы еді. Қазір сарапшы­­лар реакторларды салқындатуға пайдаланыла­тын су көлге оралмайды, бұл термиялық немесе радиоак­тивті ластану қаупін толығымен жояды деп жүр.

«Барлық технологиялық шешімдер техника­лық құжаттамада нақты бекітілуге, елдің қолда­ныстағы экологиялық заңнамасына сәйкес қор­ша­ған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуге тиіс. Осылайша, ұзақмерзімді экономикалық перс­­пектива тұрғысынан атом электр стансасы тиімді шешім болады. Жоғары бастапқы инвестицияларға қарамастан, электр энергиясын өндіру құны стансаның бүкіл өмірлік циклі бойы тұрақты болып қалады. Ең бастысы АЭС еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді», деді сарапшы.

Түсінгеніміз, ядролық энергетика қауіпті деген стереотиптерге қарамастан, қазіргі заманғы технологиялар мен қауіпсіздік шаралары атом стансаларының қауіпсіздігін арттырды. Мысалы, соңғы буындағы реакторлар өздігінен салқындау қабілетіне ие, бұл апат қаупін азайтады. Сонымен қатар АЭС салынған мемлекеттердегі ахуалды халықаралық ұйым­дар кірпік қақпай қадағалайды. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық мате­риал­дарды дұрыс пайдалану, экологиялық қауіп­­терді азайту мақсатында МАГАТЭ мен басқа да ұйымдар елдерге тексеру жүргізеді. Бұл шаралар ядролық энергетиканы дұрыс пайдалану мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.