Спорт • 11 Қазан, 2024

Дзюдодан әлем чемпионаты елімізде өтеді

118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ербол Мырза­босынов Мажар­станның астанасы – Будапештке сапары барысында Ха­лықаралық дзюдо федера­циясының (IJF) президенті Мариус Визермен кездесіп, 2027 жылғы ерлер мен әйел­дер арасындағы әлем чемпионаты елімізде өтетіні туралы ортақ мәмілеге келіп, келісімге қол қойды.

Дзюдодан әлем чемпионаты елімізде өтеді

Жоғарыдағы жаңа­лықты барша қазақ жанкүйерлері жылы қабылдады. Себебі, бұл жарыс Олимпия ойындары қарсаңында өтеді. Яғни төртжылдықтың бас­ты додасына қатысатын дзюдо күресінің хас шеберлерінің басым бөлігі дәл осы байрақты бәсеке барысында анықталады. Бұл жағдай біздің командаға 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын жа­рысқа толық құрамда аттануға тамаша мүмкіндік туындатып отыр.

2015 жылдың тамыз айы­ның соңғы күндері әлем чемпиона­тының Астанада дүркіреп өткені әлі есімізде. Сол кезге дейін еліміздің дзюдошылары дүние­жүзілік додада небәрі бес жүлде ғана алған еді. Тарқатып айтсақ, 2001 жылы Мюнхендегі майданда қос Асхат – Житкеев пен Шахаров қола медальды мойындарына ілді. 2009 жылы Роттердамда Максим Раков алтын алса, 2011 жылы Парижде күміспен күптелді. 2013 жылы Рио-де-Жанейрода Азамат Мұқанов финалға дейін алқынбай жетіп, финалда Жа­по­нияның даңқты балуаны Ма­саши Эюунимаға есе жіберді.

Астанадағы жарыста аса жеңіл салмақта күрескен қазақтың екі бірдей алтын асықтай азаматы – Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев бас жүлдені өзара сарапқа салды. Бұл тартыс Елдостың пайдасына шеші­ліп, ол әлем чемпионы атанса, Рус­там күміс медальді қа­нағат тұтты. Бұрын-соңды жаһан­дық жарыстың финалында қан­дастарымыз бір-бірімен белдескен емес. Сол кезде жеңіс тұғырында қос қазақтың қатар тұрғанын көргенде, қуанбаған, шаттанбаған, марқаймаған, кеудесін мақтаныш сезімі кернемеген жанкүйер жоқ шығар, сірә!

Елімізде өткен әлем чемпио­наты ел дзюдосының дамуына тың серпін берді. Татамидегі табысымыз еселеніп, көптеген дүбірлі додада олжаға кенелдік. Содан бергі тоғыз жыл аралығында Отгонцэцэг Галбадрах (2017, 2018 жылдары қола), Ерлан Серікжанов (2018 жылы күміс), Елдос Сметов (2019, 2022 жылдары қола), Ғұсман Қырғызбаев (2021 жылы күміс), Әбиба Әбужақынова (2022, 2024 жылдары қола) әлем чемпионатында жүлделі орындарды иеленді. Оған Олимпия ойын­дардағы табыстарымызды қо­сыңыз. Сәл ертеректе, 2008 жылы Бейжіңдегі бәсекеде Асхат Жит­кеев күміске қол жеткізсе, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Елдос күміс, Отгонцэцэг қола медальға ие болды. 2021 жылы Токиода Сметов қола медальды қоржынға салды. Ал биыл Парижде Елдос тарихта қалатындай тағы бір үлкен іс тындырды. Тараздың тарланы елдің дзюдошылары арасынан шық­қан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде өз есімін спорттық ше­жіреге алтын әріптермен жазды. Ғұсман қола жүлдені олжалады. Нәтижесінде жерлестеріміз жалпы командалық есепте жетінші орынға табан тіреді.

Міне, енді 2027 жылы төрткүл дүниенің дзюдошылары қайта қазақ топырағында бас қосқалы жатыр. Аталған жарыс қай қалада өтетіні әлі нақтыланған жоқ. Аста­на ма, әлде Алматы ма? Бірақ ол ма­ңызды емес. Ең бастысы, дзюдо десе делебесі қозып, қаны қызатын мыңдаған қазақ жан­күйеріне осы керемет спорттық шараны көруге тамаша мүмкіндік туындап отыр.

Бұл күндері Алмас Алсенов есімді қазақтың іскер жігіті Халық­аралық дзюдо федерация­сында лауазымды қызмет атқарады. Ол «IJF» президентінің кеңесшісі. Яғни Мариус Визердің оң қолы деп айтсақ та болады. Алмастың өзі де кезінде жақсы күрескен. Бірқатар халықаралық жарыста жеңіс тұ­ғырына көте­ріліп, еліміздің ұлт­тық құра­масы сапында өнер көрсетті. Кейін­нен Қазақстан дзюдо фе­дерациясының вице-президенті, Азия дзюдо одағының маркетинг жөніндегі директоры, Еуропа дзюдо одағы президентінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде ол «IJF»-та ең­­бек етеді. Әл­сеновтің осындай белді ұйымда бас­шылық қызмет атқарғанының пайдасы Париж Олимпиадасы барысында анық байқалды. Жаны әр кез әділ­дікті қалайтын қандасымыз төрт­жылдықтың басты додасында отандық дзюдошыларымыздың бірде-біреуіне қиянат жасалуына жол бермеді. Міне, енді Алмас Жеңісұлы әлем чемпионатының қайта қазақ топырағына оралуы­на сүбелі үлес қосып отыр.

Жоғарыда айтылған жағымды жаңалықты естіген бетте бұл күндері Швейцарияда тұрып жат­қан «IJF» президентінің кеңес­шісімен хабарластық. «Әлем чем­­пионатының елімізде ұйым­дастырылуы өте маңызды оқиға. Оның үстіне, бұл жарыстың жалауы Олимпия ойындары қарса­ңында желбірейді. Сонымен қатар елімізде Халықаралық дзюдо ака­демиясының (IJF Acadey) филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойдық. Ол жерде балуандардың еш алаңсыз даярлануға барлық жағ­дай жасалуымен қатар, ғылым мен медицинаны да қатар алып жүру көзделіп отыр. Оған да ай­рықша мән беріледі. Семинарлар мен тренингтер өтіп, төрешілер мен бапкерлердің біліктілігін арттыруға арналған арнайы курстар ұйым­дастырылады. Басқа да толып жатқан шаруалар бар. Соның барлығы да Академияда жүзеге асырылады. Осы іс-ша­ралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт сала­сында жүйелі өзгерістер енгізу жөніндегі тапсырмасымен толықтай үйлеседі. Бұл жоба – спорттық инфра­құрылымдарды модернизациялау, жоғары дәре­желі мамандарды даярлау туралы бағдарламаны орындаудың бірден-бір жолы. Сөз орайы келгенде, осы жобамызды қолдаған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мыр­заға зор алғысымды білдіргім келеді», – дейді Алмас Әлсенов.