Ұстаз • 11 Қазан, 2024

Шәкірт жүрегіндегі ұстаз

938 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мектепте сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен озық үлгілерін мұрат еткендердің бірі Құсиын Айтқалиев еді. Махамбет ауданындағы Алға орта мектебінің директоры болған жылдары оның есімі КСРО көлемінде В.Шаталов, Е.Ильин, Ш.Аманошвили секілді жаңашыл педагогтермен қатар аталатын. Өйткені ол қазақ тілі материалдарын блоктап оқыту әдісін қолданды.

Шәкірт жүрегіндегі ұстаз

Елімізде «Айтқалиевтің атаулы мектебі» атауымен озық тәжірибесіне сүйен­ген ғылыми-тәжірибелік кон­фе­­рен­циялар, арнайы сабақтар өт­кі­­зіле бастады. 1980 жылы 12 ма­­мыр­да ұзақ жылғы абыройлы ең­бегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Алқа­сының Жарлығымен Құсиын Айт­қалиевке «КСРО Халық мұға­лі­мі» атағы берілді. Ол сол кезде осын­­­дай марапатқа ие болған Кеңес ода­­ғын­­дағы бес ұстаздың біреуі болды.

Екі жыл бұрын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Халық мұғалімі» Құсиын Айтқа­лиевке арналған «Рухани жаңғыру: Жаңартылған білім беру және тәр­бие» атты республикалық ғы­лы­­ми-тәжірибелік конференция­да Оқу-ағарту Ғ.Бейсем­баев әр өңір­дің ардақты тұлға­ларының саналы ғұмыры, дара жолы, атқарған абы­ройлы қызметі хал­қының шынайы шапағатына, үлкен құрметіне бөленіп, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болатынына тоқталған еді.

«Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген ұлағатты ұстаздарды ардақтау – ұлтымыздың қастерлі міндетінің бірі. КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаева, «КСРО Халық мұғалімі» атағының иегері Құмаш Нұрғалиевтің есімдері мыңдаған шәкірттің жадында жаңғырып, санасына нұр құйып келеді. Осындай шоқтығы биік ұстаздарымыздың бірі – Атырау топырағының аяулы перзенті «Ғасыр мұғалімі» даңқына бөленген Құсиын Айтқалиұлы. Ол өзінің өнегелі өмірін, бар қажыр-қайратын туып-өскен ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға, білім ордасына басшылық жасауға арнады. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде алыстағы ауыл мектебін еліміздегі ең таңдаулы оқу ордаларының біріне айналдырды. Педагогикалық озық тәжірибені зерттеп, респуб­лика мұғалімдеріне насихаттау мақ­­сатында 1989 жылы Үкімет шеші­мі­мен құрылған Қ.Айтқалиевтің атау­лы мектебі бірнеше толқын ұстаз­дардың шеберлігін шыңдап, бау­лып шығаруға зор ықпал етті», деді министр.

Республикалық ғылыми-тәжіри­белік конференция қабыл­даған шешіммен шәкірттері халықаралық, республикалық пәндік олимпиадаларда үздік атанған ұстаздарға Құсиын Айтқалиев атындағы «Үздік педагогикалық табыстары үшін» төсбелгі белгіленді. Бұл марапат жыл сайын бір рет ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында табысталады.

Жаһандану дәуірінде жаңаша ойлау, жаңаша оқыту әдістері енгі­­зіл­генімен, атақты ұстаздың сабақ берудегі жаңалыққа толы тәжі­рибесі ұмытылмағаны жөн. Осыған орай Қ.Айтқалиевтен білім алған, тәрбиесін көрген, дара мектебі­нен шеберлік тәлімін үйренген шәкірт­тері мен көзкөрген әріптес­тері «Халық мұғалімі» атты кітап шығарды. Кітаптың біразы қала, ауыл мектептерінің кітапханаларына таратылды. Бірнеше данасы Алматы мен Астанадағы білім ордаларына жіберілді. Аталған кітапты Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевқа табыстаудың сәті түсті. Министр бұл еңбекке еліміздің педагог­тері үшін маңызды әрі қажетті әдістемелік-көмекші оқу құрал деп баға берді. Ол атақты ұстаздың есімін қастерлеуді тапсырып, осы мақсатта Атырауда ауқымды іс-шара өткізу мәселесін көтерді.

Қ.Айтқалиев атындағы атаулы мектептің жұмысына салалық министрлік, Ы.Алтынсарин атын­­да­­­­­­ғы Ұлттық білім академиясы қамқор­лық жасап, қолдау көрсетіп отырды. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс, ұйғыр мектептеріндегі қазақ тілі пәндері бойынша мемлекеттік білім стандартын, үлгілік оқу бағдарламаларын, жаңа буын оқулықтарын жасауға осы атаулы мектеп мүшелері Гүлтас Құрманбаева, Сәбит Дүйсебаев, ақтаулық Жәмиға Нағметова сияқты ғалым-әдіскерлер қатысып, авторлық құрамда еңбек етті. Қ.Айтқалиевтің өзі шәкірті Гүлтас Құрманбаевамен бірге 5-сыныпқа арналған жаңа буын оқулығын жазды. Бұл оқулық 2001 жылдан бастап республика мектептеріне енгізілді.

Құсиын ағай шәкірттеріне «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәр­селермен озады» деген Абай­дың пікірін жиі насихат етеді екен. Сол ­сипат оның жеке тұлға­сына нақ келетіні анық. Өз ісіне адам­ның адал­дық, ізденімпаздық, пара­сат­тылық, кісілік, кішіпейілділік, жо­март­тық, жайсаңдық секілді қа­сиет­терін бағ­дар тұтты. Осындай асыл қасиет­тердің бәрі ұлғатты ұстаз Қ.Айт­қа­лиевтің бойынан табылатын. 

 

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Атырау облысы