Аймақтар • 12 Қазан, 2024

Экономика жанданса, тұрмыс түзеледі

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс экономикасының дамуы туралы сөз қозғағанда алдымен ауылдық елді мекендерді ескерген абзал. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіріп, ауылдық округтердің қаржылық, экономикалық мүмкіндігін арттыруға өздерінің бюджеттері ашылғаны белгілі. Бұл республикалық, облыстық, аудандық (қалалық) бюджеттен кейінгі төртінші деңгейдегі бюджет деп аталды. 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысында осы бюджетке төрт түсім көзі берілген. Бұлардан түсетін түсім орта есеппен 417 млн теңгеге бағаланған. Ал 2023 жылы төртінші деңгейдегі бюджеттің түсімі 2,9 млрд теңгеге жетті.

Экономика жанданса, тұрмыс түзеледі

Сурет: ru.freepik.com

Бұған бұрын салық алынбаған шағын бизнестен түсетін түсімдер қосылған еді. 2024 жылға төртінші деңгейдегі бюджетке 3,7 млрд теңге жинау жоспарланған. Ауылдық округтің өз қаражатының болғаны көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етті. Мемлекеттік органды ұстаудың шығындарынан басқа ауылдық округке қарайтын ауыл­дар­ды жарықтандыру, елді ме­кен­дердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру және қыстыгүні қар тазалау сияқты мәселелер осы бюджет есебінен шешілді. Жыл өткен сайын түсімі арта түссе, жергілікті елді мекендер де игілігін көбірек көрмек. Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстанның ауылдық елді мекендері түнгі мез­гілде самаладай жарқырап тұрады. Мұның өзі ұрлық, жастардың бұза­қы­лығы сияқты қылмыс түрлерінің азаюына сеп болып отыр.

Жуырда облыс әкімінің эконо­ми­калық секторды қадағалайтын орынбасары Қанат Дүзелбаев ауылдық елді мекендерді дамыту­дың басқа жолдары туралы да айтып берді. Биыл ауылдағы шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан 11,9 млрд теңге бөлініпті. Әлеуметтік кодекс шең­бе­рінде ауылдағы бизнес бас­та­­маларын қолдауға 400 АЕК көле­мін­де гранттар беру қарас­ты­рыл­ған.

«Бүгінге дейін 230 грант беру қарастырылды. Ал 2023 жылы жас­тардың кәсіпкерлігін дамытуға барлығы 650 млн теңгенің 150 микрокредиті берілсе, соның 562 млн теңгесі ауылға, яғни 131 жас кәсіпкерге берілді. 35 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі осы гранттардың арқа­сын­да ашылды», деді Қ.Дүзелбаев.

Дегенмен аудан әкімдеріне осы тараптағы жұмысты белсенді жүргізу қажет екен. Бұл істе кейбір әкімдер тіпті шабандық танытып отыр. Жастар белсенділігін арттыру бағытында ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Керісінше, бастамамен келген жастардың қанатын қырқып, қолдаудың орнына сергелдеңге салып қоятын әкімдіктер бар көрінеді.

Өңірдегі бюджет шығынының басым бөлігі (барлық шығынның 33 пайызы) білім саласына кетеді. Былтырғыдан 13,5 пайызға артып, 157,3 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде 6,1 млрд теңгеге білім саласының 53 нысаны күр­­делі жөндеуден өткізілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шең­берінде 2,7 млрд теңгеге 22 ауылдық елді мекеннің білім беру нысаны жөнделген. Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылында 120 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы бойынша 2 мектеп­тің құрылысы аяқталып, тағы еке­уін са­лу қолға алынған. «Қазір Солтүстік Қазақстанда апатты мектеп деген атымен жоқ, бәрі де жаңа, ескінің бәрі күрделі жөндеуден өтті», дейді Қанат Дүзелбаев.

Былтыр «Ауылдағы денсаулық сақтау жұмысын жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 8 нысан салынып, пайдалануға берілген. Биыл тағы 38 нысанның құрылысы қолға алынған. Соның ішінде Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде осы заманғы емхана құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Аудандық ем орын­дары жаңадан 9 санитарлық авто­көлікке ие болды. Сонымен қатар флюорография, рентген, УДЗ аппараттарын алуға қосымша 5,2 млрд теңге бөлінген. Алайда об­лыс­тағы ем орындарының мәсе­ле­сі толық шешілді деп айту қиын. Бүгінге дейін барлық ем орнының тозуы 75 пайызға жеткен. Облыс бас­шыларының алдында осы күр­делі мәселені шұғыл қолға алу мін­деті тұр.

Биыл облыстың мәдениет ны­сан­дарын күрделі жөндеуден өткі­зу­ге барлығы 2,7 млрд теңге бөлі­ніп, 17 ғимарат қалпына келті­ріл­ген. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауыл­дық елді мекендердің 5 мәде­ниет нысаны 659 млн теңгеге жөн­деліпті. Есіл ауданындағы Николаевка, Тимирязев ауданын­дағы Дмитриевка, Ақсуат сияқты үш ауыл­да мәдени-демалыс орта­лық­­тары бой көтерген.

Ал жол салу мен жөндеу жұ­­мыс­­тарына 84,7 млрд теңге қара­жат бөлінді. Ол 878 ша­қырым жолдарды жөндеуге жұмсалып жатыр. Соның ішінде Петропавл қаласының 57 көшесінің жолы жөнделіп жатыр. Оған 7,4 млрд теңге бөлінген. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, алдағы төрт жылдың ішінде бағдарламаға сәй­кес жылына 5 млрд теңгеден бөлініп отырса, Петропавлдың барлық көшесіне асфальт төсел­мек. Қазірдің өзінде орталық көше­­лерде тұратын Петропавл тұр­ғындары жөні түзу жолдарға қол жеткізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы