Тұлға • Бүгін, 10:00

Тұғырға қонған қылқалам шебері

36 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ бейнелеу өнерін әлемге мәшһүр еткен Әбілхан Қастеевті қалай ұлықтасақ та жарасады. Мынау байтақ даланың қасиеті мен өсиетін кенеп бетіне қондырған шопан баласы Сарыжүрек шыңынан сыр суырды. Осылайша, қылқаламды жанына серік етіп, өр елінің өнерін кең арнаға ұластырды. Міне, «Мен суретті қойдың құлағынан, таудың бұлағынан, әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» деп талантын туған жерден тартқан алып тұлға ғасыр аттап, Жетісу төрінде тұғырға қонды.

Тұғырға қонған қылқалам шебері

Бірегей талант алты жасынан арман қуған. Ашутастан құлаған Шежін өзеніндей талаптың тұлпарын ерттеді. Дала сырын құтты мекен, құсни қоныстағы шопан бала кезінен сезінді. Сөйте жүріп қазақ бейнелеу және кескіндеу өнерін күллі әлемге мойындатты. Елінің өмірі мен мәдени тірлігін, этнографиясын, тұлғаларын қылқалам құдіретімен алыс-жақын шетелге танытты. Міне, осынау ұлт мақтанышының 120 жылдық мерейтойын жетісулықтар ерекше атап өтті. Талдықорған төрінде еңселі ескерткіші орнатылды. Ғылыми-танымдық конференция өрнек тапты.

Облыс орталығындағы Көр­кем­өнер галереясы аула­сына орнатылған тастұғыр ерекше салтанатпен ашылды. Рухани шараның шымылдығы баба өмірінен сыр шертетін қойылыммен түрілді. Бикен Римова атындағы драма театр әртістері көрсеткен шағын көріністе қылқалам шеберінің бала шақтан болашаққа дейінгі бейнесі мен арманы, өнегелі өмірі суреттелді. Қойылымнан кейін сал­танатты жиынның құттықтау сөзін облыс әкімі Бейбіт Исабаев алды.

«Әбілхан Қастеевтің 120 жыл­дығы – Жетісудың ғана емес, тұтас еліміздің, өнерсүйер қауымның, руханияттың тойы. Әбілхан атамыз – қазақ халқының кәсіпқой көркемсурет өнерінің тұма бас­тауы, тұңғыш суретшісі. Соңына құнды мұраларын мол қалдырған біртуар талант иесі. Ол кәсіби сурет өнерінде қарапайым өмір философиясына, ұлттық дүниетанымға арқа сүйеді, сол арқылы туған халқының тарихы мен өмір салтын бейнелеп берді. Қазақ бейнелеу өнерінің дарабозы Әбілхан Қастеевтің суреттері тек еліміздің көрмелері мен мұражайларында ғана емес, Америка, Мексика, Бразилия, Канада, Франция, Мажарстан, Болгария, Үндістан, Индонезия, Италия сияқты бейнелеу өнерін қастерлей білетін елдерде басқалардан бұрын танылды. Бүгінде Қастеев туындылары еліміздің көптеген ірі мұражайында сақтаулы», деді Б.Исабаев.

Ақжарма тілектен кейін облыс әкімі, мемлекет және қоғам қай­рат­кері Мырзатай Жолдасбеков, мемле­кет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлта­нов, тектінің тұяғы Гүлдария Әбілханқызы, Қазақ­стан Су­рет­­­шілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов салтанатты түрде еңселі ескерт­кіштің шымылдығын түріп, лентасын қиды.

Ұзындығы 4, 20 метр болатын, 1 тоннадан асатын еңселі тастұғыр көрген жанның көз жауын алар­лықтай. Әбілхан бейнесін айнытпай соққан мүсіншілер Ринат Абенов пен Ербол Зиябековтің еңбегі зор.

«Осынау құтты мекенде қо­бызшы Молықбайдан бастап небір асыл азамат өмір сүр­ген. Солардың бәріне осындай ес­керт­кіш қойса, жарасар еді», деп тебіренген Мырзатай Жолдасбеков өз кезегінде идея­сын қолдап, ескерткіштің еңсе тіктеуіне мұрындық болған, өнерге жанашырлық танытқан Бейбіт Өксікбайұлына алғыс білдірді. Ал Қуаныш Сұлтанов алты Алаштың арысы болған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердей бірегей тұлғалардың рухтарын асқақтатып, ұлттың ұжданы берік болуы ұлыларды құрметтеуден аңғарылатынын жеткізді, күллі жетісу­лықтарды, қала берді өнер­сүйер қазақ жұртын қуанышпен құттықтады.

«Менің әкем осындай шұғы­лалы, жаны жылы адам еді. Жайнап жүретін. Айналасына тек жақ­сылығы мен шарапатын көр­се­тетін. Осы орайда еңселі ескерткішті орнатуда жоба авторы Мырзатай Жолдасбековке, заманында Алматыдағы музейге әкемнің атын беруге атсалысқан Қуаныш Сұлтановқа, бүгінгі салтанатты Жетісудың төрінде өткеруге ұйытқы болған облыс әкіміне айрықша алғысымды жеткіземін», деп Гүлдария Қастеева тебіренсе, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов ұлы тұлғаның сырлы өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Алыс-жақыннан ат арытып келген меймандар галереяға кіріп, баба қаламынан туған суреттерді тамашалап, көрмеге көзайым болды.

Біртуар талант, бейнелеу өне­рінің көшін бастаған Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына ар­налған іс-шара ғылыми-таным­дық конференцияға ұласты. Ілияс Жансүгіров атындағы Мә­дениет сарайында өткен конфе­рен­цияның алғысөзін Бейбіт Исабаев айтып, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков пен Қуаныш Сұлтановқа «Жетісу облысының құрметті азаматы» атағын тапсырды.

Сонымен қатар марапатқа ие болған ел зиялыларының әрі Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлының қатысуымен қос бірдей тың туындының тұсаукесер салтанаты өткерілді. Айталық, баба тойында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген «Әбілхан Қастеев» және «Өмір мектебі» кітабы оқырманға жол тартты. «Тұғыры биік тау тұлға» атты республикалық кон­фе­ренцияны Қазақстанның Ха­лық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы ашты. Классик жазушы бейнелеу өнерінің атасы туралы тебірене баяндап берді. Өмірде жолыққан сәттерін, есті естеліктерін елімен бөлісті. «Қазақтың маңдайына біткен үш бірдей ұлы тұлғаның бірі – Әбілхан», деп әспеттеп, ойын тарқатты. Классик жазушының жан тебірентер сөзінен кейін Сурет­шілер одағының мүшесі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Махамбет Сейсенхан тұлға туралы толғанса, Сурет­шілер одағының мүшесі, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Жанұзақ Мүсәпір «Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы», өнертанушы Әйгерім Еспенова «Әбілхан Қастеев шығармашылығы – ұлт мұрасы», Ә.Қастеев музей-үйінің жетекшісі, әбілхантанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразхан «Қазақ бейнелеу өнерінің көшбасшысы» деген тақырыптарда баяндама жасады.

Суретшінің «Өнер адамы ізденбесе, өмірді көруден, оны сезінуден қалады. Жақсы шығарма ойдан тумайды, өмірден туады. Жетісу табиғаты, оның таулары мен өзендері көзімді жұмар болса да, көкірегімде сайрап тұрады», деген сөзі жаныңа жылылық ұялатады. Әбілхан Қастеев ғұмырында төрт мыңға жуық сурет салған.

Шығармаларының басым бө­лігінде, тіпті барлығында дер­лік туған жер тағдырын өзек еткен. Оған «Түрксіб», «Бие сауу», «Амангелді сарбаздары», «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қос құрбы», «Қыз ұзату» сынды туындылары айғақ. Ол бейнелеген Абай, Шоқан, Амангелді, Біржан, Балуан Шолақ, Кенесары, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Мәншүк бей­нелері – асқан шеберлікпен салынған портреттер. Міне, осындай шығармашылық түзген, қазақ бейнелеу өнерінің ғана емес, әлем классиктерінің жоғары бағасын алған ұлт мақтанышының мерейтойына арналған конференцияда тұлғаның тұтас ғұмырына шолу жасалды. Ескерткіштің ашылуы, кітаптың тұсаукесері, тұлғалар баяндамасы мен лебізі келген меймандар мен жетісулықтарды шын сүйсіндірді.