Тарих • 15 Қазан, 2024

Кенекемнің қайраткер қызы

307 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Тегінде бар тегін болсын ба?

Қайсыбір жылы жас күнімнен бергі арма­ным­ның біріне қанат байланып, телеарнадан хабар жүргізе бастадым. Мақсат – ұлт өміріне қа­тысты рухани, рухи әлемге кең өріс беру, түр­лі тақырыпта терең, интеллектуалды әңгі­ме өрбіту, айналып келгенде өзім әу бас­тан құмыға кірісіп, ақпараттық айналымға ен­дір­ген «Тұлғатану» жобасының мазмұн-ма­ғы­насын байыту, байтақтандыру. Бұл мақ­сатыма жеттім. 55 хабар дайындалды. Со­ның бірі – «Өзағаңның өнегесі». Хабарға қа­ты­са­тын жолдастарды іріктегенде, ең алдымен, Ғай­никен Айдарханқызы Бибатырова есіме түсті. Неге деңіз?

Кенекемнің қайраткер қызы

Біз бүгінгі күн рухани қажетіңді кейінірек өтеуі мүмкін кезеңде өмір сүретінімізді де еске алсақ, өткеннің өнегесіне сүйеніп, заманында айрықша қолтаңба қалдырған тұлғалар тәліміне оралып, ой түйгеннен ұтпасақ, ұтыл­маймыз. Осы хабарларды жүргізу барысында мені «ескішілдеу» деп жоғарыға сы­быр­­лауық пен жыбырлауықтың міндетін атқар­­ғандарға осы ой жо­сы­ғы тұрғысынан да пікір түюіне әбден болады. Есесіне сол хабар­да апай ашылды. Өзбекәлі Жәні­беков­тей халқына өлшеусіз қыз­мет етіп, уақыттың шең­беріне сыймаған тұлғаның қадір-қасиетін әр қы­р­ынан әңгімеледі. Кешегі мен бүгінгі тұл­ға­ның аражігін ашып, кем-кетігімізді қол­мен ұс­тат­қандай талқылап, «талқандап», ха­бар­дың өн бойын ажарландырып, тамырына қан жү­гіртті.

Ғайникен Бибатырова неге ұлтжанды, неге мемлекетшіл, тіпті неге қазақшыл болды деген сол заман үшін азапты да ардақты сауалға осы жазба бойында жауап таппақ жолына түскелі отырмын. Сол кезеңге тән дағдымен еңбек жолын комсомолдан бас­тады. Бірақ тегінде бар ұлық тәрбие оның жан дүниесін қызмет талаптарына сай сая­силандыра алмады. Уызынан ұстазға жарыды. «Мәскеу көрген» Бибатырова қай кезде де алдындағы көшбасшы асқар таудай ағаларынсыз сөз бастаған емес. Өмір жолында бағдар болған Х.Бектұрғанов, Ө.Жәнібеков, М.Есенәлиевтей арыстардың да «академиясын» бітіріп шықты. Өмірінің қай тұсында да ел үшін еміреніп еңбек етіп, есте қалған күндер аз емес қой. Соның бірі Димекеңнің ұсынысымен, Хасан Бектұрғановтың қолдауымен 13 жылдан астам уақыт Жамбыл облыстық партия коми­тетінің хатшысы болған күндердің аңызы мен ақиқатын сол өңірдің азаматтары әлі күнге кеуде толы сағынышпен еске алады. Бұл Ғайникен Айдарханқызының КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп келген 1973 жылдың көктемі еді. Димекеңнің батасын алған соң қашанда өзін бастық сезінбейтін, қазақы қалжыңның қоймасындай Хасан Шаяхметұлы «Ұсынысымды қабыл алғаныңа рахмет, бірақ 185 мың халқы бар облыстан екі кандидатқа жұмыс тауып бере алмай жүрер ме екенбіз?» деген әзілмен қарсы алады. Екінші кандидат Ғайнекеңнің жолдасы, отағасы, білікті ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Қамит Айтхожин еді. Әзіл деп отырғанымыз бекер емес. Әдетте партия қызметіндегі адам­дар­дың бұл қасиеті айтыла қалса, жеңілтектік көрі­нетін. Алайда Жамбыл облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Хасан Шаях­мет­ұлы Бектұрғановтың атағы жер жара тұрып, соншалықты кішілік пен кісілікті қатар ұстаған, қажет жерінде шопырымен де әзілдесе беретін азамат болғанын көзін көргендер көп айтады. Расында, Шерхан Мұр­та­­заның облысқа сапаршылаған қалам­гер әріп­тестеріне «Хасекеңмен кездескенде байқап сөйлеңдер, ол кісі әдебиетті өте жақ­сы біледі» деген ескертуі еске түсіп отыр. Қалай болғанда да ол кездегі хатшылардың басым бөлігі ойға кенен, сөзге шешен, өнер, әдебиет туралы түсінігі терең болатын. Олар ел басқарған адам ең алдымен идеолог болуы керек деген қағиданы қатаң ұстанатын. Осындай рухани деңгейі жоғары басшыға серік болу қайдан оңайға соқсын. Бақытына орай партиялық жұмыста тәжірибесі әлі толыса қоймаған Бибатырова осы қазанға түсті, қазан емес-ау, қазынаға кезікті. 13 жыл бойына сол қазынаны ортайтпаумен айналысты. Бұл жылдар облыс руханиятының дәуір­леу кезеңіне айналды. «Айша бибі», «Қара­хан» кесенелері қалпына келтірілді. Жергі­лікті жерден, аудандардан ансамбльдер өріп шы­ғып, халық қазынасының аузы ашылды, халық әндері мен билерін дамыту кең қанат жай­ды, жаңа сапаға көтерілді. Атақты «Алатау» ансамблінің, әйгілі үш трионың аты ас­пандады. Алтынбек Қоразбаевтың кон­сер­ваторияның дирижерлік факультетін біті­ріп келген кезі. Хатшы 25-тегі жас жігітке «Ала­тауға» көркемдік жетекші болуға ұсыныс жасайды. Алтекеңнің есіл-дерті дирижер болу. Ат-тонын ала қашады. Алайда өнер адамымен өз тілінде сөйлесетін, талантты тап басып танитын Ғайнекең тепсініп тұрған жас тұлпардың «жынын» қағып алып, сабасына түсіреді. Сөйтіп, бүгінде ел таныған өнер­паздың жолын ашқан да Ғайнекең еді. Оны­мен қоймай «Сағыныш саздары» атты кітабын да шығарып, қанаттандырады. Алтекең де бұл кісіні «өнердің өкіл әпкесі» деп атап кет­ті. Содан бері қазақтың жақсылары мен жай­саң­дарының осы облыстың еркесі мен сер­ке­сіне айналмағаны кемде-кем шығар. Атағы жер жарған Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Н.Тілен­диев­терге дейін Ғайнекеңе телефон шалып сөй­лес­песе, ия бір келіп кетпесе, көңілі орнына түс­пес еді. Ал енді Нұрағаның облысқа келген әр сапары – бір кітапқа хикая.

ап

Тегінде бар тегін болсын ба? Әкесі Айдар­хан ерте жасынан атқа мініп ұжымшар бас­қарған. Анасы Ажархан бар болмысымен ажарлы десе ажарлы еді. Көне жырлар­ды таңды таңға ұрып жатқа соғатын, өзі де өлең жазатын көкірегі қазына болған. Ке­йі­нірек өзі де қолына қалам тисе ойларын­ маржандай етіп түсіретін әдетімен: ­­«...Ме­нің әдебиетке, мәдениетке, әдемілікке жа­қын жүретінімнің сыры анам Ажарханға бай­ланысты-ау деймін. ...Кейде бір тұңғиық ой­ларға түскенімде: шіркін, анашым сол уақытта оқыса, тоқыса, шиеттей бала-шаға, біздер мазасын алмасақ, үлкен өнер иесі болар ма еді деп армандаймын» деп жазды. Оны айтасыз, өзі туып-өскен Бөрлітөбенің тумасы, белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев қиын заманда күнкөріс қамымен педагогикалық училищеге дәріс оқып жүргенде Ғайникеннің сызылтып скрипка тартып жүргенін көруі де – бір қызық дерек. Оның үстіне орталық телеарнадан «Жастар жұмасы» деген тікелей эфирді де жүргізген. Бозбала күнінен осындай рухани таным, түйсікпен ауызданған оның ұлт руханиятына жан-тәнімен қызмет етуі де еш таңсық болмаса керек. Өмірінің бай мазмұн мен мағынаға толы болуының сыры да халқымыздың ірі тұлғаларымен бірге жүріп, солардан алған тәлім мен тағылымда жатыр. Мына бір жайт осы ойымызға серпін берер еді.

Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығын өткі­зу жө­нін­дегі мерейтой комиссиясының төр­айы­мы қасына Қордай аудандық партия ко­ми­­­тетінің бірінші хатшысы Кравченконы ертіп, ақсақалға келеді. Қария арқасына 12 құс жас­тық қойып, кеудесін күміс сақалы жауып, ал­бырап отыр екен. Әуелде қалақтай қара қыз­дың сұр­қына сүйсіне қоймаған ақсақал: «Қа­ра­ғым, 80 жылдығымда тойдың соңы төбелес бо­лып, топалаңға айналып еді. Сенен гөрі есті­леу біреу табылмады ма?» деп әңгімеге аса құ­лық біл­діре қоймайды. Қысқасы, кешегі сал-сері­­лер­дің соңғы сарқыты Кенекемнің тойына Мәс­­кеуден КСРО Жазушылар одағының бі­рін­­­ші хатшысы Г.Марков, Ш.Айтматов бас­та­ған жазушылар, алты Алашқа сауын айтып, төрт­­күл дүниенің дүлдүлдері қатысып, ға­жап өтеді. Тойдың даңқы, дақпырты алысқа кете­ді. Кенекем той өткен соң көңілі орнына тү­сіп, «менің қайраткер қара қызымды ша­қы­­­­рыңдар» деп, бір қойын сойып, мойнына ал­тын алқа сағат тағып, батасын береді. Со­­дан 1984 жылы 100 жылдығында сол кез­де­гі Мә­­дениет министрінің орынбасары Ө.Жәні­­бе­­­­ко­­в­­тің басшылығымен ақынның туған ­ауы­л­ы­­ Киров атындағы ұжымшарда мұра­жайы ашылады.

д

 

Ғабеңнің көз жасы

Партия, кеңес қызметі – саяси қызмет. Шеңберден шығып, бұра тарта алмайсың. Тіпті жастар ұйымын басқарсаң да «комсомол күші – партия басшылығында» деп тырп еткізбейді. Жастар басылымында ұзақ жылдар істегенде осы айдардың қызығын көргеннің біріміз. Одан әрі кетсе партиялық бақылау деген және бар. Бұл енді сізді байлап ұстайтын орган, оның қырағы көзінен, құрығынан қашып құтылу мүмкін емес. Қысқасы саптыаяқтың сабына дейін қарауыл қойып қойған. Ғайнекеңдер сондай ортада жүріп те елге, ұлтқа қызмет етудің жолын тапты. Ұлтты сақтап қалу жолындағы кісілік кейпін, елдік болмысын жоғалтпады.

1973 жылы Алматыда өткен Азия және Африка елдері форумына қатысқан ­Жа­по­­ния жазушылары Жамбылға келеді. Деле­га­цияның басшысы – классик Ғабең, Ғабит Мүсірепов. Облыстың идеология жөніндегі хатшысы қызметіне енді кіріскен кезі. Сондағы бір тосын сәтті күнделігіне түртіп қойыпты.

«Мынадай бір қызық оқиға болды. Римнен жүлде алып келген Абсент деген жүйрікті көруге Луговой ауданына бардық. Жалдары күнге шағыла жалт-жұлт еткен сәйгүліктер алды­мыздан шапқылап өткенде, неге екенін қайдам, тұлпарлардың әдемілігі ме, жоқ жас кезіндегі бір уақиғалар есіне түсті ме, биіктен жерге қарап тұрған Ғабең көзіне жас алды».

Бұдан не түюге болады? Шетелдің игі жақ­сы­лары қатысқан іс-шараның тек ың-шыңсыз өтуін ғана ойлауға қабілетті, қалыптан шық­пай­тын қатаң партия қызметкері болса, осындай сәтті байқап, көңілі босар ма еді? Қойшы өзіміздің Ғабең ғой деп, қонақтардың қас-қабағын бағып, қаққан болар еді. Жоқ олай емес, оған Ғабең қымбат. Қанында бар қасиет бәрін байқатып тұр. Әлгінде айтқанымыздай, ол кездің хатшыларының басым бөлігі осындай байқампаз, талғампаз еді.

Бірде Семейде «Ант» драмасы сахна­лан­ған­да, Тахаңның, Т.Ахтановтың Семей облыс­тық атқару комитетінің төрағасы Екей­бай Қашағановтың еңкілдеп жылағанын айт­қаны есіңе түседі. Кейде ойлаймын: бұрын­ғы­ның басшыларында бауырмалдық қасиет ­ба­сым­дау болды ма екен? Бұлардың елге етене бола­тыны сол елдің болмыс-біті­мі өнер, мәдениетіне жақын еді. Жақын деген жай сөз ғой, беріліп, жанымен жұмыс істейтін. Сон­дағы мақсаты біреу: ұлттық кемсі­ту­шілік­тер, әдет-ғұрпыңды қыспаққа алу, өне­ріңді де, мәдениетіңді де ұлттық сипаты­нан айырып, социалистік сарынға салып жібе­ретін сұрқия саясатпен күресу арқылы өз қал­­пыңды сақтап қалу. Осы қасиетті қазіргі жаңа Қазақстанның жас шенеуніктерінің бо­йы­нан да көруге үміттіміз ғой. Алдымызда бол­­­ған мұндай мектеп уақыт ағымына қарай жаң­­­ғы­­рып, ұлтқа қызмет ету концепциялары жаңа шешімдер тауып жатуға тиіс. Бізді жа­­һандық, тобырлық мәдениеттен де құт­қа­ра­­тын – осы ұстаным. Ғайникендер еркін­дік­тің исі де жоқ заманда нәбәрі 30 бен 40 жас­тың жа­­лынан енді ұстаған еді. Олар осы жас­тың өзін­де жұлымыр жүйемен жағаласып жү­ріп-ақ ұлтты құтқарушылар деңгейіне көте­рі­ле білді.

 

«Мойынқұмда ауылым»

«Байқадам» романының авторы, бел­гілі жазушы Оспанәлі Иманәлиевтен «Биба­ты­рованы Жамбылға осы елдің бағы үшін жіберген ғой» деген сұңғыла сөз қалыпты. Расында, облыстың зиялы қауымын былай қойғанда, бұл өңірге елдің түсіне ғана кіретін тұлғалар да жиі сапаршылайтын. Нұрғиса Тілендиевтің Алтынбектің «Сағындым Кенен атамды» әнінің тұсауын кесіп қайтуының өзі – бір есілген эссенің тақырыбы. Әйгілі Шәмші­нің сапары әлі күнге аңыз. Бір күні Шымкентке жолдастарымен жолаушылап бара жатқан Шәмші Жамбылға келгенде «әй, мұнда Ғайникен отыр ғой, қалай аттап кетеміз?» деп талтүсте хатшының қабылдау бөл­ме­сіне сау ете қалады. Хатшының қуа­ны­шында шек жоқ. Қуанатындай-ақ жөні бар. Пор­ту­галиядағы өнер сапарына Мойынқұм ауда­нының өнерпаз жастарын дайындап, абыр-сабыр болып жатқан шақ. Әбден риза көңіл­мен аттанған қонақтарға, оның ішінде Шәмшіге Ғайникен бір бұйымтай айтады. Алыс сапарға тұңғыш шығып бара жатқан жастарды қанаттандыру үшін бір ән керек. Шәмші күнде келе бермейді. Ән болғанда да Мойынқұмға арнап жазу керек. Шәкең сөзге келместен, «Шымкенттен қайтарда ән дайын болады» дейді. Айтқандай, көп ұзамай «Мойынқұмда ауылым» өмірге келеді. Сөзін Сабырхан Асанов жазады. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл ән бірден хитке айналады. Қызуқанды португал жұрты әнді бірден айтып кетеді. Тіпті біздің елдің гимні деп те қабылдағандар болыпты. Әннің ел ықыласын оятып, танымал болғаны сонша орыстың «Калинкасынан» бұрын орындалатын болған. Тіпті жергілікті басылымдарда «Португалияда ұйқы жоқ» деген мақаланың жазылуына да себеп болған әннің даңқы ел басшысы, Кеңес одағының үлкен досы, өзі жазушы әрі суретші, «Ленин» орденімен марапатталған Алвару Куньялдың құлағына жетеді. Анау-мынау жерге оңайлықпен жолы түсе бермейтін, он ойланып, тоқсан толғанып, қаптаған күзетшісімен ғана баратын компартия басшысы сау етіп жетіп келеді. Мойынқұм жастарымен кездеседі.

Сонымен елінің әр қиырына-қырға да, Сырға да ән арнап, аты аспандап тұрған Шәкеңнің құмға арнаған әні де осылайша шекара асып, шалқыды. Шынында да, Мойынқұмның бір құдіреті бар. Құм демекші, прозасынан саз есетін, «ақ шағылдары ән салатын» Оралханның Мойынқұмға арнайы жолсапардан қара мақала емес, «Құм мінезі» деген ғажап хикаят жазып қайтқаны да есте. Құмына дейін қасиет, кие қонған бұл өңірге кімдердің табаны тимеді дейсің. Тіпті сұм Солженицынды да «бауырына басқан» бұл өлке. Әйгілі жазушы Әзілхан Нұр­шайы­қовтың өмірінің де көп күндері де осы елмен етене өтті. «Малды сыйлаңдар қарақ­­тарым, малды сыйласаңдар, адам бола­сыңдар» деп отыратын әйгілі Жазылбек Қуаныш­баевпен екеуінің сыйластығы да бір төбе. Әрине, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, көрнекті мемлекет қайраткері Айтбай Назарбековті, әйгілі Екейбай Қашағановтың інісі, аудандық партия комитетінің екінші хат­шысы Билібай Қашағановты еске алмай кету мүмкін емес. Ғайнекеңнің рухани мұрат­тасы Айтекең өнер, әдебиет адамдары­мен сыр­лас, пікірлес болды. Шәмшіге «Жигули» мінгізетін де осы кісі. Ол кезде бұл – мәшиненің төресі. Қайран Шәкең, кісінің қолы жетпес сол арғымағын да елдің өзіне мінгізіп кетеді. Темір тозады, өнер озады деген – осы.

 

«Жолдас Бибатырова!»

Бір облыстың мәдениетін көтеруде бір министрліктің міндетіне жетеғабыл жанкешті жұмыс жасаған кісі жоғары жақтың назарынан тыс қалушы ма еді. 1986 жылы Алматыға Мәдениет министрінің орынбасары болып оралды. Пешенесіне өнердің өз адамы Өзағаңмен қызметтес болу бақыты бұйырып тұр екен. Бұл өзі күнде тірі арыстанның алдына барып қайтумен бірдей еді. Уақытпен санасу жоқ, тәртіп қатаң. Қатаң болғаны сонша, тіпті отағасы Қамит аға жұдырықтай Жанарды қызмет орнына келіп, емізіп алып кететін күндер де болған. Бірақ Өзағаң сырт көзге қанша суық көрінсе де, жаны жылы еді. Жұмыс істеген адамнан мейірімін аямайтын. Ел деген адамға еміреніп тұратын. «Оның маңында қошаметшілер емес, іс адамы жүретін. Жалпы, оның табиғатында кеңсешілдік, төрешілдік болмайтын» деп академик Серік Қирабаев жазғанындай, Өзағаңның осы өзгешелігі қағілез қыз­мет­кердің жанына жастай сіңісті болып қалды. Бұл енді Жамбыл мектебін одан әрі байытып, мазмұнды жұмыс істеді. Ұлт мәдениетін көтеруге жасалған реформалық бағыттағы жұмыстарды айтсақ, алыстап кетеміз. Енді атқа мініп, жігерін жанып келе жатқанда, Жәнібеков пен Еркінбековтер қызметтен кеткен соң істің мәні де, сәні де келмей, өз жан қалауына лайық емес қызметке баруына тура келді. Ол баяғы атынан ат үркетін, әсіресе қалам ұстағандарға жақсы таныс, ұлт тарихын жауып-жасқауға келгенде алдына жан салмаған Баспасөз құпиясын сақтау комитеті, яғни ЛИТО. Ғұмыры көпке ұзамаған осы мекемеден одақтық дәрежедегі зейнет демалысына шығып, мемлекеттік қызметтен біржола босады.

90-жылдардың басында Алматыда бай-бағы­ландардың ұйқысын қашырып, көз құр­ты­на айналған бір мекеме болды. Ол – Ұлттық Ғылым академиясының «Ғалымдар үйі». Кешегі Қаныш, Әлкей­лер­дің табанының ізі қалған жер, киелі шаңырақ. Осы бір жаманат ша­қырған хабар жақындай түскен күндерде Ұлт­тық Ғылым академиясының президенті Өмір­зақ Сұлтанғазин Бибатырованы «Ғалым­дар үйіне» директорлыққа шақырды. Бұл дер кезін­де ойластырылған оң шешім еді. Өйткені оны ұс­тап тұру үшін соған лайықты бедел керек бол­ды. Сол таңдаудың осы кісіге түскенін қара­са­ңызшы.

Зейнетке шығып енді демалсам деген арман қаңғып қалды. Қай іске де ақыл-пара­са­тын қосып, жанын сала кірісетін апай қор­қау­лардың қолына түсіп, құрдымға кеткелі тұрған орданың қайнап тұрған қазанына түсті де кетті. Ұлт алдындағы аманат, өзіне артылған сенім еске түскен сайын баяғы жас күніндегі қайратын шақырып жұмыс істеуге тура келді. Рухани дағдарыс пен күйзелісті аяусыз бастан кешіп жатқан шығармашылық ұйымдар мен талантты тұлғалар осы жерден пана тапты. Тіпті әлемдік деңгейдегі Шыңғыс Айтматов бастаған аймаңдай алуан дарындар да осы ортадан табылды. Бұл тек бұрынғыдай анда-санда ғылыми конференциялар өтетін жерден гөрі пікірлесетін, ой тоғыстыратын, кеңесетін рухани-танымдық ортаға айналып шыға келді. Осы ойымыздың дәлелі сол күндерде атақты ақын Фариза Оңғарсынованың: «...Бұл жерде Қазақстан Республикасындағы рухани нәр алатын бір отау – Ұлттық Ғылым академиямыздың «Ғалымдар үйі». Мерзімі толар-толмаста «жоғарғы» жақ партия қызметіндегі Ғайникен Айдарханқызының зейнеткерлік демалысқа кетуіне «қамқорлық» жасады да, өмір бойы қызмет істеп қалған, күш-қайраты жетерлік алғыр кісі төрт қабырғаға қарап отыра алмай, сәті түскенде, академия басшыларының шақыруымен осында директор болуға келіскен еді. Содан бері Академияның «Ғалымдар үйі» баяғы кездегі Жазушылар одағының ақ ордасының немесе заманның түзу кезіндегі Мәдениет министрлігінің жүгін арқалап, экономикалық ағыстар толқынының астында қалған ақын-жазушы, өнер қайраткерлерімен, жас таланттармен кездесулер өткізіп, ән мен жыр кештері – әйтеуір құдай көкірегіне берген сәуледен басқа ақшалай байлығы жоқ ақын, әнші, композитордың бәрін паналататын, «құдайдың үйіндей» жаныңды тазартатын жылы ұяға айналды» деп жазғаны бар еді. Ал енді Илья Жақанов бұл сарайды бір кездерде орыс қоғамын гүлдендірген «Могучая Кучкаға» теңеп, Алтын ордамыз деді. Шынында, өзіміз осы алғаусыз пікірлердің бәрінің де куәсі болдық Апайдың атақты академик Өмірзақ Айтбаевты қайта бір ән салып, ел алдына шығуға қалай көндіргені де есімізде. Кешті Әшірбек Сығай жүргізді. Жалпы, осы ортадағы іс-шаралардың бірде-бірінен қалыс қалмай, «Алматы ақшамы» оның рухани шежіресін жасап отырды. Қысқасы, ел келешегі бұлынғыр кешегі бір күндерде Рахманқұл Бердібаев Халық университетін ғылыми ортаның танымдық мектебіне қалай айналдырса, бұл орда да халықтың жансарайы қызметін атқарды. Илья мен Қайрат, Ақселеу мен Жәнібектің қайталанбас хабарларының да жаңғырығы бола білді десек артық емес. «Қолынан жақсылық жасаудан басқа дәнеңе келмейтін» (М.Есенәлиев) жақсының жарығы деген – осы. Тіпті реті келгенде жоғары жақтың апайды мерзімінен бұрын зейнетке шыға­рып жібергеніне көп жылдан соң енді алғыс айтудың да сәті келіп тұр.

Алғыс дегеннен шығады, есіме ескінің бір есті сөзі түсіп отыр.

Біз қазір коммунистік партия кезеңін көп сынап жатамыз. Сынаған дұрыс, әрине. Өткеннен сабақ алу, тағылым түю үшін керек. Ал енді сол заманнан қалған, қазір сөздік қорымыздан алыстаған «жолдас» деген бір жақсы сөз бар еді. Маяковский, Сәкен т.б шығармаларын былай қойғанда, Ғабең де бір әңгімесінде осы сөзге іші жылып жазады ғой. Тіпті әрбір партия мүшесіне жиналыс сайын қаратып айтылатыны да есімізде. Жоғары лауазымды қызметтегі басшылардың съезд, пленумдағы баяндамалары басылымдарда «бәленшеев жолдастың баяндамасы, сөзі» деп берілетін. Қалай дегенде де партияның жойқын жиналыстарының бойына жылу жүгіртетін сөз бүгінде архаизмге айналса да, одан ресмиліктен гөрі кісіге деген ілтипат лебі есіп, қызметтік этиканың, мәдениеттің нышаны байқалып тұратын. Бибатырова да мәртебелі мінберлерге талай мәрте осы алғыс, құрмет орнына жүретін жақсы сөзбен көтерілді. Бүгінде сол жолдас неге жазықты болды? Айтпағым, қазіргі мырза, ханым деген жасанды сөздер өмірге сіңісті болмай жат­қанда, оның орнына «жолдасты» қолдану жа­ныңа әлдеқайда жақын көрінеді.

Біз білгенде көктей шолып, желе жортып жаз­ғ­ан­дағы жолдас Бибатырованың болмысы осы.

Кенекемнің тоқсан жасында Ғайникен қызына берген батасы қабыл болып, бүгінде ол тоқсанның төріне шығып, ел анасына, халық қайрат­керіне айналды.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ