Биыл жауын-шашын мол болып, күрделі ауа райы шаруаларға нағыз сынақ болды. Жаңбыр егіннің уақтылы пісуіне кедергі келтірді. Арамшөп те қаулап кетіп, есіл астық рәсуә бола жаздады. Қолы жеткен шаруалар арамшөпке қарсы амалдар жасағанымен негізгі диқандардың астығына арамшөп молынан араласып, астық сапасын түсіріп жіберді. Қыркүйектің ортасынан былай ғана күн ашылды. Оған дейін күнде жауған қара жаңбыр астық алқаптарын комбаин кіре алмайтындай қылып, езіп жіберген. Дегенмен егістің уақтылы жиналуы мен астық сапасын сақтау мақсатында диқандар ерекше тәсілдер мен заманауи технологияларды пайдаланды. Мемлекет астықты кептіру мақсатында арзандатылған дизель отыны мен сұйытылған газ бөлді. Қазір бидайдың 40%-дан артығы 3-сыныпты, 46%-ы 4-сыныпты болып өтіп жатыр.
Бүгінде егіс алқабының 96%-ы орылып, 6 млн тоннаға жуық астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 18 центнерден айналған. Озық шаруашылықтардың гектар берекесі 30 центнерге жетті. Бұл – агротехнологияларды сақтау, минералды тыңайтқыштарды уақтылы себу, жоғары сапалы тұқым егу және жетілген техникаларды қолданудың арқасында қол жеткізілген табыс.
Отырысқа серіктестік басшылары, селекторлық режімде аудан әкімдері мен озат диқандар қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры Жанар Маханованың айтуынша, «Кең-Дала-2» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар жетістіктерге қол жеткізді. Енді «Кең дала-2» бағдарламасы қолға алынады. Оның аясында шаруалар көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жылдық 5%-дық өсіммен жеңілдетілген несие алмақ. Тағы бір артықшылығы – фермер кепілдік сомасының 15%-ын ғана қамтамасыз етеді, қалған 85%-ына «Даму» қоры кепілдік береді.
2024 жылы осы бағдарлама аясында 140 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген. Қайтарылу мерзімі 2025 жылдың 1 наурызына дейін созылған. Қаржыландыру несиелік серіктестік, микроқаржы ұйымы, екінші деңгейлі банк, аймақтық инвестициялық орталықтар арқылы жүргізіледі. Қаржы институттарының өсімі 3,5%-дан аспайды.
Солтүстік Қазақстан облысы