Бүгінгі Шейхантаур
«Әй, Сергей! Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей.
Аулаққа тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып, ақыл берген елге сенбей...», депті Тәңіртау мұзбалағы.
Осыдан он жылдай бұрын Ресейдің бір журналынан Сергей Есенин туралы тарихи мақаланы оқи отырып, «көк төріне көшкен» (Е.Раушан сөзі) ақынның 1921 жылы Алаш алшаңдай басқан Ташкентке арнайы сапарлап келгенін біліп, қайран қалғанбыз. Жарайды, тастан өрілген шаһарға кім келіп-кетпеген? Біздің көзімізге оттай басылған дерек: мамыр айының мамыражай бір күні ол ташкенттік дос-жарандарымен бірге ұлық Түркістанның тарихи тамыры – Шейхантаурға (Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің бірі Хауенди әт-Таур қорымы) зиярат етіп, соның маңайында суретке түскен. Дәл осы мәлімет ендігі қазақ ақындарына ой тамызық болса игі! Тарихи Ташкенттегі Шейхантаур кешені – Хауенди әт-Таур, Төле би (Қарлығаш би) сағана-кесенесі мен мешіттен тұрады. Әрине, кезінде аумағында біздің Түркістандағы Әзірет Сұлтан (Ясауи) кесенесі маңындағыдай жүздеген қарапайым молалар болған да шығар, бірақ елеулісі – екеуі ғана. Сондай-ақ қос кесененің арасы әрі барғанда 20-25 метр. Ендеше, 1921 жылы мамырда Ресейдің біртуар ақыны Сергей Есенин көз алдындағы Төле би сағанасын байқап, танысқаны кәдік. Бәлкім, нақ осы саяхат мезетінде оның қасында өзбек шайыры Чулпан мен қазақ ақыны Мағжан рухтас жан болған да шығар. Әйтеуір жөн сілтейтін, орысшаға жетік түрік оқығаны жүргені сөзсіз.
С.Есенин Г.Колобов, А.Ширяевец, т.б. қаламдас достарымен
Ташкентке С.Есенин осы қаладағы қаламдас танысы Александр Ширяевецтің (1887-1924) шақыруымен келгенге ұқсайды. Ақын мұрасын зерттеушілердің пікірінше, бұл азамат Самара маңында туып, ХХ ғасырдың басында Орта Азияға көшіп, пошта-телеграф мекемесінде қызмет істепті. Ресейдің орталық басылымдарына «Симбирский» деген псевдониммен өлең, т.б. жазып тұрған (негізі, түп фамилиясы «Аврамов» екен, Ширяевец – Самарадағы туған мекені (Ширяево) құрметіне қойған шығыстық сипаттағы әдеби ныспысы). 1915 жылдың шамасында Мәскеудегі С.Есенинмен сырттай (хат-хабар) танысады. 1921 жылы Сергей ақынның Ташкентке келу себебінің бір төркіні осы. Ең қызығы, Есенин сапарынан соң бір жылдан кейін өзі де Мәскеуге қоныс аударып, араға екі жыл салып науқастан қайтады. А.Ширяевецтің қазасына С.Есенин «Енді осылай біртіндеп кетеміз» («Мы теперь уходим понемногу») деп жоқтау өлең жазып, «Егер олай-бұлай болсам, сүйегімді Шура досымның қасына жерлеңдер» деп аманаттапты. Жаратқанның жазуымен келесі 1925 жылы жаны үзілгенде, дәл айтқанындай, Ваганьков қорымындағы А.Ширяевец бейітіне жақын қойылады...
Әйгілі орыс ақынының тарихи Түркістан сапарына келсек, оның дерегі Ташкентте 1981 жылы қоғамдық негізде жұмысын бастаған Сергей Есенин музейінде тұнып тұр (1988 жылы ресми ашылған осы мұражайдың қалыптасуына Өзбекстанға соғыс кезінде қоныс аударған перзенті, журналист Татьяна Есенинаның сіңірген еңбегі зор).
ХХ ғасыр басындағы Төле би кесенесі
Мәселен, қазаққа қатысты сапарларынан Төлеби кесенесінен басқа Келеске барғаны, Әзімбай көпестің үйіне түсіп, түркістандықтардың өмірімен танысқаны мәлім. Ал енді қазақ, өзбек, өзге де ұлт аралас-құралас шаһарда 14 мамырда А.В.Луначарский атындағы Ағарту үйіндегі (бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының Әскери кеңесі) ташкенттік ақын Семен Овсянниковтің әдеби кешіне қатысқаны, «Тұран» және «Қысқы Хиуа» синематографтары (кинотеатр) көрсетілімі алдында өлең оқығаны, «Колизей» театрына көрермен ретінде барғаны, 25 мамырда Түркістан халық кітапханасында оқырманмен кездескені, И.С.Казаковтың «Өнер студиясын» поэзиямен көмкергені, уақыт тауып Самарқанға да соққаны түрлі естелікте хатталған. Әмір Темірдің сүйегі байыз тапқан, Орта Азияның мәдени-рухани орталығы саналған бұл шаһарға орыс ақыны 30 мамырда барып, Парсы (иран) консулы Ахмед бөлген автомобильмен аудармашы екеуі біраз жерін аралайды. Осы сапарда жанында Елена Михайлова деген ташкенттік әйел жүреді. Сол кісі естелігінде: «Сергейді бұл сапар аса байытты. Жалғыз арманы орындалмағандай көрінген. Ол – пәренжі жамылған азиялық сұлудың жүзін көру. Бірақ оның да реті келді. Мәриям-ханумның жамалын көріп, әп-сәтте өлең шығарды...» деген дерек қалдырыпты. Тарихи шаһардың ұнағаны сонша, кейін Айседора Дунканмен Еуропа аралағанда, С.Есенин эмоциясын: «Қалай десеңіз де, бұл Самарқан емес қой!» деп жеткізеді екен.
Тағы бір мәлімет: ақын Самарқаннан Ташкентке қайтып келген. 2 маусымда Михайловтар шаңырағында С.Есенинді шығарып салу кеші өткен. Бұған дейін ол кітапхана директоры Н.Кулинский мен ақын В.Вольпиннің үйінде де қонақта болыпты.
Ташкенттегі түрлі мекеме ақынды өз төрінен көруді қаласа керек. Мысалы, бір жазба авторы С.Есенинмен Түркістан майданы әскери басқармасында ұшырасқанын көрсетіпті. Сол кезеңде «ТуркРосТА» деген ақпараттық жүйе болған. Жазушы Анна Алматинская (Држевицкая, 1882-1973; Орынбор-Ташкент темір жолы жүйесінде істеп, Түлкібаста, Әулиеатада тұрған, кейін Ташкентте біржола орныққан) «ақын осы ұйымның бір әдеби тапсырмасын орындады» деп жазады.
Ол заманда да, қазір де өнер, мәдениет, әдебиет саласы адамдарының бас қосатын жері – дәмхана, мейрамхана. Осы ретте Сергей Есениннің «Регина», «Иқан» мейрамханалары мен неше түрлі шайханада болғаны айтылады. Тіпті сол Шейхантаур аумағындағы шайханаға да аялдапты.
Қайталанбас осы сапарында ақынды қарсы алып, шығарып салған бір нысан бар. Ол – Ташкент темір жол бағзалы (Алаш лексиконында вокзалды осылай дейді). Қай күні келіп, қай күні кеткеніне дейін белгілі. 13 мамырда келген, 3 маусымда Мәскеуіне бет түзеген. Ақын Ташкент бағзалында Теміржол халық комиссариатының инженері, қаламгер досы Григорий Колобовтың (1893-1952) вагонында тұрыпты (ол шақта вагон – қонақүй сынды). Шығармашыл тұлғалар жүрген жерде түрлі артық-ауыс әңгіме де айтылады. Орыс қаламгерлері арасында Колобов пен Есениннің теміржол сапары туралы қиял-ғажайып аңыз да тараса керек...
20-жылдары Түркістан (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен т.б.) ақын-жазушыларына Сергей Есенин құбылысы қалай әсер еткенін дәл болжау қиын. Мұны «Жалпы орыс поэзиясы қалай ықпал етті?» деген сұрақ төңірегінде ойласып, талқылаған дұрыс шығар. Біздіңше, күні кеше бір империяның, кейін – 1917-1920 жылдары сол империяның қирандысының ішінде өмір сүріп, сол уақыттағы бостандық (олар да, біз де патша өкіметінің құлауын «бостандық» дедік), дағдарыс (азамат соғысы, түрлі қарсы тұрулар) т.б. туралы әрқайсымыз өз ұстанымымызда қалсақ та, ортақ мәдени кеңістікте қалыптасқанымыз айқын. Сондықтан да орыс Сергей Есениннің тағдыры қазақ Бернияз Күлейұлының тағдырындай. Мағжанша қайғыра жоқтасақ, «Бернияздың әдебиетіміздің берік бағанасы болуына сеніп едік. ... Үмітті жасымыз неге ерте кетті деп емес, неге ерте кетірдік деп ренжу керек».
Айтқандайын, өзбектің классик шайыры Чулпан (Абулхамид Сулейман-угли) 1920 жылы «ТуркРосТА»-та қызмет істепті. С.Есениннің 1921 жылы осында соққанын айттық. Бұл уақытта Ташкентте Халел Досмұхамедұлы мен Міржақып Дулатұлынан бастап талай Алаш зиялылары жүрді. Бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің бастауы «Киринпрос»-та, «Ақжол» газетінде Мұхамеджан Тынышбай, Хайретдин Болғанбай, Мырзағазы Есболұлы, Даниял Ысқақұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Шамғали Сарыбайұлы, Кәрім Жәленұлы, Дінше Әділұлы, Сегізбай Айзұнұлы, Иемберген Табынбайұлы, қырғыз зиялысы Қасым Тыныстанұлы, түрікмен зиялысы Күмісәлі Бөриев, т.б. қызмет істейді. Аға буын (Мағжанның өзі Сергейден екі жас үлкен; бұл кезде ол әлі Омбы-Қызылжарда) бармады дегеннің өзінде, институтта өз күшімен «Жас жүрек» атты газет, «Жас алаш» атты журнал шығарып жүрген шығармашыл жастар Мәскеуден арнайы келген ақын С.Есенин кешіне қатыспауы мүмкін бе? Шаһарда самсаған жарнама (кітапхана, театр, кинотеатр, студия әзірлеген) оларды елітпеді дейсіз бе?
Төңкеріске дейінгі ресми деректе Ташкентті айнала қоршап тұрған ауыл-аймақ халқының 69 пайызы қазақ екені хатталған. Оның үстіне Шейхантаурдағы Төле би (Қарлығаш би) кесенесінен бастап, Сергей ақын жүрген көшелер мен аялдаған орындарда қазақ азаматтары аз болмағаны белгілі. С.Есенин бұған қызықпады, Алаш баласының арбасын, жылқысын, ер-тұрманын, әбзелдерін, түйесін, ақ қалпағын, тақиясын, шекпенін, т.б. сұрамады деуге адам сене ме? (Мысалы, базар аралағанда).
Енді ойласақ, ол теміржол инженері Григорий Колобовтың қолжетімді вагонымен Ашхабат (Полторацк), Самарқан, Баку, Ташкент, т.б. қалаларға сапар шеккенде, өлеңіне қажет еркіндік рәмізін, тылсым сырын іздеген екен ғой. Оның бір нәзік жібін Ясауи шәкірті мен Төле би сүйегі жатқан Шейхантаурдан немесе қарахан әмірлері жерленген Шахи-зиндадан тапты ма – ол жағы бізге беймәлім. Әйтеуір қайтарынан бірер жыл бұрын жазған «Парсы сарындары» топтамасынан шығыс, ислам, Түркістан, дала даналығының әсерін байқаймыз.