Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облыс әкімдігінің отырысында әкімнің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов Солтүстік Қазақстан облысында есірткінің заңсыз айналымы қатерлі деңгейге жеткенін атап өтіп, жыл басынан бері өңірде 191 есірткі қылмысы тіркелгенін, жарты тоннадан аса (573 кг) түрлі психотроптық заттар мен есірткі тәркіленгенін айтты.
«Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, өскелең ұрпақты улап жатыр. Бұл індетпен азаматтық қоғам институттары құқық қорғау орындарымен бірлесіп күреспесе, ертең тым кеш болуы мүмкін», деді ол.
Құқық қорғау органдары биыл есірткі таралымының алдын алуға 698 шара өткізген. Оларға көмекке 37 мыңнан аса жоғары сынып оқушылары мен студенттер тартылған. Олар, әсіресе графити-хабарландыруларды өшіруде құқық қорғау қызметкерлеріне көп көмек береді. Облыс аумағында есірткіге қарсы 19 билборд ілініп, 60-тан аса алдын алу материалдары жарияланған.
Қазір облыста ресми түрде 498 нашақор тіркелген. Оның 40-ы – әйел және үшеуі – кәмелет жасына толмағандар.
«Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қаулысымен құрамына 90 шараны қамтыған есірткіге қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілді. Оның шеңберінде әрбір аудан мен ауылдық округтер көлемінде де жоспарлар жасалады. Кешенді жоспар жаппай бейнебақылау орнату, қаралмайтын қуыстар қалдырмау, «тамақтық көкнәр» сататын дүкендерді бақылау және басқа да шараларды қамтиды», деді облыс әкімінің орынбасары.
Әрбір аудан және ауылдық округтердің әкімдеріне бұл жұмысқа жергілікті белсенділерді, жастардың ресурс орталықтарын, ақсақалдар мен спортшыларды тарту жүктелді.
«Ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желілерге жаңа контенттер ашып, бұл жұмыстарға қоғам белсенділерін, блогерлерді тарту ұсынылады. Біз мақсатымыз – әрбір азаматты осы қауіптен сақтандыру әрі мұның жауапкершілігін білдіру. Сондықтан оған полицейлер ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тартылуы керек. ҮЕҰ белсенділігі де төмен болып отыр, ұсынылған жобаларды қаржыландыруға алғанда олардың осынау індетке қарсы күрес белсенділігі де ескерілетін болсын. Сондай-ақ жергілікті жерлерде бұл іске жастар ресурстары орталығы, ардагерлер, мәдениет пен әдебиет және бизнес өкілдері әлі күнге тартылмай отыр. Ата-аналармен жұмыс та кенжелеп қалған. Осылардың бәрі де кешенді жоспарды іске асыруда ескерілуі керек», деді Ж.Жұмағұлов.
Есірткі таралымының көбею тенденциясын тоқырату үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мазмұнын арттырып, оған аптасына бір рет қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде есірткі таратудың алдын алу мәселелері бойынша сабақтар өткізуді енгізді. Алайда осының бәрі есірткіге қарсы күресте тиімді нәтижелер бере алмай тұр. Оның өсу тенденциясы Айыртау ауданында және облыс орталығында сақталып отыр. Қалған аудандардағы жағдай – баяғы қалпында. Мысалы, Есіл, Аққайың, және Тайынша аудандарындағы жағдай өзгермеген. Жалғыз-ақ М.Жұмабаев ауданында есірткі тарату саны былтырғы 12 жағдайға қарағанда азайып, биыл екеуге түсті.
Петропавл қаласы ПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция майоры Жангелді Әпеновтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері полиция есірткі таратушының абоненттік нөмірін анықтайтын және оның жүріс-тұрысын көрсететін «Айрис» және «Тритон» аппараттық-бағдарламалық кешенін қолданады. Осы аппараттың көмегімен ұсталған адамның сыбайластарының телефондары, компьютерлері, ноутбуктері де анықталады. Сөйтіп, таратушы интернет-дүкендерді табуға болады.
«Осы аппараттың көмегімен биыл біз Петропавл қаласына Көкшетау, Астана және Алматы қалаларынан жеткізілетін синтетикалық есірткінің 7 арнасын әшкереледік, Мысалы, биылғы ақпан айында 1990 және 1987 жылы туған петропавлдық екі әйелден сатуға әкеле жатқан 1,5 кг «a-PVP», «мефедрон» атты психотроптық заттарын тәркіледік. Істі сотқа жеткізіп, нашақор әйелдер 11 және 10 жылға бас еркінен айрылды », дейді Ж.Әпенов.
Дәл сондай синтетикалық есірткілер петропавлдық 2006 және 2003 жылдары туған екеудің бойынан табылып, әрқайсысы 7 және 10 жылға сотталған.
Сонымен қатар Ж.Әпенов есірткі таралуына қарсы жүргізілген «Заслон», «Паутина», «Дәрмен», «Қарасора» операциялары туралы да айтты. Осы операциялардың барысында есірткінің заңсыз айналымын болдырмау шаралары жасалып, олардың контрабандалық жолмен тасымалдануы, сондай-ақ емдеу-сауықтыру мен медициналық мекемелер тексерілген. Дәріханалардағы есірткілік заттардың ашық айналымы да бақыланған.
Есірткіге қарсы күрестің халықаралық күнінің қарсаңында акция, дөңгелек үстел, семинар, спорттық іс-шара түрінде 50-ден аса алдын алу шаралары өткізіліпті.
Солтүстік Қазақстан облысы