Білім • 17 Қазан, 2024

Ғасырға ұласқан ұстаздық жол

94 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуда 20 мыңнан астам ұстаз білім береді. Биыл соның 2 мыңға жуығы мемлекет һәм облыс тарапынан түрлі марапатқа ие болды. Солардың ішінде Үмбетовтер әулетінің орны ерек. Нағыз еңбек адамы десеңіз де болады. Себебі үлкен отбасы үш буыннан бері шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді. Олардың жалпы еңбек өтілі – 332 жыл. Бүгінде шөберелері де атадан қалған жасампаз жолмен жүріп келеді.

Ғасырға ұласқан ұстаздық жол

Жалпы, Жетісу топы­ра­ғында мұғалімдік жолды таңдаған отбасы өте көп. Көбіне елді мекендерге бара қалсаңыз, ата-анасы мен балалары мектепте қызмет ететін әулеттерді жиі кездестіресіз. Оған үлгі – оқушыларға білгенін үйретіп, осы мамандық ғибрат алуды мақсат тұтқан – Үмбетовтер отбасы. Бүкіл өмірін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнаған отбасында отағасы Сейітбек Мырзахметұлы мен оның жұбайы Нұриша Баймырзақызы өткен ғасырдың 50-жылдарында педагогтер әулетінің негізін қалаған.

«Ұстаз болу – менің бала арманым десе болады. Осы маман­дықты таңдауыма менің алғашқы ұстазым себепкер болды. Ол сыныптағы әр оқушының бабын тауып, сабақтарды да ерекшелеп, бір-бірінен өзгеше өткізетін. Оның оқушыны сабаққа баурап алатыны мені тамсандыратын. Сол кезде-ақ мен өзімді мұғалім ретінде көретінмін. Сабақ соңынан қалып, ұстазыма дәптер тексеруге көмектесетінмін. Менде оқушылардың білімін баға­лайтын өз журналым болатын, онда мұғалім екеуіміз бірге баға қоятынбыз. Ұстазымның осындай сабақ беру тәсілдері менің мұғалім болуыма әсер етті», дейді әулет үлкені Сейітбек Мырзахметұлы.

Аталған әулеттің кішкентай балалары да болашақта мұғалім болуды армандайды. Бүгінде отбасында 11 педагог – сегіз математик, үш бастауыш сынып мұғалімі, бір физика мұғалімі бар. Мәселен, отағасы Сейітбек Мырзахметұлы 41 жыл­дық ұс­таз­дық қызметінде математика пәні мұғалімінен Лесновка, Соцжол ауылдарында мектеп директорлығына дейінгі жолды жүріп өткен. Одан кейін тағы 20 жыл Қоңырөлең ауылындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болыпты. Талай жылғы еңбегі­мен еленіп, елдің қошеметі­мен сол жерден құрметті еңбек демалысына шықты. Оның жұбайы, отбасының ұйтқысы, «Алтын алқа» иегері Нұриша Баймырзақызы Басши, Лесновка, Соцжол, Қоңырөлең ауыл­дарындағы бастауыш мектептерде еңбек еткен. Жұбайына демеу бола отырып, ол мектептегі мін­дет­терін, сегіз баланы оқыту мен тәр­бие­леуді қатар алып жүрді.

«Мұғалім мамандығының ең қиыны – дамып отыруға деген қажеттілік. Мұғалім қашанда өзі­нің білімі мен біліктілігін шың­дап отыруы керек. Бұл оңай емес, бұған шыдамдылық, алға қойған мақсатыңа ұмтылу қажет. Өзін жеке тұлға ретінде дамыту керек. Заманауи мұғалім дамымаса, тоқырауға ұшырайды», дейді Н.Баймырзақызы.

Ата-анасына қарап бой түзе­ген қыздары Ардақ, Нұргүл, Бақытгүл, ұлы Марат педа­го­ги­калық университеттер­ге оқуға түсіп, математика пәнінің мұға­лімдері атанды. Қазіргі таңда Ардақ пен оның жұбайы Бай­мұ­хан Нұрмұхамедов – білім сала­сының еңбек сіңірген арда­гер­лері. Нұргүл 25 жыл бойы Қоңыр­өлең орта мектебінде математика­дан сабақ берді, ал қазіргі уақытта М.Ганди атындағы №92 Алматы лицейінде жұмыс істейді. Бақыт­гүл Б.Момышұлы атындағы гимназияда сабақ береді. 41 жыл бас­тауыш сынып мұғалімі болған және үлкен отбасының келіні, Сейітбек Мырзахметұлының үлкен ұлы Болаттың жұбайы Жаңыл Өтегенова, оның қызы Мақпал Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітірген.

Ұлы Марат пен оның жұбайы Гүлназира Оспанбекова Қоңыр­өлең ауылында Қожбанбет би атындағы орта мектепте отыз жыл бойы математикадан сабақ берді. Бір ұжымда иық тіресе жұмыс істей отырып, ерлі-зайыпты­лар үлкен­­дердің даналығы мен өсиет­терін жас ұрпаққа сіңіруге ­тырысады.

«Отбасын құрғаннан кейін ата-аналарымыз мектепте тынбай жұмыс істеді. Әкеміз бен анамыз еліміздің лайықты азаматтарының бірнеше ұрпағын тәрбиелегенін мақтан тұтамыз. Қаншама тер төгіп еңбек етсе де, олар бізді де назар­дан тыс қалдырмай, ұлты­мыздың үздік дәстүрлерін бойы­мызға сіңірді. Мен әкемнің ісін жалғастырғаныма шын жүректен қуаныш­тымын. Бүгін мен ма­ман­дық таңдауда қателеспедім деп сенімді түрде айта аламын, ұстаз­дық жол – менің арманым екеніне көзім жетті. Сондай-ақ тек оқытып қана қоймай, үнемі ізденісте болу, жаңа білімді мең­геру өте маңызды, заман ағы­мынан қалмай, креативті ойлау қажет. Жастар – еліміздің бола­шағы, сондықтан біз аға буын ­ре­тінде ата-бабаларымыздың бай мә­дени мұрасын сақтап, бала­лар­ға беруіміз керек, нағыз пат­риот­тық рухта тәрбиелеуіміз қажет. Ұс­таз­дың басты мақсаты мен мін­де­ті де осы», дейді М.Сейіт­бекұлы.

Панфилов ауданындағы мұға­лімдер әулеті еңбегі мен кәсі­би­лі­гінің нәтижесінде көптеген құр­метті марапатқа ие болды, бірақ олар үшін ең бастысы – оқушыларының биіктен көрінуі. Бұл әулет жеткен жетістігімен шектеліп қалмайды, ізгі істерін одан әрі жалғастыруға ниетті. Марат Сейітбекұлының қызы Әмина болашақта үлкендер­­дің жолын жалғамақшы. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «мате­матика» мамандығының мем­лекеттік грант иегері атанды.

 

Жетісу облысы