Республика күні • 18 Қазан, 2024

Республика күні – мемлекеттіліктің тарихи белесі

943 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Қазақ елінің тәуел­сіз­дігіне жол ашқан Мем­лекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдан­ғанына биыл – 34 жыл. Ал бұл елеулі датаның «ұлттық мереке» мәртебесін алып, қайта оралғанына – екі жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік декларация­сы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік» деген еді. «Egemen Qazaqstan» газеті ұлық мереке қарсаңында елдігіміздің іргетасы болған Республика күнінің маңызы мен мәнін, атап өтудің жөн жобасы туралы арнайы дөңгелек үстел өткізді.

Республика күні – мемлекеттіліктің тарихи белесі

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ» Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Басқосуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай ӘБДІКӘРІМҰЛЫ, Президенттің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Берік БЕКЖАНОВ, Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай ЖОБАЕВ, Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма басшысы Нұрбек МАТЖАНИ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық «Жаңару» қозғалысы бірлестігінің төрағасы Мэлс СЕМҒАЛИЕВ, Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы Еркебұлан АМАНҒОСОВ қатысты. Дөңгелек үстелге «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы модераторлық етті.

дд

 

Азаттыққа жол ашқан мейрам

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Өздеріңізге мәлім, 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстан Рес­публикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, 25 қазан – Республика күні «ұлт­тық мереке», 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні «мемлекеттік мереке» болып бекітіл­ді. Біздің бүгінгі басқосуымыздың өзегі – осы ұлық мерекелер жөнінде болмақ. Халқымыз үшін Респуб­лика күнінің мәні мен маңызы қандай? Оның Тәуелсіздік күні­нен айырмашылығы немесе ұқсастығы неде? Бұрынғы одақ пен республиканың күрделі, шетін текетіресі жағдайында қол жеткізген бұл күннің тарихи, халықтық мәртебесін қалай арттырамыз? Осы сауал төңірегінде ойымызды ортаға салсақ. Оралбай Әбдікәрімұлы, алғашқы сөз – өзіңізде.

 

а

Оралбай ӘБДІКӘРІМҰЛЫ:

– Иә, Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміз үшін аса жауапты 1990 жылдың 25 қазанында қабылданды. Мен – сол оқиғаның куәгерімін. Ол уақытта Жоғарғы кеңесте 360 депутат болды. Оның ішінде 53 пайызы ғана жергілікті ұлттан еді. Декларация мәтінін талқылау мен қабылдау кезіндегі пікірталастар күні бүгінгідей көз алдымда. Өте қызу талас-тартыс жүрді. Егемендікке қарсы кейбір депутаттар арасында «Біз одақтан айырылмайық, Ресеймен бірге болуымыз керек» деп тұрып алғандары да бар. Олардың бұл пікірі мен талабы қоғам дамуына қайшы екені бірден байқалды. Өйткені Ресейдің өзі бізден бұрын мемлекеттік егемендігін жариялап, Михаил Горбачев отырған Кремльге бағынбай, бөлініп кеткен. Сонда біз қалайша Ресеймен бірге болуымыз керек? Артынан жүгіруіміз керек пе еді?

Декларацияның қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жинау қа­жет еді. Сол құжатты дайындап, егемен­дік мәселесін алғаш көтергендер қатарында Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев секілді мүйізі қарағайдай мықты академиктер, заңгерлер болды. Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза секілді елге танымал қаламгер депутаттар мінберден елдіктің сөзін сөйлеп, ақыры басым дауыспен декларацияны қабылдадық.

Сол тарихи сәттегі көптің көңілін толқытқан қуаныш пен эмоция жадымда тұр. Кейбірі көзіне жас алып та жатты. Ата-ба­бамыз ғасырлар бойы арман­даған азаттыққа қарай біз 1990 жылдың 25 қазанында зор қа­дам жасадық. Өйткені оның ар жа­ғын­да тәуелсіздік те қол созым жер­де тұрған еді. Патриоттық сезім кеудені кернеді. «Ешкімге жал­тақ­тамайтын, біреудің қас-қаба­ғына қарамай өз-өзімізді басқа­ратын егемен ел болдық» деп қуа­нышымыз қойнымызға сыймады.

Осы оқиғалардың куәгері ретінде 25 қазанды – ел тарихын­дағы орны айрықша күн деп санаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының оның ұлттық мереке мәртебесін қай­та­рып, елдің басты мейрамы еткенін толық қолдаймын. Өйт­кені бұл – халықтың қалауы, отыз жылдың тарихи елегінен өткен шешім. Егемендік декларациясы – «Тәуелсіздік туралы» конституциялық заңның іргетасы. Азаттық алған соң алғашқы 5-6 жылдың ішінде біз тәуелсіз елге тән барлық мем­лекеттік құрылымды жасақ­тап, шекарамызды бекітіп, Консти­туциямызды қабылдап, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Сондықтан бұл күннің маңызы мен орнын бағалай білуіміз керек.

 

п

Берік БЕКЖАНОВ:

– Егемендік алған ұлық күннің мәртебесін ел газеті «Egemen Qazaqstan» редакциясында тал­қылап отырғанымыз – жақсы­лықтың нышаны. Кез келген құбылыс пен жаңалықтың бас­тауы болады. Жаңа замандағы Қазақ мемлекеттілігінің де бас­тауы – осы күн. Бұл декларация одақтың ішінде қабылданғаны белгілі. Солай бола тұра, ол бізге дербес шешім қабылдау, сыртқы және ішкі саясатымызды жүргізу, экономикалық, құқықтық салаларда тізгінді өз қолымызға алу секілді мүмкіндіктерді берді. Ал, ең бастысы, бұл құжат бір жылдан кейін, яғни 1991 жылдың 16 жел­тоқсанында Тәуелсіздік алуы­мызға себепші болуымен құнды. Осы екі күннің де Қазақ елі үшін маңызы зор. Қазір халық арасында Республика күні мен Тәуелсіздік күніне қатысты әртүрлі пікір бар. Менің ойымша, екі мерекенің мәні  бірдей. Тәуелсіздік күні де біз ерекше құрметпен қарсы алып, азаттық үшін күрестердің шешуші сәті ретінде өтуіміз керек. Себебі ол біздің мемлекет­тік егемендігімізді шегеледі, оны азаттыққа ұластырды. Яғни 1990 жылы 25 қазанда Қазақ елінің дербестігі бекітілсе, 1991 жылы 16 желтоқсанда толық тәуелсіздігімізді әлемге әйгіледік. Осы үлкен жолдың бастауында декларация тұр.

Шетелдік тәжірибеден де бұған ұқсас мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айталық, Түр­кия мен Әзербайжанда Респуб­лика күні – бас мереке. Ал не­містер үшін елдің негізгі мейрамы – екі Германия қосылған Бірігу күні. Менің ойымша, біздің Республика күніміз де елдің бас­ты мерекесі болуға лайық. Осы жерде айта кететін мәселе, біз оны, әсіресе, балалар үшін жас­тайынан есте қалатын мейрамға айналдыруымыз керек. Бұл күні тек той тойлау емес, әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, мәдени іс-шараларды көбірек өткізген дұрыс. Республика күнін мерекелеу үрдісі басқалардан ерекше болғаны жөн.

 

р

Сапарбай ЖОБАЕВ:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның рәмізі болуы керек екенін айтты. Яғни оны біз егемендігімізді жариялаған күн деп қараймыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң аталған декларацияның қағидалары негізінде әзірленді.

Осыған орай менің ұсынысым: Республика күнін «Тәуелсіздік күні» деп алмастырып, ал 16-17 желтоқсанды 1917-1986 жылдар аралығында егемендік үшін құрбан болған батырларымыздың құрметіне «Ұлт азаттығы күні» деп атасақ, жөн секілді. Ал енді қайта жаңар­ған Республика күнін жан-жақ­ты танымалдандыруға БАҚ пен әлеу­меттік желі бірлесе атсалысса, Тәуелсіздік күні өз биігінен көрінер еді.

 

Мазмұнсыз мереке көп

прр

Нұрбек МАТЖАНИ:

– Мына мәселенің басын ашып алғым келеді. Елімізде маз­мұны түсініксіз 4-5 мереке бар. Оның алғашқысы – Астан­а күні. Әдетте, бұл мереке – кей­бір отандастарымыз үшін күнтіз­бедегі кезекті қызылмен белгі­ленген күн. Мәселен, осы датаны Маңғыстаудағы ағайын не Қызыл­жардағы жұрт қалай тойлауы керек? Екіншісі – Конс­титуция күні. Оны да мемлекеттік органдардан бөлек, қарапайым отбасында қалай атап өтеміз? Азаматтар бір-біріне қандай сыйлық ұсынғаны дұрыс? Мерекенің мәртебесін көтеруде марапаттаудан өзге қан­дай жолдар бар?

Екі жыл бұрын 25 қазанды Республика күні деп бекіттік. Өкінішке қарай, көкейде оның да мазмұнына қатысты бірнеше сауал туындайды. Жалпы, ел тарихында «тәуелсіздік» ұғымы аса бір қадірлі де қасиетті саналады. Содан болар, 33 жыл бойы қоғам атойлап тойлауымыз керек деп санайды. Алайда дәл сол 16-17 желтоқсан күні атап өтетін ортақ символикасы мен тағылымы түбегейлі ойластырылмаған соң, көпшілігі үйінде отырады.

Бұл мәселелер мені көптен маза­лап жүр. «Мазмұнсыз мерекелер» деп арнайы мақаланың атын да ойластырып қойдым. Екі жыл бойы мерекелерге қатыс­ты тұшымды зерттеу қажет еке­нін айтып, мәселе де көтеріп жүр­мін. Бұл ретте мерекелердің ар­найы рейтингін жасауға да мүд­деліміз. Бірақ әлі күнге дейін ұсы­­нысым қолдау таппады. Қа­зір қо­лымызда «отандастарымыз үшін мем­лекеттік мерекелер­ге қа­раған­да, өзінің туған күні маңыз­ды» деген мазмұнда сауална­ма жауа­бы ғана бар. Ащы жауап, алай­­да ақиқаттан қаша алмаймыз.

Бақылап отырсақ, елімізде, жалпы посткеңестік мемлекеттерде жаңа жыл ғана өз деңгейінде тойланады екен. Оның халық айқындаған атрибуты бар: «оливье салаты», «шампан», «шырша» т.б. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы күнді аса бір ілтипатпен жаппай атап өтеді. Ең қызығы, бұл – қолдан жасалған дата. Демек кез келген мерекені ойдан шығарып, халық арасында жүйелі насихаттауға болады. Әсіресе, біздің қоғамда ұлтты ұйыстыру, патриотизм секілді құндылықтарды дәріптеуде таптырмас құрал деп ойлаймын.

Айтпасқа болмас, атам – Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қа­тыс­қан майдангер. Содан болар, Жеңіс күні – бала кезден санамызда орныққан ерекше мейрам. Тарихқа үңілсек, кеңес одағында 60-жылдардың ортасына дейін 9 мамырды ешкім тойлаған жоқ. Тек 1965 жылдан бастап мәртебесін биіктетіп, мән-мазмұнын нақтылап, үлкен масштабта тойлай бастады. Бұған кейінгі 20 жылда «Георгий лентасы» мен «Бессмертный полк» секілді әсіре үгіт-насихат элементтері қосылды.

Жаңа ғана Берік Айдарбекұлы Германиядағы ұлттық мереке – Бірігу күні туралы айтып қал­ды. Бұл – 1990 жылы 3 қазан­да ГФР мен ГДР болып екі бөлінген неміс хал­қы қайта бі­ріккен дата. Атрибу­ты – Бер­лин қабырғасы. АҚШ-та бостандықтың төлқұжаты бар. Кез келген америкалықтың үйі­не бара қалсаңыз, құжаттың көшірмесі арнайы рамкаға салынып, қабырғада ілініп тұрады. Оны азаматтар «Amazon» секілді сайттардан сатып алады. Сондай маңызды құжаттың тағы бірі – Тәуелсіздік декларациясы. Бізде де мұндай құжат бар, неге кішкене креатив қосып, осыны жасап көрмеске? Америкадағы Алғыс айту күнінің негізгі атрибуты – түйетауықтан жасалған тағамдар. Бұл күн туралы арнайы зерттеулер де бар. Онда мере­кеде қандай науқандар өтуі керек, символикасы, өзара қандай сыйлықтар берген дұрыс, қоғамда, отбасында қалай тойлануы керек екені көрсетілген.

Біздің елде барлық мерекенің мазмұны ойластырылмаған деп айта алмаймыз. Мысалы, Наурыз мерекесі өз деңгейінде тойланады. Бұған дейін тек 21-22 наурызда ғана атап өтуші едік, биылдан бастап күнтізбеде қызылмен боялып, ресми түрде демалыс саналмаса да, 10 күн бойы әр тақырыпты қамтып, дүркіретін думандатып жүрміз.

Мерекелердің жыл өткен сайын мазмұны, оның ішінде қолданатын түрлі тәсілдері өзгеруі мүмкін. Бірақ негізгі ой – оны қолдан жасап шығаруға болады және міндет-мақсатын айқындап, тағылымын, атрибуттарын ойластыруымыз қажет. Оның үстіне біз ұмытылған мерекені қайта жаңғыртсақ, оның ендігі мазмұнын арашалап, мән-маңызын айқындамасақ, күнтізбедегі кезекті қызыл күн болып, үйде жатып демалатын мереке болып қалады.

 

пр

Мэлс СЕМҒАЛИЕВ:

– Мемлекетіміздің басты мерекесі – Республика күнінің мәнін ашып түсіндіруге арналған бүгінгі жиынымыздың көтерер жүгі ерекше. Нұрбек мырза жақсы айтып өтті. Расында, біз барлық мейрамды бір үлгіде тойлай береміз. Оның мағынасынан гөрі дастарқанына көбірек көңіл аударамыз. Сол сияқты Рес­пуб­лика күні мен Тәуелсіздік кү­нінің ара-жігін айырып, кейін­гі жас­тарға түсіндіруіміз керек. Оның насихатына барлық бұ­қаралық ақпарат құралы ат­са­лы­­суы қажет. Мемлекеттік еге­мен­­дік туралы декларация біз­ге не берді? Тәуелсіздік тура­­лы конс­титуциялық заң­ның ерекшелігі неде? Осы мәсе­ле­­ні заңгерлер, тарихшылар, өзге де сала мамандары жік­теп түсін­діріп, жас ұрпаққа ұғындыр­ғаны жөн.

Мен Сапарбай Досжанұлы­ның «Тәуелсіздік күнін 25 қазан­ға ауыстырсақ» деген ойымен келіспеймін. Өйткені егемендік бөлек, тәуелсіздік бөлек. Оны талдап, уақытты алмай-ақ қояйық. Бұл әуелден басы ашық нәрсе деп ойлаймын. Бірақ осы қос мейрамды әлі де талдап-жіктеп, мәні мен мағынасын ашып, жүйелей білсек, қоғамда орнықты көзқарас қалыптасар еді.

 

пр

Еркебұлан АМАНҒОСОВ:

– Жалпы қолданыстағы заң­намаға сәйкес, ұлттық мереке қатарына ерекше тарихи маңызға ие және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен күндер енеді. Соған сай, мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал мемлекеттік мереке – мәртебесі қоғамдық-саяси мәні бар оқиға­ларға арналған күндер. Бұл даталар ел азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мейрам күндері деп танылған.

Демек Республика күні халқы­мыз үшін елдің егемендігі мен мем­лекет болып қалыптасу жо­лын­дағы тағдыршешті қадам болуымен әрі мемлекеттің дамуында сара жолды негіздеуімен тікелей байланысты. Бұл күн егемен ел ретінде халықтың рухын, бірлігін, тарихи тағдырын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік берді. Жастар жағы Республика күнінің жаңғырғанын жақсы қабылдады.

 

«Тәуелсіздік ордасы» мерекенің мәртебесін арттырады

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Біздің келесі ой тастар мә­селеміз, шет жағасын өздеріңіз де айтып өткендеріңіздей, Республика күнін қалай атап өту жөнінде. Оны ұлық мереке ретінде халықтың, әсіресе, жас ұрпақтың жүрегіне, санасына қайтіп орнықтырамыз? Мысалы, академик Ғарифолла Есім Нау­рыз мейрамы игілігін алдымен балаларға көрсету керектігін, бұл күн жаңа жыл секілді жас жет­кін­шектердің асыға күтетін мейрамы болуы қажеттігін көтеріп жүр. Ал Республика күніне қатыс­ты қандай ұсыныс айтасыздар? Осы төңіректе ой бөліссек...

Оралбай ӘБДІКӘРІМҰЛЫ:

– Мейрамды балалардан бас­тап өткізу керек деген ұсыныс – шынында да құптарлық бастама. Атаулы күнді халықтық сипатқа айналдырудың бір жолы осы екені рас. Бізде жастардың рухын ояту, отаншылдық сезімін арттыру жағы әлі де кемшін. Мәселен, биыл елордадағы Наурызды көру үшін алаңға барғанда сонда жүргендердің көбі үлкен кісілер екенін байқадық. Жастар жағы аздау. Сол мерекелік іс-шарадан ұлттық нақышты, отаншылдық реңкті байқай алмай қайттық. Қосып қойған әндерінің бәрі – заманауи музыка. Бір домбы­раның, қобыздың әуенін ести алмадық. Ал Республика күні­нің орны «ұлттық мереке» ретін­де бәрінен жоғары. Оны да той­лаудың өзіндік жолы мен дәстүрі болуға тиіс. Бұл жердегі бас­ты тұжырымдама – ұлттық ерек­шелік пен мемлекетшілдік бол­ғаны жөн. Шын мәнінде жалпы­ұлттық думан етудің жолында мәселеге ғылым мен мәдениет саласының білікті мамандары кешенді түрде ойласса деймін. Жай ғана бірсыдырғы жаттанды, қызылды-жасылды шара атап өтілсе, халыққа әсері де, мәні де болмайды. Сондай-ақ Республика күнінің облыс, аудан, ауылға дейін жүйелі тойлануының жоспарын, әдістемесін жауапты орындар алдын-ала бекітсе дейміз.

Нұрбек МАТЖАНИ:

– Республика күніне орай Алматыдағы бұрынғы Жоғары кеңестің ғимаратын тәуелсіздік атрибуты ретінде пайдалануға болады деп ойлаймын. Негізі біз­дің тарих АҚШ-пен өте ұқ­сас. Америка алғаш рет Фила­дель­­фияда егемендігін жария­лады. Кейін ел астанасы жаңа­дан салынған Вашингтонға көші­рілді. Филадельфияда атақты «Тәуелсіздік ордасы» атты ғима­рат бар. Бұл нысанды әлі күнге дейін ел президенттері, сенаторлар, конгресмендер, саясаткерлер бағдарламалық сөз сөйлейтін кезде рәмізді орын ретінде таңдайды. Таяуда ғана Камала Харрис пен Дональд Трамп та осы жерде дебатқа түсті. Демек, символизм бар. Бір қызығы, бастапқыда ғимараттың атауы мүлдем басқа болатын, «Тәуелсіздік ордасы» деп егемендік жариялағаннан кейін 50 жылдан соң ғана аталды.

Біз де осы жылдан бастап Алматыдағы Төле би көшесінде орналасқан тарихи ғимаратты «Тәуелсіздік ордасы» деп атасақ, тек ұтар едік. Өйткені 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларация да, 1991 жылғы «Тәуелсіздік туралы» Конс­титу­ция­лық заң да осы ғимаратта қабыл­данды. Бәлкім, балаларды, жасөспірімдерді, студенттерді жыл сайын сол жерге апару, оның макетін ауыл-аймақ, мекеме-мектепке дейін таратып, насихаттау, танымал ету Республика күнінің бір атрибуты ретінде мерекенің мәртебесін биіктетеді деп есептеймін.

Еркебұлан АМАНҒОСОВ:

– Мерекенің жаңа мазмұнына назар аударумыз керек. Менің­ше, қоғамдық дискурста, Эрик Хобсбаум айтпақшы, «дәс­түр­ді ойлап табу» аясында «жаңа азаматтық дәстүрді» қалып­тастырудың кезі келді. Бұл рет­те «АҚШ-тың негізін қалау­шы­лар» секілді қайта жандан­ған мемлекеттілігіміздің іргета­сын орнықтырудың басында тұрған тұлғалардың әлеуетіне зейін қою қажет. Яғни Алаш қайраткерлерінен бастап, кеңес дәуіріндегі ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек еткен, тәуелсіздігіміздің бастауын­да болған, Егемендік деклара­циясының қабылдануына атса­лыс­қан тұлғалар тізімін жасап, дәріптеу, тіпті арнайы көр­кем не деректі фильм түсіру, оқу орындарында дәріс, іс-шара өткізу арқылы еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін дамытқан ардақтыларға, саяси қайраткерлерге құрмет көрсету дәстүрін жаңғыртсақ.

Фин мемлекетінің тәжірибе­сіне көз жүгіртсек, бұл елде мемлекеттік мерекені отбасында тойлау дәстүрі басым. Әдетте, тәуелсіздік күнінде финдер үйін тумен безендіріп, бір-біріне қонаққа барады, сыйлық жасап, мереке көркін аша түседі. Сондай-ақ Үкімет үйіндегі ресми іс-шараны тамашалайды.

 

Ұлттық құндылықтарға басымдық берілуге тиіс

Берік БЕКЖАНОВ:

– Менің ойымша, мерекені атап өтуге қатысты арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ. Жо­ғарыда балалар туралы айтып жатырмыз. Оқу-ағарту ми­нис­трлігінің заңға тәуелді акт қабылдауға мүмкіндігі бар. Заң оған рұқсат береді. Біз Респуб­лика және Тәуелсіздік күндерін атап өтетін кезде ұлттық құнды­лықтарға басымдық беруіміз керек. Бір жүйе болғаны дұ­рыс. Оның ішінде ұлттық құнды­лықтармен қатар тарихымыз, салт-дәстүріміз қамтылуға тиіс. Өткен тарихта ұрпақты отан­шылдыққа, ұлтжандылыққа тәр­бие­лейтін мысалдар жетіп-артылады. Мың өліп, мың тірілген қазақпыз. Расында солай. Ата-бабамыз бірде жеңді, бірде жеңілді. Бірақ қалай дегенде де осы ұлан-ғайыр даланы бізге мұра етіп қалдырды. Ұлттық мерекеде біз осындай деректер мен оқиғаларды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, елін қорғайтын азамат етіп тәрбиелеп шығаруға күш салуымыз керек.

Американы мысалға келті­ріп жатырмыз. АҚШ-та әрбір үйде өз елінің туы ілініп тұрады. Ешкім туды іліңдер деп тапсырма бермесе де, олар өздері­нің отаншылдығын осылайша көрсетеді. Өйткені бұл – санаға сіңісті дәстүр. Ал санаға еш нәрсені күштеп құя алмайсың. Мемлекетшіл мерекенің кілті – үйдегі ата-ана тәрбиесінде, мектеп тәлімінде, сондай-ақ елшіл идеологиялық саясаттың табиғи іс-шаралар жұмысында.

Сапарбай ЖОБАЕВ:

– Республика күнінің саяси-қоғамдық жағына да көбірек көңіл бөлсек деймін. Мерекенің мән-маңызын аша түсу үшін баланы да, кәріні де тым сыйлыққа қызықтыра бермей, қоғамда, білім жүйесінде, кәсіпорын-мекемелерде ортақ адами-мә­дени, имани-қайырымдылық шаралар өткізу қажет. Жалпы, елімізде азаттыққа жол ашқан ұлық мейрамды жоғары дең­гейде тойлауға экономикалық мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз­де кей ұлттық және жеке ком­па­ниялар жарна­ма­лық өткін­ші шараларға аста-төк шығын­далып жатады. Неге? Себебі мемлекетшілдік, елдік, адамшылық парасаты биік емес. Меніңше, Республика күні бүтін ел болып, жетістіктеріміз бен кем­­шіліктерімізді тізбектеп, алда­ғы бағыт-бағдарымызды ай­қын­дайтын іс-шаралар қажет.

Мэлс СЕМҒАЛИЕВ:

– Республика күні мен Тәуел­сіздік күні оқушылар мен студенттер сабақ-дәрістері қызған оқу жылының ішінде өтеді. Сон­дықтан осы уақытты пайдала­нып, ашық сабақтар мен таным­дық іс-шаралар өткізу арқылы ұлттық және мемлекеттік мереке­лері­міздің мән-мағынасын ұғын­дыра беруіміз керек. Қазір, шы­нын айтсақ, Республика күні қандай мереке екенін оқушы­лардың, студенттердің көбі біле бермейтінін байқап жүрміз. Мұн­дай олқылықтың алдын алма­сақ болмайды. Ұлттық мере­ке­нің мәртебесін асыру елдігі­міз­ді нығайтып, халықтың отаншыл­дық сезімін арттырады.

 

Мерекенің мерейін асырар ұсыныс

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Уақыт өтіп жатыр. Заман түзелді, парасатымыз артты. Өт­кеннің қателігінен сабақ алып отыруымыз керек. Қазір не көп, тойланып жатқан мерейтой көп. Менің есіме бір оқи­ға түсіп отыр. 1992 жылы Ду­лат Исабеков, Мұхтар Шаха­нов бастаған 1942-жылғылар 50-ге толғанда, зиялы қауым Алма­тыдағы «Қазақконцерт» залында шығармашыл 25 азаматтың мерейтойын бірге атап өтті. Біздің­ше, бұл – елдік бастама. Қазір 60 пен 70-ке, 80 мен 90-ға келіп жатқан танымал тұлға көп. Сонау Алашқа дейінгі, одан кейінгі ұлт зиялыларының туған күндерін назардан тыс қалдырмаймыз. Мысалы, күні кеше ғана Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығын, Нұртас Оңдасыновтың 120 жыл­дығын атап өттік. Әрине, көзі тірі тұлғалар мерейтойын отба­сында, шағын ұжымында лайықты атап өтіп жатса, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал мемлекет тарапынан бас-басына бір-бір той жасап беру ысырапшылдық­қа ұрындыратынын жұрттың бәрі біледі. Бәлкім, жастардың мемлекетшілдік, отаншылдық сезімін арттыру үшін аса көрнекті тұлғалардың мерейтойын жылда топтап-жинақтап Республика күні аясында атап өтсек, қалай болады? Бұл бір жағынан жиын-тойға кететін шығынды да үнемдейді, қанағатшылдығымызды көрсетеді, екінші жағынан ұлттық мерекенің деңгейін көтереді. Ең бастысы, елдік тұтастық пен береке-бірлігімізді арттырады. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Оралбай ӘБДІКӘРІМҰЛЫ:

– Сіздің ойыңызбен келісемін. Республика күнін атап өтуге қатыс­ты мәселе орайында қазір қоғам­дағы үлкен бір проблема­ның шетін шығардыңыз. Ол – мерей­тойларды аста-төк той қылып жасау мәселесі. Иә, әркім өз отбасында, туған-туыстары орта­сында атап өтіп жатса, ол – бас­қа әңгіме. Алайда соның өзі қа­зір ысырапшылдыққа, қана­ғат­сыздыққа, даңғазалыққа ұласып барады. Мерейтойларды кейінгі ұрпаққа сабақ болатындай, танымдық, тәрбиелік жағы мол іс-шара етіп өткізу орны­на, кейде өзара жарыс пен мақтан­гершілікке айналып кетіп жатқанын көреміз. Егер ұлы тұлға­ларымыздың туған күні Республика күні аясында тойланып, екі мерейлі дата бір-бірін толықтырып жатса, одан Қазақ елі ұтылмайды, қайта халыққа пайдасы ұшан-теңіз болады деп ойлаймын. Осы тұрғыда нақты жұмыстар жасалуы керек.

Берік БЕКЖАНОВ:

– Иә, мен де бұл оймен келісе­мін. Бәлкім, мемлекеттік органдар тарапынан мерейтойларды атап өтуге қатысты бір құжат болуы керек. Тарихымыз туралы зерт­теулер жүргізіліп, олардың нәти­желері мен жаңалығы Респуб­лика күні аясында жарияла­нып, өткеніміз бен өшкеніміз қайта оянып, насихатталып жатса, нұр үстіне нұр. Осындай іргелі жұмыстар «Egemen Qazaqstan» газетінен бастап барлық ақпарат құралдарында жарық көруге тиіс деп ойлаймын. Ал қазіргі күні біз көбінесе негатив ақпараттардан көз ашпай кеттік. Таң атпай сайттарды ашып қалсақ, «тонап кетті» мен «өлтіріп кетті» деген жаңалықтардан көз алып жүре алмайсыз. Әрине, қоғамдағы проблема айтылуға тиіс. Бірақ біз халықтың отаншылдығы мен мемлекетшілдігін оятатын контентке бірінші кезекте көңіл ауда­руымыз қажет.

Еркебұлан АМАНҒОСОВ:

– Өскелең ұрпақтың бо­йында отаншылдықты сіңіру және Республика күнінің маңы­зын жастайынан ұғуға мүмкін­дік беру үшін арнайы іс-шара­лар мен бағдарламалар ұйым­дастыру маңызды. Оқу орын­дарында бұқаралық іс-шара­лар мазмұнына назар аударып, дә­рістер сериясын, тарихи ре­­­к­он­струкция және түрлі байқау­лар ұйымдастыруға болады. Сон­дай-ақ мемлекетшілдік пен рес­публикашылдық рухына сәй­кестендіріп, үздік деп таныл­ған жас жеткіншектерге «ашық есік» күні немесе саяси қайраткерлермен кездесулер ұйымдастырған да жөн. Мәселен, биыл Халықаралық балаларды қорғау күні мектеп оқушыларын Ақордаға апарғанын білеміз. Өте жақсы бастама. Республика күні де жас жеткіншектер үшін Тәуелсіз Қазақстанның қалып­тасуында орны бар ғимарат­тар мен орындарға экскурсия жа­саудың мәні зор деп есептеймін.

Сапарбай ЖОБАЕВ:

– Болашақ ұрпақ Республика күнін есте сақтап, елінің патрио­ты болуы үшін осы тәуелсіздік жолында еңбек еткен тұлғаларды кеңінен дәріптеуіміз қажет. Осы орайда бір мәселені айтқым келеді. Еліміздің әр аймағында, тіпті республика көлемінде тойланып жатқан мерейтой көбейді. Әр тұлғаның датасын жеке-жеке атап өту қыруар қаржыны талап ететіні анық. Бұл жайында жақсы мәселе көтеріп жатырсыздар. Сондықтан ысырапшылдыққа жол бермей, жылдары шамалас, әріптес, рухтас тұлғаларды бірік­тіріп тойлауды әдетке айналдыру дұрыс-ақ. Әсіресе ел тарихында маңыз­ға ие тұлғаларымызды осын­дай ұлттық, мемлекеттік мере­ке­лерде еңбек жолын, қал­дыр­­ған мұрасы болса, оны дәріп­теп, кеңінен насихаттауға күш салуымыз қажет. Осылайша, біз ұлт­тық құндылықтарымызды ұр­пақ санасында жаңғырта аламыз.

Нұрбек МАТЖАНИ:

– Мына бір мысал ойға келді. Белгілі мемлекет және қо­ғам қайраткері Қырымбек Көшер­баев Қызылорда облысында әкім болған жылдары физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевтың мерейтойын өткізуді жоспарлайды. Сөйтіп, ғалыммен ақылдасқанда Асекең бас тартып, оның орнына балалар арасында пәндік олимпиада ұйымдастыруды ұсынады. Көрнекті жазушы, әлемдік суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісов қай мерейтойын болсын саналы түрде атап өтпеген. Міне, керемет үлгі. Жалпы, көзі тірі азаматтардың, өмірден өтіп кеткен қоғам қайраткерлерінің мерейтойын тойлауда ортақ бір саяси мәдениет қажет. Сіздер айтып отырғандай, осындай мерейлі даталарды Республика күні аясында өткізу дұрыс деп ойлаймын.

Тағы да бір ой. Еркебұлан мырза айтқандай, «тәуелсіздік» ұғымын бұрынғыша бір адам төңірегіне ғана үйіп-төкпей, сол егемендік жолында аянбек еңбек еткен тұлғалардың басын біріктіріп, кейінгі 33 жылда елдің әлемдік аренада өз орнын айқындап, өзге мемлекеттермен терезесі тең болуына үлес қосқан азаматтарымызды атын атап, өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуіміз қажет. Бірақ мұны тек Республика немесе Тәуелсіздік күнімен ғана шектеп қоймасақ. Олардың есімі барлық мереке кезінде аталып отырғаны дұрыс. Осы тәжірибенің формасы мен форматын жіті ойластырсақ.

Цифрлық медианың әлеуетіне назар қою маңызды. «TikTok», «Instagram», «Facebook», «YouTube» сын­ды платформалар­ды ұтымды пайдалану қажет. Неше түрлі тақырыптарды қау­зап, бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеу қажет. Оның өзінде бір жүйе керек. Бірқатар азамат «Қазақстан егемендігін ең соңғы болып жариялады, Кеңес одағынан бөлінгісі келмеді» деген сияқты ой айтып жатады. Былай қарасақ, әлемге өзіндік мәдениетімен, экономикасымен, тұмса табиғатымен танымал Швейцария тәуелсіздігін сыртқы күштердің әсер етуімен алды. Бірақ олар бұған арланып, намыс­танып, мән беріп отыр деп айта алмаймыз. Бүгінгі Швейцария – әлем мойындаған үздік елдер қатарында. Сондықтан ең алдымен жұртшылықты тарихи фактілерді сау санамен қабылдауға бейімдеуіміз керек. Өзге де форматтарын ойлас­тырған жөн.

Еркебұлан АМАНҒОСОВ:

– «Зияткер ұлт» бағдарында мерекенің интеллектуалдық және заманауи сипатын арттыру қоғам­ның барлық саласына ықпалын тигізе алады. Мәселен, TEDx фор­ма­тындағы іс-шаралар ұйым­дастыру арқылы қайраткерлерді, ғалым­дарды насихаттауға болады. Одан бөлек, оқу орындарындағы пәндік олимпиадалар және басқа да байқаулардың ұлттық межесі осы мереке төңірегінде өткізілсе немесе Республика күніне орай еліміздің жастарына арналған стартап-жобалар байқауын не көрмесін ұйымдастырса құба-құп. Бұл іс-шаралар нәтижесі жеңім­паздарды қоғам арасында дәріп­теу арқылы «рөлдік модель» ретінде «озық ұлттың» бет-бейнесін қалыптастыру қадамы болар еді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, ұлттық мереке қарсаңында осындай мәнді жиын өткізу арқылы біз сіздердің ойларыңызды біліп, пікір алмасуды жөн көрдік. Расында, ел ішінде Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің аражігіне қатысты сұрақ айтылып қалады. Сіздер орынды пікірлеріңізді ортаға салдыңыздар. Біз осындай жиын арқылы жауапты азаматтарға да ой салуға мүдделіміз. Сондай-ақ өткен тарихымызға қатысты шетін мәселелер туралы ортақ шешімге келуіміз керек. Бұл орайда тарихшылардың, сая­сат­та­нушылардың мойнында үлкен міндет тұр. Жалпы, Рес­пуб­лика күні мен Тәуелсіздік күні – бір-бірін толықтыратын, сабақтас мерекелер. Қоғамымыз үшін осы мерекелердің тарихи бастауы, тағылымы, бүгінгі мәдени-интеллектуалдық дең­гейі маңызды. Осы тұрғыда сіздердің де пікірлеріңіз бен ойларыңыз қалың оқырманның олжасы деп қабылдаймыз. Ел газетінің төрінде елдік мәселені талқылауға қатысқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамыз.

 

Дайындағандар –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»