
Сурет: abai.kz
Нұртөре ЖҮСІП:
–Елімізде демографиялық саясат саласындағы уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттің нақты ұстанымы анық емес. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек статистикамен шектеліп отырмыз.
Сенат өткізген Үкімет сағатында ұзақмерзімді және ортамерзімді келешекте форсайт-сессиялар өткізу, сондай-ақ демография бойынша ұлттық баяндама дайындау ұсынылды. Осыған қатысты Үкімет өз жауабында барлық салалық министрліктің өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету туралы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр.
Сондай-ақ Үкімет сағаты ұсынымдарының бірінде Тұрақты демографиялық дамудың ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселесі де көтерілді. Бұл ұсынысты да Үкімет орынсыз деп санап отыр.
Сенаттың демография саясатына қатысты көтерген өзекті мәселелерінің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен ғана құтылса, Үкімет сағатын не үшін өткіздік сонда? Бұның бәрі кімге арналғанын білмей отырып, елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының қандай әсері туралы айтып отырмыз? Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация, көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі әрі шұғыл шешімдерді қажет етеді. Демографиялық үдеріске Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық әрі әлеуметтік реформалар тиімділігінің төмендеуіне әкеледі.
Кейінгі жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың азаю тенденциясы қатты байқалып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеге теріс және 3 396 адамды құрады. Сондай-ақ аталған облыс бойынша табиғи өсім 1000 адамға шаққанда 1,94 теріс сальдоны құрап отыр. СҚО, Қостанай, Павлодар облыстарында туған адам саны жылдан-жылға азайып келеді.
Өңірлерге жұмыс сапары кезінде халықпен кездесу өткізіп келдік. Демографияға қатысты сұрақтар тағы да алдымыздан шықты. Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңажол ауылының тағдыры да қыл үстінде тұр.
Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, өңірлерге жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, көші-қонды жүйелеу, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажет.
Бәтжан АҚМОЛДИНА:
– Бұл мәселені көтергенімізге он шақты жыл болды. 90-жылдардың аяғында түрлі тәуекелді жағдай болды. Көші-қон жоғары, туу көрсеткіші төмен болды. Осы кезде демографиялық саясат тұжырымдамасы қабылданып, 2011 жылға дейін сонымен жұмыс істедік. Туу көрсеткіші өсіп, демографиялық ахуал тұрақталған соң болар, бұл тұжырымдаманың күші жойылды да, кейін қабылданбады. Осылайша, демографиялық саясатты отбасылық саясатпен бірге ұлттық комиссия жүргізе бастады. Ал демографиялық тұжырымдамаға кіретін қазақ халқы саны жағынан қанша болу керек екенін, өңірлердегі көрсеткіштерді мемлекеттік деңгейге шығара алмай отырмыз. Демографиялық саясатпен әртүрлі министрлік айналысады. Бұл дұрыс емес, әрине. Бәрі бір органнан басқарылуы керек қой. Мәселен, қазір отбасылық саясат жеке жүргізіледі. Ал көші-қон саясатына жауап беретін миграция комитеті, көші-қон полиция, ішкі миграция Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Ішкі істер министрліктеріне бөлініп берілді. Демографиялық саясат өз орнын таппай тұр осылай.
Жеке органның қажеттілігі неде десек, бұл – салалық министрліктердің қосымша алып жүретін жұмысы емес, стратегиялық мәселе. Миграциялық толқынды өзіне қарай тарту, туу көрсеткішінің өсуіне әкелетін әлеуметтік жағдай, қай өңірлерде қанша мектеп салыну керектігі сияқты мәселелердің шешімін шығаратын өз органы болуы керек. 90-жылдары жастар саны азайды, бірақ қазір өсіп жатыр. Ертеңгі еңбек нарығын реттеу қажет. Қазір осындай мәселелерді шешетін жүйелі мекеме жоқ.
Аяулым САҒЫНБАЕВА:
– Еліміздің жалпы демографиялық көрсеткіші жаман емес, бірақ өңірлердегі, әсіресе еліміздің солтүстігі мен орталығында көп жылдардан бері депопуляция болып жатыр. Демографиялық ахуал бүгін жақсы болса, ертең бірден құлдырауы мүмкін. Қазір туу көрсеткіші ғана – жоғары деңгейде. Мұның өзі батыстағы (Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау) және оңтүстіктегі облыстардың есебінен жоғары болып отыр. Астана мен Шымкенттегі туу көрсеткішінің өсуі – мигранттардың үлесінде.
2050 стратегиялық бағдарламада ең үлкен сын-қатер демографиялық ахуал деп көрсетілген еді. Алайда осы уақытқа дейін бұған қатысты іс-шаралар жүргізілмеді. Жасыратыны жоқ, біз мәселе туындап, оның салдары болған кезде ғана қозғаламыз. Алдын алу деген жоқ. Мысалы, табиғи өсім кемісе, оның өсуі, қалпына келуі екіталай. Үкімет бұл салаға неге немқұрайды қарап отыр десек, Қазақстан шикізат көздерінен, мұнай, газ, түрлі металды экспорттаудан күн көріп отыр, халықтың салығына қарап отырған жоқ. Сондықтан Үкімет назары болмай тұр.
Отандастарымыз бұрын білім алуға ғана шетелге кетсе, қазір жұмыс істеп, тұрақтап қалуға тырысып жатыр. Жоғары білімді адам капиталынан бөлек жұмысшылардың да өзге елге кетуі – үлкен мәселе. Ертеңгі олардың орнын толтыра алмай, халық қартайса, жағдай қиындай түседі.
Қазір ұрпақ санасы да өзгерді. 80-жылдары туған әйелдер мемлекеттің қамқорлығына иек артпай-ақ өмірге бала әкеліп жатыр. Ал 1990, 2000 жылдары туғандарда мұндай көзқарас жоқ. Мұның алдын алып, осы бастан нақты қадам жасау керек. Бұл үшін демографиялық зерттеулер қажет, яғни арнайы орган, институттар болуы керек. Дамыған мемлекеттерді көп айтамыз. Мәселен, Германия, Францияда арнайы орталықтар бар. Бізде тіпті мемлекеттік құжаттарды алып қарасақ, демографиялық ахуалмен байланысы шамалы. 2029 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды алсақ, ондағы шешуші көрсеткіштерде жалпы демографиялық ахуал жоқ. Халық саны секілді бірер көрсеткіштер ғана қамтылған. Ал халықтың жас ерекшеліктері қалыптасқан сайын әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым – барлығы болу керек. Ал бізде бұл жоқ, өйткені мұның барлығын тізіп отыратын мемлекеттік орган болмай тұр.
Тағы бір мәселе, Карлов университетін демография саласы бойынша бітіріп келген мамандар елге келіп жұмыс таппай қалды. Жұмыс істейтін орган, мекеме болмады. Журналистердің арқасында демография мәселесі қайта көтеріліп, өзекті болып жатыр. Бұрын демографтарды ешкім іздемейтін.
Бұл салада мемлекеттік орган міндетті түрде болу керек. Тұжырымдаманың аяқталғанына он үшінші жыл болды, содан бері өзімізбен өзіміз жұмыс істеп келе жатырмыз. Бір ғана көші-қон мәселесіне сенім артып отырған болмайды. Арнайы бағдарлама әзірленіп, жүзеге асып жатқанына қанша жыл болды, бірақ нәтижесін көріп отырғанымыз жоқ. Оңтүстіктен солтүстікке халықты көшірумен демографиялық мәселе шешілмейді, оған көз жеткіздік. Енді басқа іс-шара қабылдау керек. Көрші мемлекеттер қазір осы саланы қолға алып, жақсы қадамдар жасап жатыр. Біз болсақ, Ұлттық статистика бюросының мәліметтерімен ғана шектеліп отырмыз, нақты зерттеулер жоқ. Демографиялық мәселелерді шешеміз деп бірнеше ауданды бөле салдық. Мұнымен демографиялық ахуал өзгерген жоқ, тек мемлекеттік аппараттың саны өсті. Көшіп келушілердің легі де аса бір өзгеріс әкелмеді.
Шынар ТӨЛЕШОВА:
– Үкіметтің мұндай мемлекеттік орган құрғысы жоқ екенінен хабардармыз. Бір жағынан алып қарасақ, әзірге туу көрсеткішіміз жоғары, халық жас, жұмысқа қабілетті адамдар бар, өмір сүру жасы ұзарып келеді. Осылайша, Үкімет айтарлықтай демографиялық мәселе жоқ деп есептеп отыр. Сырт көзге осындай жағдай қалыптасты. Үкіметтің түсінігінше, мемлекеттің жағдайы нашар болған кезде ғана арнайы мемлекеттік орган қажет.
Жағдай қазір тұрақты болғанымен, алдымызды болжап, тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Өңірлеріміздің ақсап тұрғаны – жағдайды алдын алу керек деген сөз. Әсіресе Солтүстік Қазақстанның демографиялық жағдайы мәз емес. Осы кезде неліктен көші-қон саясаты жүзеге аспай жатыр, неге солтүстіктің жағдайы әлі нашар деген сұрақ туады. Өйткені оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан құрылған Көші-қон комитеті жауап береді. Ал оған бара қалсақ, екі-үш адам отырады, оның біреуі немесе екеуі ғана сол солтүстікке көшудің мәселесімен айналысары сөзсіз. Ол жерде ғылыми тұрғыдан сараптап, зерттеп, шешімін тауып беретін бір ғылыми орталық жоқ. Сондықтан бұл жан-жақты зерттелмей отыр, аталған комитеттің бұл мәселені шешуге әлеуеті жетпейді, адами, ғылыми ресурсы төмен.
Жалпы, бізде демограф мамандар аз. Ал бұл сала ғылым ретінде жетілдіруді қажет етеді. Біз – жұмысқа жарамды ер адамдардың өлімі жағынан алдыңғы қатарда тұрған елміз. Бұның өзі – зерттеуді қажет ететін мәселе. Экономикалық, әлеуметтік демография бар. Демографиялық болжам жасау жағы ақсап тұр. Мұндай болжамды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасайды, бірақ ол еңбек нарығына ғана байланысты.
Демографиялық саясат тууды, өлімді қалай реттеуге болатынын қарастырады. Бізге қажеті – осы. Осы себептен бізге демографиялық саясат қажет, ал бұған мемлекеттік орган құрылуға тиіс. Мәселенің алдын алған кезде ғана елде адам капиталы дамиды.
Аманжол ҚАЛЫШ:
– Қазір бізде ауылды жерлердің жағдайы мәз болмай тұр. Өндіріс орындары да, жұмыс та жоқ. Екі-үш сауынды малмен бүтін отбасыны асырай алмасы белгілі. Сосын халық қалаға ағылады. Әсіресе жастар ауылда қалғысы жоқ. Қазір қаңырап тұрған ауыл көп. Бар ауылдың өзінде халық аз. Енді олардың санын толтырып, ауыл-аймақта қоныстандырамыз десек, кемінде 30-40 млн халық керек. Өзіміз 20 млн-ға енді ғана толып отырмыз, оның 1,5 миллионы – алыс-жақын шеттен келген қандастарымыз.
Демографияға қатысты бізде бірнеше агенттік, комитет жұмыс істейді. Олардың жұмысы ғылыми зерттеу болмаған соң, бұл сала кенже қалып отыр. Мен отбасы, жалпы демографияға қатысты бірнеше кітап шығардым, оларды этносоциологиялық, этнографиялық, тарихи тұрғыда зерттеп жаздым. Жалпы, арнайы мемлекеттік орган құруды қолдаймын.
Нәйлә МҰХТАРОВА:
– Қазақстанда әлі күнге дейін демографиялық болжам жасаумен тұрақты айналысатын мемлекеттік орган жоқ. Бұл – елеулі кемшілік. Себебі халық саны мен оның құрылымындағы өзгерістер туралы мәліметтерсіз елдің маңызды салаларын жоспарлау қиынға соғады.
Болжам жасау білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті алдын ала болжауға көмектеседі. Халықтың қартаюы, көші-қон, урбанизация ұзақмерзімді шешімдерді қажет етеді. Ал тұрақты бақылау болмаса, осы қиындыққа уақытында жауап беру қиын. Дәл демографиялық деректер – бюджет, зейнетақы жүйесі және әлеуметтік бағдарламаларды жоспарлаудың негізі.
Менің ойымша, жаңа орган құру міндетті емес. Үкімет бар мемлекеттік органдардың бірін демографиялық болжам жасауға жауапты орган ретінде бекітіп, осы мәселені тиімді шеше алады. Мемлекет бұл мәселені қолға алмайынша, адамға бағдарланған және әлеуметтік бағытталған саясатты тиімді жүзеге асыра алмаймыз. Демографиялық болжамдарсыз халықтың қажеттілігін толық қамтып, оларға дер кезінде жауап беру мүмкін емес. Халықтың өсімі, құрылымы мен өзгерістеріне сәйкес келетін саясатты жоспарлау – бұл елдің тұрақты дамуының маңызды аспектісі.
Дайындаған –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»