Оқиға • 18 Қазан, 2024

Компаниялар цифрлық құқықтарды сақтай ма

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы екінші Qazaqstan IGF: Интернетті басқару жөніндегі ұлттық форумы алаңында Fintech, E-commerce пен Telecom секторларындағы онлайн платформалардың Қазақстандағы «Цифрлық құқықтарды сақтау рейтингі – 2024» қорытындысы жарияланды.

Компаниялар цифрлық құқықтарды сақтай ма

Digital Rights Rating жобасы 2023 жылы компаниялардың саясаттары мен тәжірибелеріне тәуелсіз зерттеу жүргізу үшін басталған еді. Зерттеу барысында компаниялардың жеке өнімдері мен қызметтері, соның ішінде мобильді құрылғылардың экожүйелері де бағаланады. Мұндай зерттеулер бір жағынан мемлекеттік мекемелермен қарым-қатынас контексіндегі ақпаратты ашуға, адамның цифрлық құқықтарын қорғау стандарттарын сақтауға, сондай-ақ пайдаланушылардың ақпараттық бостандығы мен жеке басының құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдауға бағытталған.

Жыл сайын цифрлық құқықтарды сақтау рейтингісін Digital Rights Center Qazaqstan (DRCQ) заңдық фирмасының сарапшылары атқарады.

Сонымен 2024 жылғы Қазақстандағы цифрлық құқықтарды сақтау  рейтингісінде Freedom Bank – «Privacy Сompliance» номинациясына ие бола отырып, FinTech секторындағы үздік компания ретінде танылса, Yandex GO доставка – E-commerce секторындағы үздік компания, ал Kcell/Active – Telecom секторындағы үздік компания атанды.

Зерттеу сауалдары «Корпоративтік басқару», «Өзін өзі таныту және ақпарат бостандығы», «Құпиялылық» индикаторлары бойынша топтастырылған.

«Ranking Digital Rights индикаторлары арқылы және жоғарыда аталған ұсыныстарды сақтай отырып бағаланған компаниялар өз қызметтерін отандық digital-нарығында ғана емес, халықаралық деңгейде де ұсынуға жол ашып, беделі арта түседі. Рейтинг компанияларға корпоративтік жауапкершіліктің келесі сатысына өтуіне, пайдаланушылардың цифрлық құқықтарын сақтау мен қорғау деңгейін арттыру үшін қандай қосымша күш салу керектігін түсінуге мүмкіндік береді», дейді DRCQ заңи фирмасының директоры Руслан Дайырбеков.

Ұйымдастырушылар зерттеу барысында компаниялардың адам құқықтарын сақтау жөніндегі қоғамдық ұстанымы мен саясатын зерттеу үшін ресми веб-сайттарын, бас компаниялардың/компаниялар тобының веб-ресурстарын қарастырған.

Мұндай рейтингтерді жүргізу – зерттелетін компаниялар үшін пайдаланушылардың цифрлық құқықтарын қорғауда халықаралық стандарттарды сақтаудың нақты қадамдары десек те болады.

«Цифрлық қызметтерді дамыту, деректердің үлкен көлемін пайдалану арқылы біз клиенттің банкпен қарым-қатынасын едәуір жеңілдетеміз. Бұл ретте біз деректердің үлкен легін өңдеу кезінде олардың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз екенін түсінеміз. Құпиялылықтың жоғары деңгейін сақтау үшін қомақты қаржылық және адами ресурстарды салып, цифрлық құқықтарды сақтау саласындағы халықаралық стандарттарын ұстанамыз. Freedom Bank компаниясының FinTech секторындағы Privacy Сompliance саласында үздік компаниясы ретінде мойындалуы біздің ашықтығымыз бен қолданушылардың құқықтарын қорғауға деген ұмтылысымызды көрсетеді», деп атап өтті Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

 

 

АЛМАТЫ