Талбесік • 19 Қазан, 2024

Табиғатты туған анаңдай қадірле

198 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғатты қорғау – Отанды қорғаумен бір­дей. Кейде біз орманымыз өртеніп, жан-жануар­ларымызды жоғалтқанда соларға жанашыр жан­дарға үміт артамыз. Сол тұрғыда байтақ дала­дағы табиғи өрісті қызғыштай қорғап жүрген кәсіби ма­мандардың, орман шаруа­шылығы қызмет­керле­рінің еңбегі ересен. Біз бү­гін солардың бірі, өнегелі ісімен өңір азаматтарына үлгі Үсен Са­быр­беков туралы сөз қоз­ғамақпыз.

Табиғатты туған анаңдай қадірле

Орманға өрт тигенде не табиғатты топан су басқанда ғана ер­лігі көзге ерек көрінетін орман шаруашылығы қызметкерлерінің былайғы өмірі де қауіп-қатерге толы. Оны жылы жерде отырған адам оңайлықпен түсінбейді. Мем­лекет басшысы халыққа Жол­дауында: «Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам, қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз», деп ашып айтты.

Осы ретте талай жылдан бері табиғатпен бірге тыныстап, ормандарды молықтыру мен қорғауға елеулі үлес қосқан әрбір азаматтың ісі елеусіз қалмауы қажет. Айталық, алпыс жылдық ғұмырының 40 жылын орман саласына арнаған Үсен Сабырбековті нағыз «еңбек адамы» десе болатындай.

Ол еңбек жолын Алматы облысына қарасты Шелек орман шаруашылығында қатардағы жұмысшы болып бастайды. Кейін­нен орман шебері, механик, орманшы дәрежесіне көтеріледі. Көп ұзамай Қызылжиде орман шаруашылығына директордың орынбасары болып ауысады. Осы кезеңде орман өсірудегі жетіс­тіктерімен ерекшеленіп, об­лыстық басқарма тарапы қыз­метіне разы болады. 2018-2021 жылдары Сарқан ауданындағы Бөрлітөбе орман шаруашылығында директор болып қызмет етеді. Бұл жерде де мемлекеттік орман қорын 44 мың гектарға ұлғайтып, орман тұқым­бағын ұйымдастырады.

«Кезінде заңнамада мектеп орман шаруашылығы деген ұғым енгізіледі. Онда орман ша­руашылықтарын қаржы­лан­дыру, көмек көрсету тетіктері қа­­рас­тырылған. Балаларға арнайы формалар мен аспаптар, ар­найы жабдықтар беру жағдайы ерекше айтылады. Бұл күнде осы дүние кемшін қалып жатыр. Орман өртенсе, оны қайта қал­пына келтіруге 20 жыл уақыт керек. Табиғатты қайта түлетуде алдымыздан екі жол шығады. Бірі – техникалық жол, яғни дайын ағаштарды отырғызып, оны өсіру. Екіншісі – табиғи жол, яғни егін екпей, ағаштың өз бетінше өсуіне мүмкіндік жасау», дейді Үсен аға.

Бүгінде Ү.Сабырбеков Қапал орман шаруашылығы директоры қызметін атқарып жүр. Қай мекенде еңбек етсе де, сол жерді гүлдендіруге барын салатын майталман маманның бастамасымен орман алқабы ұлғайып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының Жол­дауына сай, осыдан 4 жыл бұрын Қапал ауылының батыс жа­ғынан 1 гектар аумақта үлкен саябақ ашылуына түрткі болды. Ол жерге 12 түрлі көшет егілген. Бұрындары күл-қоқыс шашылып, бос жатқан аумақ бүгінде көгалданып, ауыл көр­кін келтіріп тұр. Сондай-ақ Ақсу ауданының Арасан, Суықсай, Қапал, Жансүгіров, Матай, тағы басқа селолық округтерінде көгалдандыру жұмыстарына бел­сенді түрде атсалысып келеді.

Үсен Медеубекұлының нәти­желі болған тағы бір ісі – еңбек етіп жүрген мекемесінің «Жоңғар орман шаруашылығы» деген атауын өзгерту жөніндегі бастамасы. Шындығында, «Жоңғар» сөзі мұндағы орман шаруашылығына мүлде қатысы жоқ тіркес еді. Ол аталған мекеменің тарихи атын қайтаруға күш салып, оның қадір-қасиетін ардақтауды мұрат етті. Бастамасы ономастикалық комис­сия тарапынан қолдау тауып, Жетісу облысы әкімінің 2023 жылғы 13 маусымдағы №175 қаулысына сәйкес, «Қапал орман шаруа­шы­лығы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесі деп аталды.

«Туған жеріне қызмет ету – әр адамның борышы. Орман ша­руа­шылығындағы өрттің 70-80 пайызы браконьерлердің қолдан өрт қою салдарынан болады. Бра­коньерлер ормандарды өртеп, ағаш сатқандарының салдарынан еліміздегі қаншама табиғи орман қорынан айырылып жатырмыз. Бұл – толғақты мәселе. Сондықтан әрбір жергілікті азамат табиғатқа туған анасындай қарауы қажет», дейді кейіпкеріміз.

Жарты ғасырға жуық ғұ­мы­рын орман шаруашылығын өркендетуге арнаған Үсен Ме­деубекұлы – кә­сібіне адал азамат. Ауданның тыныс тір­шілігіне, қо­ғамдық іс-шараларға белсене қатысып, аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға мате­риал­дық көмек көрсетеді. Таби­ғатты әлемдегі барлық тірі ағзаның түп негізі деп санайтын білікті маман кейінгі буын өкілдеріне бай тәжірибесін талмай үйретіп, ізгілікке баулып келеді.

 

Жетісу облысы