Тұлға • 19 Қазан, 2024

Намысқа баспасақ, алысқа бармаймыз!

450 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

2025 жылы фашизмге қарсы соғыстың аяқталғанына 80 жыл болады. Қазақ халқының батыр ұлы Рахымжан Қошқарбаев пен оның қандыкөйлек қаруласы Григорий Болатов екеуі оқ пен от кешіп, 1945 жылы сәуір айының аяғында қаһармандықпен Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына талай уақыт өтсе де, ақиқаты бүгінге дейін толық ашылған жоқ. Мысалы, осы екі тұлғаға да «Кеңес Одағының батыры» атағын бермеу себебі әлі күнге белгісіз.

Намысқа баспасақ, алысқа бармаймыз!

Сұрапыл соғысты жұрттың көбі 1941 жылдан басталады деп, білместіктен «Ұлы Отан соғысына» теңейді. 1939 жылы күзде Сталин мен Гитлер өзара келісімге келіп, Еуропаны бөліске салғанда (Виктор Суворовтың дерегі) сол саяси картаға Ста­линнің қызыл қарындашпен қойған қолы түскен. Бірақ ол картада Гитлердің қолы жоқ. Сонда заң жүзінде Екінші дүнижүзілік соғысты бастаған кім болмақ?

«Сталин Германиямен ша­буыл жасаспау туралы шарт­­ты бекіту арқылы Гит­лер­ді екі майдандағы соғыс қор­қынышынан құтқарғаны қыл­мыс емес пе? Бұл ретте ол көр­шісінің көңілін көтеруді және әскери машинасын шикізатпен қамтамасыз етуді ұмытпай, Гит­лердің жаулап алған жерлерінен өз үлесін алғысы келді, дейді былтыр жүзге келіп қайтқан Г.Киссинджер. – Бұған қоса, Ста­лин Риббентропқа кеңес одағы ешқашан серіктесіне опасыздық жасамайды деген сөз бере алады деді («Новая газета», №37, 2024 жыл). 1939 жылы 21 тамызда гитлерлік Германиямен шарт­қа қол қоя отырып, Ста­лин қо­лындағы шампан құйылған бо­калын көтеріп: «Мен Гитлер үшін – неміс халқының сүйіс­пеншілігіне лайық беделді көсе­мі үшін алғым келеді», деді. 1940 жылы 14 маусымда фашистер Парижді басып алды. Сталиннің тапсырмасы бойынша Молотов Гитлерді жеңісімен құттықтады...»

1939 жылдың 8 қыркүйегінде В.Молотов Гитлерді Польшаны басып алғандығымен де құт­тықтаған. Германия мен кеңес одағы Польшаны бөлісіп алған­нан кейін, 1939 жылы 21 қыр­күйекте Брест қаласында екі ел әскерлері екі елдің гимндерін орындап, жеңіс парадын өткіз­ді. Парадтан кейін, комбриг Кри­вошеин генерал Гуде­рианның дастарқанынан дәм татады...

Кейін кеңес одағымен соғы­сып жатқанда Гитлердің: «Мен кеңес одағын жеңсем, Сталинді гауляйтер етіп тағайындаймын. Себебі, ол орыстарды басқару жүйесін жақсы меңгерген», дегені бар (Ю.Борев). Гитлер «Менің күресім» («Мein kampf») атты кітабында келешекте Ресеймен соғысатын себебін ашық дәлелдеп жазса да, Сталин өз халқының болашағына ойланбастан, көз жұма Гитлердің қолтығына дендей кірді. Себебі, бұл екеуінің басқа елдерді жаулап алудағы стратегиялық мақсат- мүдделері ұқсас еді. Дегенмен екеуінің іс-қимылдарында айырмашылық та болды.

Гитлер елін милитаристік жолға салып, Бірінші дүниежү­зілік соғыстан кейін еңсесі түсіп кеткен ұлтының намысын шовинистік-нацистік пиғылда қоздырып, теріс жолға салып әрі еврей халқына қырғидай тиіп жатты. Сталин кеңес одағын құлдық қоғамға, түрмеге, лагерьге айналдырды. Екеуінің де халық алдындағы кінәлары – жауыздыққа тең  еді.  «Мысалы, большевиктер ұйымдастырған ұжымдастыру елдегі ауыл эко­но­микасының күйреуіне, кре­постнойлыққа қайтып оралуға, халықтың көпшілігінің жартылай құл жағдайына және аштықтан қырылуына әкелді. Содан кейін ол өз халқына қарсы террор мен қуғын-сүргінді мақсатты түрде ұйымдастырды. 1930 жылдан бастап басқаша ойлайтын, ардан аттамайтын жөні түзу адамдарды басып-жаншып, атып тастай бастады. Бұған дейін большевиктер азаматтық соғыста террор мен қудалауды ұйымдастырды. Осылайша, Ресей қуатты ұлттық интеллигенция­сынан – ұлттың көркі мен мен ар-ұжданынан айырылды. Бұған мысал ретінде, 1922 жылғы 29 қыркүйекте Санкт-Петербургтен Германияға, Порт Штеттенге «философтық пароход»  аттандырылды. Бұл большевиктер Ресейден зияткерлік элитаның 300-ге жуық аса көрнекті өкілін қуып шығарған кезекті рейс еді. «Oberbürgermeister hanken» пароходымен болашақ тікұшақ шығарушы Сикорский, телевизияны  жасаушы Зворыкин, философтар Франк, Ильин, Питирим Сорокин қуғынға жібе­рілді. Аса ірі ойшыл Нико­лай Бердяев те сонда болды. Қуғынға ұшырағандардың бар­лығы сияқты, оған да пижама, екі көйлек, екі жұп шұлық және қысқы пальто алуға рұқсат етіл­ді. Отанымыз өзінің ұлы азамат­тарымен осылай қоштасты: затта­рыңызды қалдырыңыздар, мила­рыңызды өздеріңізбен бір­ге ала кетулеріңізге болады (Дм.Му­ра­тов)». Сол Н.А.Бердяев­тің (1874-1948) Мәскеудің «Наука» баспасында 1990 жылы, кеңес өкіметі құламай тұрған заманда жарық көрген «Орыс ком­мунизмінің қайнар көзі мен мағынасы» («Истоки и смысл русского коммунизма») атты еңбегіндегі ой-тұжырымдары жоғарыда  айтылған дүниелерді нақтылай түседі.

Сталин өзін генералиссимус­пын деп есептесе де, ой-өрісі­нің тайыздығын Фин соғысын­да аңғартты. 1939 жылы қыста әскерлер қалың қарда омбылап, қысқы киімсіз, аязда бір қы­рылса, жаудың оғынан да қына­дай қырылды. Финдер кеңес әске­рінің соғыс тәсілін білмей­тін­дігіне, өркөкіректігіне таң-тамаша қалған көрінеді.

Оған тағы бір дәлел, 1941 жылы басталған немістермен соғыстағы біздің шарасыз, тра­ге­диялық жағдай және офи­цер­лердің надандығы жөнін­де Никулиннің «Қатардағы жауын­гер Никулиннің күнделік жазбалары» («Дневниковые  записи рядового Никулина») атты еңбегін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрып, ес жия алмай қаласыз. Жан түршігер деректер келтірілген. Гитлер кеңес әскерінің осал тұстарын, ескірген техникаларын біліп, командирлердің сауатсыз­дығын шебер пайдалана білгенін аңғарасыз.

1941 жылы фашистердің тұтқынына түскендер: Гродно-Минск маңайында – 300 мың, Витебск-Могилев-Гомель қор­шауында – 580 мың, Киев-Уманьда – 768 мың, Чернигов маңы мен Мариуполь аумағында тағы 250 мың, Брянск-Вяземкий қоршауында 663 мың кеңес әскері қалды. Фашистік Германия кеңес одағына шабуыл жасаған 22 мау­сым күні КСРО Жоғарғы кеңесі 1905-1918 жылдары туған, 13 жас ерекшелігі бойынша әскерге міндеттілерді жұмыл­дыру туралы мәлімдеді. Әп-сәтте 10 млн-нан астам адам жұмыл­дырылды. 2,5 млн еріктіден 50 жасақ дивизиясы, 200 жеке атқыштар полкі құрылды. Олар еш киімсіз, іс жүзінде еш қару-жарақсыз соғыс отына кіргізілді. 2,5 млн жасақтың 150 мыңдайы ғана тірі қалды.

Харьковтің маңында Сталин мен Хрущевтің соғыс тәсілін білместігінен 500 мың қызыл әскер қоршауға түсті. Солардың ішінде Ақмолада жасақталған 106-атты әскер дивизиясы да (90 пайызы қазақ) болды. Олар­дың қысқы киімдерін ауыс­тырмай, 1942 жылғы мамыр айында бірден немістердің мұз­дай автоматпен қаруланған, танкі, пулеметі, минометі, артиллериясы бар армиясына жалаң қылышпен шабуылға жіберді. Не деген көрсоқырлық, қатыгездік десеңізші? Сол сор­маңдайлардың 90 пайыздан ас­тамы қырылып, 20 шақтысы ғана  тұтқынға түскен көрінеді. Оларды «сендер тұтқында бол­дыңдар» деп айыптап, соғыстан кейін шетінен 20-25 жылға соттап, лагерьге жіберген. Одан қалды, 1941 жылы қазақ жерінде жасақталған 312-дивизия (ко­ман­дирі Наумов), 316-дивизия (командирі Панфилов), 238-дивизия (командирі Коротков), т.б. Мәскеуді қорғады. Осы ди­визиялардың құрамындағы жауынгерлердің 50 пайыздан астамы қазақтар болған. Екі аптадай Мәскеу түбінде күні-түні жаумен соғысқанда Ақтөбеде жасақталған 312-дивизияның құрамындағы 11 437 адамның мың шақтысы ғана тірі қалған.

Осы дивизияның сарбазда­рының қатары сиреп қал­ған соң, оларға Подольск учи­лище­сінің курсанттарын қоса­ды. Сонда Мәскеуді тек солар қор­ғап қалғандай, бірден 45-іне Кеңес Одағының батыры ата­ғын берген. Ал сол дивизияның құрамында жауға қарсы соғысып қырылған қазақтардың бірде-біреуіне батыр атағын бермеуінің себебі неде? Не үшін, кім үшін қырылды? Сұрауы кімнен? Тіпті 28 панфиловшының ерлігін жоққа шығарып келемеж қылып жүргендер бар.

Кейбір деректерге сүйенсек, кеңес одағы соғыста 40 млн адам­нан айырылыпты. Гитлер: «Пат­ронды аямаңдар!», десе, Г.Жуков: «Адамдарды аямаң­дар!», деген. Жасы 100-ге жақын­дап қайтқан майдангер жазушы Астафьев: «Біз немістердің бір армиясын құрту үшін 5-6 армиямызды құрбандыққа шалдық», дейді.

Қазақты отқа да, суға да салды. Орыс, украиндықтармен салыстырғанда, қазақ екі есе көп қырылған көрінеді. Оған себеп – қазақ командирлерінің аз болғандығы. Болса да, лейтенант, капитан дәрежесінен әрі асырмаған. Содан барып қатардағы қазақ жауынгерлерін аясын ба, әрбір екіншісін барлаушы қылып, жауға қарсы жіберген. Олардың көрсеткен ерлігі тиісті құжатпен айғақ­талып, ұсыныс жасалса да, 300-ден ар­тық бауы­рымызға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеген.

Соғыстың алғашқы жылында кеңес армиясының күл-талқаны шықты. Қару-жарақсыз аш-жалаңаш қалды. Үш сарбазға – бір винтовка, кей жерлерде 5 сарбазға бір винтовкадан ұстатылды. Сөйте тұра жауға қарсы қойылып, фашистер оларды қырып салды. Өлексемізді сүйретіп жүргенде Англия мен АҚШ бізге қолұшын беріп, «Ленд-Лиз» дегенді ойлап тауып, бүгінгі күннің бағамымен есептегенде 145 миллиард долларға қару-жарақ жөнелтті. Кеңес одағы тіпті түйме де жасай алмай, АҚШ-тың 257 723 498 түйме әкеліп бергені де бар. Американың «Ленд-Лизі»-нің арқасында, кеңес әскері ес жия бастаған 1942 жылы аштықтың, жоқшылықтың, «үндеместің» неше түрлі азабын бастан өт­керген 18 жастағы Рахымжан Қошқарбаевты әскер қатарына алып, Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Оны бітірген 1944 жылы І Беларусь майданындағы Идрицк 150-атқыштар дивизия­сының құрамындағы взвод ко­мандирлігіне тағайындайды. Жанын шүберекке түйіп, Бер­линді алу операциясының бел ортасындағы қанды шайқас­тарға қатысады. Сталиннің 1941  жылы шо­винизмді әдейі өрші­тіп жібергендігінен соғыстың аяқталуына аз уақыт қалғанда өз қандастарының жанын сақ­тап қалуға тырысқан коман­дир қасақана лейтенант Ра­хым­жан Қошқарбаев пен 20 жастағы татар жігіті Григорий Болатовқа бораған оқтың астымен Рейхстагқа жеңіс туын тігуге бұйрық береді. Берлинді алуға үшін күн сайын орта есеппен 15 712 адам оққа ұшып жатқан кез. Әскери жарғы бойынша  қарсы уәж айтуға ешкімнің хақысы жоқ. Рахымжан ағамыз бен қатардағы жауынгер Г.Бо­латов от пен оқтың арасында тізеден қан кеше жүріп, Рейхс­тагтің екінші қабатына шығып, жеңіс туын қадайды.

Дүниежүзі халықтарының көптен күткен Жеңісін бойларында түрік қаны бар екі азамат осылайша паш етті! Рахымжан ағамыз бен Гри­го­рийді жауынгерлер жерге тү­сірмей, алақандарына салып, қай­та-қайта көкке  көтерді. Сол сәттерді әскери фототілшілер суретке түсірді, сүйіншілетіп газеттеріне жазды. Әлемге жар салды. Бірақ «Кеңес Одағының батыры» атағын Рахымжан ағамыз бен Григорийге бұйырт­пады. Бас қолбасшы Г.Жуков әпербақандыққа салып: «Жеңіс туын жаудың Рейхстагына орыс ұлтының өкілі тігуге тиіс», деп әрі Сталинге жағымпазданып, орыс Егоровқа грузин Кантарияны қосып, ақыры оларға «Кеңес Одағының батыры» атағын бергізді.

Соның кесірінен Григорий Болатов ерлігінің лайықты бағаланбағанына налып, қамы­ғып, ішімдікке салынып кетті. Оны «Гришка-Рейхстаг!» деп келемеждеп, мазақтай берген соң, 48 жасында өзіне-өзі қол салған көрінеді. Рахымжан ағамызға: «Рахымжан! Хат жазып,  мына топастардың бетін қайтаршы!», деп, өтініш те білдірген екен. Рахымжан ағамыз Григорийдің арағын қойғызу үшін оған 2-3 рет барып та қайтқандай. Рахаңның өзіне де бұл жайт оңай соқпаса да, ел-жұрты оның ерлігіне бас иіп, аса жабырқатпады.

Маршал И.Конев пен оның көмекшісі С.Кошурконың жазба­сындағы кейбір қорқынышты цифрлар мен фактілерді оқыр­ман қауымға қысқарта ұсынуды жөн көріп отырмын: 46 250 мың адам жараланған. Тірі қалған 775 мың майдангердің бас сүйегі жарылған. Бір көзі­нен айырылғандар  – 115 мың, су қараңғы соқыр болып қал­ғандар – 54 мың. Бет-аузы бұзыл­ғандар – 501 342. Мойын омырт­қасы қисайғандар – 157 565. Қарны жарылғандар – 444 046. Омыртқасына зақым келгендер – 143 241. Жамбасынан жараланғандар – 630 259. Жыныс мүшесі жұлынғандар – 28 648. Бір қолы жоқтар – 3 млн 147. Қос қолынан айырылғандар – 1 млн 10 мың. Бір аяғы жоқтар – 3 млн 255 мың. Аяқсыз қалғандар – 1 млн 121 мың. Қол-аяғының бір бөлігі жұлынғандар – 418 905. «Самаурын» атанып, қол-аяқсыз қалғандар – 85 942.

Отан үшін жан беріп, адам сияқты көмілмей қалғандарды да еске алған ләзім. Орман-тоғай­ларда, далалар мен сай-сала­ларда көмусіз қалған 2 млн-нан астам қаһарман хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілді.

Қарғыс атқыр соғыс халық­тың ішіне ұсқыны кеткен жауын­герлердің алып толқынын қап­татып жіберді. Соғыстан кейін мүгедектерге қаншама арсыз, келеке ат қойылды. Әлеумет­тік қамсыздандыру бөлімдері мен медициналық мекемелерде жүйкесі құрыған, психикасы бұзылған ғаріптерді аса қадір тұтқан жоқ. Шешендер биік мінберлерден халық өз ұлдарының ерлігін ұмытпайды деп сайрағанымен, аталған мекемелерде бет-аузының тал­қаны шыққан бұрынғы жауын­герлерді «квазимодо» (құбы­жық тектес кемтар адам), бір көзі жоқтарды – «камбала» (бір көз­ді балық), омыртқасы зақым­данғандарды – «паралитик», жамбасы жараланғандарды – «қиралаң» («кривобокий») деп кемсіте атайтын. Бір аяғы жоқ балдаққа сүйенгендерге «кенгуру» деп ат қойған. Екі қолы жоқтарды «қанатсыздар», ал қоларбамен жүретіндерді «самокаттар» деп келемеждеді. Дене мүшесінің бір бөлігі жұлынып қалғандарға «тасбақа» деген айдар тағылды. Ал балдаққа сүйен­ген, қоларбаға мінген, жер бауырлаған жауынгерлерді, қаптаған  «тасбақаларды» басын­ғаны сонша, олар қорлыққа шыдамай, дәл Кремльдің алдын­да наразылық білдірді. Бұл «халықтар көсемін» сұмдық ашуландырды. Сосын ол: «Мәскеуді «қоқыстан» тазартыңдар!», дей салды. Соғыс мүгедектерін қаңғыбас иттерді аулағандай, санаулы күннің ішінде көшеден, базардан, вокзалдан, тіпті мазардан ұстап алды да, «құрметті һәм сүйікті Сталиннің» мерейтойы алдында Мәскеуден шығарып тастады. Құжатсыз, түрмеге, лагерьге тең қапаста ұстады. Олар­дың одан арғы тағдыры жөнін­дегі деректі интернеттен іздеп тауып оқысам, бәрін 6-7 баржаға мінгізіп, белгісіз жаққа алып кетіпті. Сол кеткеннен мол кетіп, әлгі баржалардың ешқайсысы өз портына қайтып оралмаған.

Рахымжан ағамыз сол заман­ның кесапаттарын менен артық біліп, жапа шегіп, зығырданы қай­нағаны анық. Соның бәріне Рахаң мойымай, жасымай, кеңес одағының келеңсіз қылықтарына күле қарап жүрді. Оған күш-жігер берген туған халқының шексіз ықылас-қошеметі деп ойлаймын. Кең байтақ еліміздің қай түпкіріне барса да, ел-жұрты аялай білді. Содан Рахаң қуат ал­ды, қайраттанды, нәрленді. Елі­нің бетке ұстар азаматы болды.

Қазақстан егемен ел болған­нан кейін, 1999 жылғы мамыр­дың жетісінде ақ түйенің қар­ны жарылып, Рахымжан ағамыз­ға «Халық қаһарманы» атағы  берілді. Ресей де амалсыз мойын­дады. Ақыры шындық жеңді. Халқымыз бұл хабарды ес­тігенде қуанғаннан дүр сілкінді, бәрекелді десті. Биыл Рахымжан ағамыздың туғанына – 100 жыл. Асқар тұлға уақыт өткен сайын асқақтады.

1974 жылы жазда сырқат­танып, Бурабайдағы «Оқжетпес» шипажайында демалып әрі емделіп жатқанымда Рахымжан ағаймен алғаш рет кездесіп, 20 күндей дәмдес болдым. 50-дегі кезі. Ақ жарқын, ақ көңіл, не айтса да ағынан жарыла сөйлейтін, аңқылдақ адам екен. Дастарқан басында бәрімізді әңгімеге тартып, күлдіріп отырады. Ұлтының ұлы қасиеттерін бойына сіңірген әрі халқын жанындай сүйетінді­гін, ауыл­ды жер қазағының шек­пенінен шыққандығын, көргені мен түйгенінің мол екенін аңғарт­ты. Қарапайымдылығы мен сы­пайы­лығы кімді болсын өзіне магнитше тартып, тамсандырады. Бір сөзбен айтқанда, мың болғырдың өзі. Кейін Алматыда әртүрлі жиындарға барып жүр­генде бір-екі рет үйінде қонақта болғаным бар. Кездескен сайын: «Е, бауырым, келдің бе, ел аман ба?» деп аңқылдап, құшақ жая бауырына басушы еді.

Келесі жылы Рахымжан аға­мы­з­дың Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіс туын тіккеніне 80 жыл болады. Ал Мәскеуді жаудан қорғап қалған Баукең – Бауыржан Момышұлы. Ол жө­нінде бұлтартпастай көптеген дерек бар. Осы ғажап ерліктерді Астанамызда ескерткіш ретінде (монумент) неге бейнелемес­ке? Рас, елордада екі батыр ағамыз­ға да ескерткіш орнатылған, бірақ Баукең – шығысқа, Рахаң – батысқа қарап, кереғар тұр. Еш қисын, тұтастық жоқ.  Неге Баукең Мәскеудің іргесінде тұрып: «Әй, Рахымжан! Мен Мәскеуді жаудан қорғап қалдым. Сен ендігі жерде жаудың ордасы – Рейхстагқа жеңіс туын тік!», деп әмір беріп тұрғандай етіп, монумент-ескерткіш орнат­пасқа? Осылайша бүкіл әлем­ді тамсандырып, неге «Ел болса, осындай болсын!», дегіз­беске! Осы ойды қазақ генерал­дарының біразына айтып та көрдім. Бірақ әзірге еш іс-қимыл аңғарылмайды...         

Намысқа баспасақ, алысқа бармаймыз!

 

Қасым ТӘУКЕНОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері