Аймақтар • 19 Қазан, 2024

Бетбұрыс белгілері

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 білім ордасы салынып жатыр. Соның екеуі жұмысын бастады.

Бетбұрыс белгілері

Облыс әкімі баспасөз қыз­ме­ті­нің ақпаратына қарағанда, жаңа мектептің бірі Алмалы ауылдық округіндегі Береке аулында ашыл­ды. Мұнайлы шаһарға жа­қын орналасқан елді мекендегі бұл білім ордасы 1 200 орынға есептелген. Ал Сарыөзек шағын ауданында жұмыс бастаған мектеп 300 оқушыны қабылдайды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табысты ұлт болу­дың маңызды шарты ретінде әр оқу­шының сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына қолай­лы жағдай жасауды тапсырды. Ұлттық жобамен салынған білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып-үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен айналысуына толық жағдай жасалды. Бұл мектептерде мұға­лім мен оқушының, мектеп пен ата-ананың байланысы артып, білімді, талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенемін», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Жаңа мектептерде 3 мың оқушы екі ауысымда оқиды. Олар­ға 120-дан астам ұстаз дәріс бе­реді. Мәселен, Береке аулын­дағы мектепте Ханшайым Көпбер­генованың 8 немересі білім алады. Әжей немерелерінің жаңа мектепте оқитынына қуанып жүр.

«Аулымызда көптен күткен жаңа мектеп ашылды. Мектептің құрылысы басталып, аяқталғанға дейін куә болдық. Енді балаларды қабылдап жатыр. Мен де, басқа ата-аналар да дән ризамыз. Себебі бұған дейін немерелерім осы ауылдағы мектепте оқыды. Бірақ орын саны тапшы еді. Бұл мәселе оң шешімін тапты. Жаңа мектепте баларымыздың зейіні ашылсын», дейді Х.Көпбергенова.

Мектептерге жедел басқару орталығына қосылған бейнеба­қы­лау камералары орнатылған. Ал ерекше балаларға кедергісіз орта қалыптастырылып отыр. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бөлек блоктар салынған. Білім ордасының аумағында 2 жүгіру жолағы, бас­кетбол, волейбол алаңдары бар. Теннис корты, ойын және workout алаңдары да жабдықталған. Ал ғимараттарда 2 спорт залы, бас­тауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған екі асхана, 260 орындық мәжіліс залы және кітапхана бар. Білім ордасында психолог, логопед, медицина кабинеттері, заманауи үлгідегі оқу сыныптары, физика, химия зертханалары және STEM кабинеті қа­жетті құралдармен жарақ­тал­ған.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов­тің айтуына қарағанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін тағы үш мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы жылдың соңында жайлы мектептердің саны 12-ге жетеді. Ең озық үлгімен салынып жатқан жаңа мектептер іске қосылғанда, онда 12 мыңнан астам оқушы сабаққа барады.

Оқушыларды білім нәрімен сусын­датып жүрген ұстаздардың еңбе­гін бағалауға бетбұрыс жасал­ды. Мәселен, биыл Атырау облысында 88 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды. Олардың бәрінде шебер санаты бар.

«Мемлекет басшысы «Педа­гог – ұлттың жаңа сапасын қа­лып­тастыру үдерісіндегі ең маңызды буын» деген болатын. Демек, мұға­лімге жүктелген жауап­кер­шілік жүгі жеңіл емес. Кейінгі жылдары өңірде білім деңгейінің көрсеткіші артып, оқушылар түрлі додада ал­дыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – оқушы зейінін ашып, білім шырағданын жаққан ізденім­паз, креативті, білімді ұстаздар еңбе­гінің жемісі», дейді С.Шәпкенов.

Сондай-ақ мектептерге 1 мың интерактивті тақта сатып алынды. Қазір оқу ошақтарындағы мұндай тақталар саны 2 мыңға жуықтады. Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, интерактивті панельдер 7 аудан мен облыс орталығында орналас­қан білім ұяларына таратылып жатыр.

«Интерактивті тақталардың 500 данасы Атырау қаласындағы мектеп­терге орнатылады. Ал Индер ауданына осындай 45 тақта жібе­ріледі. Исатай мен Махамбет ауданына 60 данадан беріледі. Құрманғазы ауданына – 57, Қызыл­қоғаға – 56, Жылыойға – 50, Мақат ауданындағы мектептерге 39 тақта жеткізіледі. Гимназия мен лицейлерге – 83, техникалық білім беретін колледждерге 50 тақтаны беру көзделіп отыр», деп хабарлады М.Әбуов.

Оның айтуына қарағанда, мұн­дай тақталар бұрында да алын­­ған. Ал биыл Индер және Махамбет ауданындағы, облыстық гим­на­зия мен лицейлердегі ин­терак­тивті панель тапшылығы мә­се­лесі толықтай шешімін тапты.

«Жалпы, интерактивті тақта білім беру үдерісінің қызықты әрі тартымды өтуіне мүмкіндік береді. Аталған тақтаның көме­гімен мұға­лім түрлі оқу материалын видеомен көрсетіп, 3D форматты қол­дана алады. Бұл балаларға қа­­жетті ақпаратты же­ңіл әрі түсі­нікті жеткізуге жол ашады. Мұға­лімнің ашық сабақ­ты онлайн форматта өткізуіне мүм­кіндік бар», деп мәлім етті М.Әбуов.

 

Атырау облысы