Республика күні • 21 Қазан, 2024

Алматы облысында «Менің елім – менің туым» акциясы бастау алды

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастыруымен «Менің елім – менің туым» акциясы бастау алды.  Акция аясында 500-ге жуық мемлекеттік ту балкондар мен қоғамдық орындарға ілінеді. Қазіргі уақытта 100-ден астам азамат көк байрақты өз балкондарына іліп, бастаманы қолдап үлгерді.

Алматы облысында «Менің елім – менің туым» акциясы бастау алды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға қатысушылар саны күн сайын артып келеді. Аталған акцияның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күшейтіп, тұрғындардың патриоттық рухын көтеру. Сонымен қатар, акция арқылы қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайту көзделген.

«Алдағы уақытта облыс аумағында 500-ге жуық мемлекеттік туды көпқабатты тұрғын үйлердің балкондары мен қоғамдық орындарға ілуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде Қонаев қаласының өзінде 30-ға жуық ту ілінді. Оның өзі қала тұрғындары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бұл тек жай ғана акция емес, бұл – елімізге деген сүйіспеншілігіміз бен патриоттық рухымыздың жарқын көрінісі. Әрбір ілінген ту арқылы біз халықтың бірлігін нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеміз. Барша азаматтарды осы акцияны қолдауға шақырамын», деді облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Мират Әшімбаев.

Айта кету керек, акция 25 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында кез келген азамат мемлекеттік туды балконына немесе өз үйінің алдына іліп, акцияға қатысуға мүмкіндігі бар.

Алматы