Экономика • 22 Қазан, 2024

Ең басты капитал – білікті маман, адами құндылық

171 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беріп, кәсіпорынға қатысты негізгі мәселелерге орай пікір білдірді.

Ең басты капитал – білікті маман, адами құндылық

– Сәлімжан Жұмашұлы, 2 500-ге жуық адам еңбек ететін ірі кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыс істеліп жатыр?

– Зауыт жұмысшыларына жан-жақты қолдау көрсету – Атырау мұнай өңдеу зауытының даму саясатының басым міндеттерінің бірі. Зауытта барлық жұмысшыға ауқымды әлеуметтік пакет қарастырылған. Онда медициналық сақтандыру, тұрғын үй бағдарламасы, біліктілікті арттыру курстары, тамақтану, тасымалдау, отбасындағы әртүрлі жағдайға байланысты материалдық көмек пен ақылы әлеуметтік демалыс, дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне абонемент құнының, балабақшаға жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, мектеп жасындағы балаларға біржолғы материалдық көмек, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар мен жеңілдік қарастырылған. Зауыт ұжымының ауызбірлігін арттыру мақсатында түрлі шығармашылық конкурс пен спорттық са­йыс жиі өткізіледі. Ұжым ішінде спартакиа­да өткізу дәстүрін биыл қайта қолға алдық. Алдағы уақытта спортшыларымыздың дайындығын пысықтау мақсатында жағдай жасалып, жаңа үлгідегі спорттық киімдер берілмек. Кәсіпорын ардагерлері де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Оларға зейнетақыға қосымша төлем, медициналық қызмет, санаторий-курорттық емделу ақысын өтеу секілді әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыс жасалып жатыр. Өндірістердегі әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар жөн­деліп, жұмысшылардың талап-тілегі ескеріле отырып, ас мәзірі өзгертілді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің қолдауымен зауыттағы 5 асханаға күрделі жөндеу жасауды жос­парлап отырмыз. Бұдан бөлек, зауытта «Үздік маман», «Үздік рационализатор», «Lean Six Sigma» секілді байқау өтеді. Сонда жеңіске жетіп, зауыт жұмысын жақсартуға арналған үздік ұсыныс-жоба ұсынған қызметкерлерге сыйақы төленеді. Қызметкерлерімізге «KMG International», «Petromidia» секілді халықаралық компания­ларда тәжірибе алмасып, заманауи технология, бизнес үдерістерді жүргізу бо­йынша біліктілігін арттыруға мүмкіндік бар.

пр

– Жұмысшылардың біліктілігін арттыру туралы толығырақ айтып кетсеңіз. Осы бағытта нақты қандай шаруа жасалады?

– Жыл басында арнайы жоспар жасалып, бекітіліп, қызметкерлер өздері таңдаған тақырып бойынша оқиды. Курс­тар мен тренингтерде басты мән берілетін тақырып – қауіпсіздік техникасы, сатып алу, қаржы және оны басқару, технология, экология, энергетика, құрылыс, жөндеу, жобалау. Өткен жылы 300-ге жуық адам біліктілігін шыңдаған еді, биыл 562 қызметкер өтеді деген ойымыз бар.

– Бұрын зауытта еңбек ететін аға буын өкілдерінің саны басым екені байқалатын. Соңғы кездері жасарған сияқты. Бұған қатысты не айтасыз?

– Иә, соңғы кездері жастарды тарта бастадық. Қызметкерлеріміздің 43 па­йызы – 35 жасқа дейінгі. Оларда тың идея көп. Жаңаша ойлайды. 2014 жылы зауытта жас мамандар кеңесі құрылған. Осы ұйым басшылық құрам мен жастар арасындағы алтын көпірге айналды. Зауыт жастарының басын қосып, кәсіби қажеттілігін, өндірістік, әлеуметтік мәселелерге қатысты пікірлері мен ұсыныстарын жоғарыға ашық жеткізіп, оңтайлы шешім табуға ықпал етеді. Кейінгі жылдары өткізілетін мәдени іс-шара көбейді. Мәселен, белсенді жастардың қатысуымен көркемөнерпаз, қолөнершілер байқауы, спорттық сайыс, челлендж, квиз ойыны, қайырымдылық акциясы жиі ұйымдастырылады. Былтыр сурет және қолөнер көрмесін өткіздік. Су тасқыны кезінде де зауыт жастары белсенділік танытты.

– Сіздерде «АМӨЗ тағы­лым­ге­рі» деген жоба бар екенін білеміз. Мұны қолға алуға не себепші болды?

– Атырау облысындағы кәсіпорындарда кадр тұрақсыздығы деген мәселе бар. Өңірде жұмыс бар болғанымен, мұнай-газ саласындағы компанияларда кадр тұрақ­­­та­май жатады. Осы мәселені шешу үшін біз «АРЕС Training Center» оқу орталығымен бірлесіп «АМӨЗ тағы­лым­гері» жобасын бастадық. Ондағы ойымыз – зауыт­тағы бос тұрған жұмыс орындарын білімді, білікті, жас мамандармен толық­тыру.

– Түлектер іріктеуден өте ме? Сын­­­нан өткендерді жұмыспен қамту ком­панияға не береді?

– Жоба химия және мұнай-газ саласында білім алған колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. Былтыр қыркүйек айында бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау науқаны аяқталды. Кейін тестілеу және әңгімелесу кезеңдері басталып, одан сүрінбей өткен 60 адам жоба қатысушысы атанды. Олар технологиялық қондырғы операторы, технологиялық сорғылар мен компресорлар машинисі, бақылау-өлшеу құралдары және автоматика аспапшысы мамандықтары бо­йынша тағылымдамадан өтіп жатыр. Теориялық білім «АРЕС Training Center» оқу орталығында, прак­ти­калық дәріс зауыт базасында беріледі. Жоба аясында зауыттың тәжірибелі ардагерлері нұсқаушы-тәлімгер ретінде жас буынға білгенін үйретіп, бүгінгі күннің талабына сай білімді, білікті әрі ізденімпаз маман даярлауға атсалысады. Оқу кезінде студенттер тегін тамақпен қамтамасыз етілген, ай сайын еңбекақы төленеді. Шалғай аудандар мен өзге қалалардан келгендерге «АРЕС Training Center» базасында жатақхана ұйымдастырылған. Ал «жоба компанияға не береді?» деген сұраққа келсек, ең алдымен, АМӨЗ-ге қажетті білікті мамандарды береді. Зауыт жыл сайын дамып жатыр, технологиялық үдерістер жетілдіріліп, жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде. Сәйкесінше, өндіріске кәсіби шеберлігі жоғары мамандар қажет. Жобаны іске асыру арқылы біз АМӨЗ-дің жоғары технологиялық қондырғыларында жұмыс істейтін мамандарды даярлап қана қоймай, кадрлардың тұрақтамауының өндіріс үдерісіне әсерін де азайтамыз. Сондай-ақ жобаның арқасында бұған дейін зауыт туралы үстірт хабары бар жастар өндіріспен жақынырақ танысуға, күрделі үдерістердің қалай жүретінін түсініп, өздерін қызықтыратын сұрақтарына жауап табуға бірегей мүмкіндік алды. Студенттер игерілген материалдар бойынша аралық бақылау тапсырады. Емтиханнан үздік шыққан 21 тағылымгер қазір зауытта қызмет етіп жатыр. Жоба бір жылға созылады деп жоспарланған еді. Қазірдің өзінде оның тиімділігіне, зауыт үшін де, оқуын бітіріп, жұмыссыз жүрген жастар үшін қажеттілігіне толықтай көзіміз жетті. Сондықтан бағдарлама алдағы уақытта жалғасуы мүмкін.

р

– Естіп те, көріп те жүрміз, зауытта ұрпақтар сабақтастығы берік сақталған. Олай дейтініміз, әулетімен еңбек ететін мұнай өңдеушілер бар. Осындай ерек­ше­лікті немен байланыстыруға бо­лады? Сіздерде кадр қызметі қалай жүзеге асады?

– Дұрыс айтасыз. Зауытта бірнеше, ондаған жыл жұмыс істеп, өмірін мұнай өңдеу саласымен байланыстырған еңбек династиялары институты қалыптасқан. Зауытта 30-дан астам осындай отбасы бар. Әулеттің үлкендері өз білімін, мұнай өңдеу саласында жылдар бойы жинаған құнды тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, балалар болса әке ісін абыроймен жалғастырып келеді. Бұл – кәсіпорынның әл-ауқаты мен әлеуметтік маңыздылығының тағы бір дәлелі. Оның үстіне, зауытта 2003 жылдан бері қызметкерлердің балалары қатарынан жаңа кадр даярлауға бағытталған «Жас маман» бағдарламасы жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін аталған жоба аясында ондаған студент Қазақстан-Британ техникалық университеті, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты сияқ­­­ты алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, зауытқа жұмысқа орна­­ласып, кәсіпорын игілігіне қызмет етіп жүр. Дегенмен зауыт қызметкерлерінің бала­лары да конкурстық негізде жұмысқа қабылданады, оларға да жалпыға бірдей талап қойылады.

– «АМӨЗ-ге жұмысқа тұру қиынның қиыны» дегенді жиі естиміз. Жалпы, компанияға жаңа қызметкер алу кезінде қандай қағидаға басымдық беріледі?

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы ма­ман­­­дық­­тары жылы деп жариялай отырып, осы уақыт аралығында техни­калық және кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың қажеттілігін, сонымен қатар жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Біздің зауыттағы ең басты қағида, әрине – білім. Жоғарыда айтып өткенімдей, зауыт жыл сайын дамып, жетіліп жатыр. Мұндағы күрделі өндірістік үдерістерді жүргізіп, заманауи басқару жүйелерінің тілін түсінетін білімді мамандар әрқашан сұраныста. Зауытқа кадрларды жұмысқа қабылдау ішкі және сыртқы іріктеу кезеңдерінен тұратын конкурстық негізде жүргізіледі. Ішкі іріктеу кезінде үміткерлер «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қызметкерлерінің, оның ішінде зауыттықтардың да арасынан іріктеледі. Талаптарға сай келетін маман табылмаған жағдайда сыртқы іріктеу кезеңін бастаймыз. Ол кезде түрлі әлеуметтік желілерге, «Samruk Qyzmet», «HH.kz», «Enbek.kz», «E-Staff recruiter» сайттарына жарнамалар орналастырылады. «Жас маман», «Дуалды оқыту» бағдарламаларының түлек­­тері де конкурсқа қатысып, үміткер болады. Түйіндемелер жинақталғаннан кейін ережеге сәйкес тестілеу және арнайы құрылған комиссиямен сұхбаттасу кезең­дері өткізіліп, үздік шыққан үміткер жұ­мысқа қабылданады.

– Жергілікті оқу орындарын бітіріп келген түлектердің білім деңгейіне көңіліңіз тола ма? Мұнай-газ саласына мамандарды даярлауда неге басымдық берілуі керек деп ойлайсыз?

– Жалпылама алғанда, жергілікті оқу орындарын аяқтаған түлектердің білім дәрежесі жаман емес. Оқуға ынтасы бар адам қайда да оқиды. Алайда бәсекелестік заманында жастардың білім деңгейі бұдан да жоғары болуы керек, әлі де үйренетін тұстар өте көп. Абай қара сөзінде айтып кеткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым деген нәрсемен озатын» дәуірде өмір сүріп жатырмыз қазір. Қай елдің ғылымы озса, қай елдің жастары білімді болса, сол ел дамыған деп саналады. Сондықтан оқу орындарындағы білім сапасын көтеріп, жастарды ілімге бау­лу жұмыстарын жүйелі жүргізуді жал­­ғастыру керек деп есептеймін. Әсіресе мұнай-химия саласына ден қою ма­ңыз­ды. Қазақ­стан шикізатқа тәуелді мемлекет екені белгілі. Әлемдік шикізат баға­сының құлдырауы ел экономикасына кері әсерін тигізбес үшін Мемлекет басшысының қолдауымен өңірлерде мұнай өнімдерін қайта өңдеуге арналған кәсіпорындар ашылып жатыр. Сол өндірістерді жүргізетін, басқаратын, дамытатын мамандар даярлауы­мыз қажет. Сарапшылардың пайымдауын­­ша, мұнай-химия өнімдеріне деген әлемдік сұраныс алдағы уақытта тек өсе түседі. Сондықтан нарық сұранысына сай мамандықты игеру маңызды. Заман талабы осы.

– Алдағы жоспарлар туралы айтып өтсеңіз.

– Ең басты жоспар – қалыпты өндіріс үдерісі мен жұмысшылардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, өндірістік және экологиялық жобаларды сәтті жүзеге асырып, ұжымдағы жағымды микроклиматты сақтау. Бұйырса, келер жылы зауыттың 80 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Сол айтулы датаға жан-жақты дайындық басталып кетті. Ұйымдастыру комитеті құрылып, жұмыстардың аума­ғы айқандалды. Жоспар өте көп. Жұды­рық­тай жұмылып, отандық мұнай өңдеу саласының алғашқы қарлығашы саналатын Атырау мұнай өңдеу зауытының тарихындағы жаңа белесті абыроймен еңсереміз деп сенемін.

Атырау мұнай өңдеу зауыты әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән береді, қоғам мен қоршаған ортаны жақсартуға бағыт­талған жобаларды әрдайым қол­дай­ды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында іске асырылып жатқан инклюзивті жұмыс кеңістігін құру жобасы аясында биыл зауытқа мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдау мүмкіндігін қарастыру үшін 3 квота бөлінген еді. Қазір сол квоталар бойынша III топтағы мүгедектігі бар екі адам жұмысқа қабылданып, экономист және слесарь қызметтерін атқарып жүр. Сондай-ақ биыл қалалық мансап орталығы жүзеге асыратын жұмыссыздарды әлеуметтік қолдауға арналған мемлекеттік «Жастар практикасы» жобасы аясында зауыттың жоғары талаптарына сәйкес келетін 5 жас маман кәсіпорында тәжірибеден өтіп, олардың барлығы тұрақты жұмысқа орналасты. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында Атырау облысы әкімдігі мен «ҚазМұнайГаз» арасында шаһарды көгалдандыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Құжатқа сәйкес, «АМӨЗ» ЖШС қалалық әкімдікке биіктігі 3,5-4 м құрайтын жабық тамыр жүйесі бар, жетілген 200 түп күлтелі ағаш тапсырды. Ағаштар былтыр ретро-саябақ аумағына отырғызылды. 

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»