Талбесік • 23 Қазан, 2024

Қарағай көшеттері отырғызылды

33 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бурабай» ұлттық паркінің орман питомнигінде 2 гектар жерге 57 200 көшет отырғызылды, олардың өміршеңдік деңгейі 70-80%-ды құрайды. Табиғи парктің экологиялық миссиясы аясында ұйымдастырылған шара – топырақты дайындаудан бастап қайта отырғызу кезеңіне дейін мұқият ойластырылған көшеттерді күту жүйесінің нәтижесі.

Қарағай көшеттері отырғызылды

Қарағай көшеттерін отырғызу бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен арамшөптер жойылады, топырақ қоп­сы­тылады, ағаштардың өсуіне оңтайлы жағдай жасауға қа­жетті тыңайтқыштар қолда­нылады. Содан соң питомник қызметкерлері материалдың өзін – алдын-ала өсірілген, қа­жетті мөлшерге жеткен қара­пайым қарағай көшеттерін дайындайды.

«Питомниктің үлгілік бө­лімшесіне көшет отырғызу – жаңа орман алқаптарының қалыптасуын қамтамасыз ететін маңызды кезең. Топырақты дайындағаннан кейін отырғызу үдерісі басталады. Әрбір ағаш алдын ала қазылған ойық­тар­ға мұқият орналастырылады, бұл олардың ыңғайлы өсуіне қа­жет тереңдік пен қашық­тықты қамтамасыз етеді. Отыр­ғызылған көшеттерге үнемі күтім жасау тұрақты тексе­ру­лерді, суаруды, сондай-ақ зиян­кес­тер мен аурулардан қор­ғау­ды қамтиды», деді орман пи­том­нигінің бастығы Бейбіт Ерғалиев.

Осы жылдың көктемінде орман питомнигінде 1,1 га алқапқа 64,4 кг қарағай тұқымы егілді. Салыстыра кетсек, 2023 жылы 1 га жерге 60 кг тұқым себілді, бұл жұмыс көлемінің өсу динамикасын көрсетеді.

«Біз өнгіштігі кемінде 60% болатын қарапайым 1-сыныпты қарағай тұқымын септік. Өну деңгейіне топырақ жағдайлары, егудің агротехникалық мер­зімдерін сақтау, климаттық жағдайлар, орман дақылдарына күтім жасау да әсер етеді. Орман питомнигінің қызметкерлері ағымдағы жылғы егістерді 8 рет қолмен арамшөптен тазартып, өткен жылдардағы егіс жолдарын кем дегенде 5 рет тазартты, бұл 20 гектардан астам аумақ», дейді Бурабай «МҰТП орман питомнигінің орманды қалпына келтіру жөніндегі инженері Бегзат Габченко.

Питомниктегі жұмыстың күзгі кезеңі «Бурабай» МҰТП-ның жасыл алқаптарды сақ­тау, ұлғайту жөніндегі ұзақ мер­зімді стратегиясын танытады. Әрбір отырғызылған ағаш қамқорлықты, күтімді, қажыр­лы еңбекті қажет етеді. Бүгінгі таңда дамып келе жатқан орман дақылдары тұрақты эко­жүйенің кепілі болады.