Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
ХВҚ сарапшыларының айтуынша, биыл тамызда елдегі инфляция біршама төмендеген. Баға өсімі жыл соңына қарай 8,3%-ға, 2027–2028 жылдарға қарай 5%-ға дейін түседі деген болжам бар. Сонымен қатар валюта бағамының икемділігі аясында ақша-кредит саясатының тиімділігі артқан. Халықаралық сарапшылар былтыр ақпаннан бастап ішкі бағаларды тұрақтандырған базалық мөлшерлемеге қатысты Ұлттық банктің ұстанымын – қолайлы фактор деп танып отыр. Миссия қаржы секторындағы тұрақтылықты арттыру шараларын оң бағалайды.
– Инфляция төмендеп жатыр. Болжамға сай, биыл экономикалық өсім 3,9% болады. 2025 жылы өсу қарқыны жоғарылап, 5%-ға жетпек. Бұған мұнай өндіру көлемінің артуы оң ықпал етеді. Ортамерзімді перспективада экономикалық өсу қарқыны 3,5% деңгейінде тұрақталады, – дейді ХВҚ Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланше.
Дегенмен ХВҚ ел бюджетінің Ұлттық қор ресурстарына шамадан тыс тәуелді екеніне сыни көзбен қарап, алаң білдірді. Себебі сарапшылар фискалдық шоғырландыру, ашықтық, бюджеттік қағидаларға негізделген фискалдық жүйенің негіздерін нығайту маңыздылығына жіті назар аударады. Бұдан бөлек, миссия «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Президент Жарлығында көзделген құрылымдық реформаларды жүргізу маңыздылығына да тоқталды.
– 2025 жылы экономиканы қолдауға арналған бюджеттік шығыстар мен Теңіз мұнай кен орнын кеңейту аясында экономикалық өсім жеделдейді деп күтіліп отыр. Ал Қазақстанмен сауда-серіктес елдердің экономикасындағы өсу көрсеткішінің ықтимал баяулауы, геосаяси жағдайдың шиеленісуі, сондай-ақ шикізат тауарлары бағасының құбыла түсуі – тәуекел факторлары қатарында айтылды, – деді ведомство.
Оған қоса, миссия ресми органдардың қаржы секторының тұрақтылығын арттыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалаған. Былтыр жүзеге асырылған қаржы секторын бағалау бағдарламасының ұсынымдары негізінде 2023 жылғы желтоқсанда жол картасы бекітілді. Өткен кезеңде реттеуші органның институционалдық тәуелсіздігі нығайтылды. Макропруденциалдық саясаттың жаңа құралдары енгізіліп, бас банк өкілеттіктері нығайтылды.
– Бюджеттің мақсатты көрсеткіштерінің мезгілімен орындалмауы Ұлттық қор ресурстарын шамадан тыс пайдалануға әкеліп соқтырады. Қажетсіз бюджеттік жоспарлау мен кейінгі жылдардағы күтілгеннен төмен салық түсімдері Үкіметтің бюджеттік шоғырландыруды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелеріне теріс әсер етті. Жаңа Салық кодексінің енгізілуі мұнайға жатпайтын кірістерді ұлғайтуға, соның ішінде бұрмаланған салық жеңілдіктерін алып тастауға, қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеруге кең мүмкіндіктер ашады, – дейді ХВҚ.
Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, ел экономикасын дамытамыз десек, салық-бюджет саясатының негіздерін нығайту маңызды. Макрофискалдық болжауды жетілдіру – бюджеттік шоғырландырудың ортамерзімді жоспарына енуге тиіс. Дискрециялық шығыстарды шектеуде тәуелсіз фискалдық кеңес құру туралы қатаң ережелер қабылдауға ден қойған абзал. Сондай-ақ тиімді фискалдық саясатты қолдау мақсатында мемлекеттік сектордың статистикасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек. Атап айтқанда, мемлекеттік шығыстар бағдарламаларына мониторинг жасап, олардың тиімділігін арттыру жолында көптеген құрылымның квази-фискалдық бюджеттен тыс қызметін шектеу қажет.