Руханият • 24 Қазан, 2024

Оқитын ұлтқа ортақ мереке

163 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кітап – ақыл мен білімнің қайнар көзі. Қоғамды осынау асыл қазынаның тереңіне шақыратын кітапханашы дейтін мамандықтың бәсі қашанда биік тұруға тиіс. 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен 24 қазан Кітапханашы күні ретінде бекітіліп, кітапханалар мен кітапханашылардың қоғам өміріндегі рөлін нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атаулы мереке аясында Алматыдағы Ұлттық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кітапхана – парасат ордасы» атты салтанатты іс-шара өтіп, саладағы үздік мамандар марапатталды.

Оқитын ұлтқа ортақ мереке

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бас кітапхананың кіреберісіне қызыл кілем төселіп, ел аймақтарынан келген жүздеген кітапханашыны ұйым­дастырушылар айрықша құрмет­пен қарсы алды. Олардың арасында бүкіл ғұмырын кітапхана ісімен ұштастырған сала ардагерлері де бар. Салтанатты іс-шара Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бейне-құттықтауымен ашылды.

«Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, кітапхана – өнер мен мәдениеттің, шығармашылық пен руханияттың қасиетті ордасы. Ғалымдардың, ойшылдар мен жазушылардың көл-көсір білімі, жанқиярлық жұмыстары кітаптарда сақталған. Ал бұл баға жетпес қазынаны сақтаушы – кітапханалар мен онда қызмет ететін адамдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керектігін айтқан еді. Еліміздің кітапхана қорында 73 млн шамасында кітап бар. Сондай-ақ цифрлы қордың электронды көшірмесі 77 мың­нан асты. 2020-2024 жылдары аралы­ғын­да кітапхана оқырмандарының саны 3 млн-нан 5 млн-ға дейін көбейіп отыр. Бұл жұмыстарда кітапханашылар­дың еңбегі өлшеусіз. Ақпараттық технология жетістіктері кітапханалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл бағытта қарқынды дамып келе жатқан жобалардың бірі ретінде Қазақстан ұлттық электронды кітапханасы порталын атауға болады.

ыв

Кітапханалар заманауи құрылғылармен жа­рақ­талып, оқырмандар мен қызметкерлерге қолай­лы жағдай жасалуда. Ми­нистрлік тарапынан әлеу­меттік маңызы бар кітап­тарды басып шығару мен таратуда ауқымды жұ­мыс­­тар атқарылып жатыр. Кейінгі жылдары ел кітап­­­­­ханалары 4,5 млн дана кітап­­пен толықты. Биыл­дың өзінде 200-ге жуық әдеби кітап 506 мың данамен тұтас ел аймақ­тарына таратылды. Министрлік кітап­ха­налардың материалдық-техни­ка­лық базасын жетіл­діру, кітапхана қыз­мет­кер­лерінің жалақысын арт­тыру ба­ғытындағы мәселе­лер­ді де назар­ға алып отыр. Мем­лекет тарапынан кі­тап­­ха­нашылардың білік­ті­лі­гін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2024-2025 оқу жылдары кітапхана мамандарына арналған оқу гранттары­ның саны да 5 есеге дейін ұлғаймақ. Қазіргі кезде кітапханаларды қоғам мүддесіне сай дамытып, олар­дың қорын көбейту, жұ­мыстарының жаңа түрлерін енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану өте маңызды. Кәсіби мереке қарсаңында кітапхана қызметкерлеріне күнделікті қажырлы қызметі, ұлттық және әлемдік мұраны сақ­тай отырып, оқырмандар­ды ақпаратпен қамтамасыз етуде атқа­рып жатқан еселі еңбегі үшін алғыс айтамын», деді министр өз құттықтауында.

Сондай-ақ іс шарада ИФЛА – Кітап­ханалық қауымдастықтар мен ме­ке­мелердің халықаралық федерация­сының президенті Викки Макдональд кәсіби мамандарға бейне-құттық­тау жол­дап, кітапхана ісін өрістету өрке­ниетті елдердің игілікті қадамы еке­нін, әлем­ді ізгіліке шақыруда кітап­ханашылардың рөлі үлкен маңызға ие екенін айтты.

Мерекеде өңірлерден келген үздік қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, ерен еңбе­гімен еленген мамандарға төс­бел­гілер мен Алғысхаттар табыс­талды. Мәдениет және Ақпарат ми­нистрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі коми­тетінің төрағасы Рус­там Әли қастерлі маман­дықтың қадірі мен беделін арттыру маңызды міндет еке­ніне тоқталып, мәдени мұ­раны сақтау, кітап оқи­тын білімді ұлт қа­лып­­тас­­ты­ру бағытын­дағы жұ­мыс­­ жалғаса беретінін жет­кізді.

Айтулы мерекеде Анар Әбдірахма­нова, Гүлжан Қа­лиева, Сәуле Есенқұ­лова, Ольга Мальцева, Ма­ха­м­бет Хармы­сов, Же­міс Жанғылышева, Гүлжау­һар Есентаева, Айтбала Жол­маханова, Гүлшат Тұр­сын­қызы, Баян Уатаева, Ләйлә Сыздықова, Мейрамкүл Өте­ге­нова, Пернекүл Нал­таева, Риза Иб­раи­мова қатар­лы үздік мамандар «Мә­де­ниет саласының үздігі» төсбел­гісімен марапатталды.

Ал Гүлмира Махан­бе­това, Онай Мырзағалиева, Сайлаугүл Дәулетшина, Ай­гүл Жұмабекова, Айгүл Ораз­құлова сынды кітапхана ісіне еңбегі сіңген азаматтарға «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.

Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен Мәдина Аб­дул­лаева, Елена Мусина, Гүл­­сімхан Қожағұлова, Ай­гүл Рахметжанова, Кү­лия Саурықова, Даража Жолым­бетова, Бибігүл Қоз­бе­кова, Жанар Адаялова, Ақ­марал Құрманова, Ме­руерт Мау­сым­бекова, Қар­лы­ғаш Ораза­­линова, Әсем­гүл Төлено­валар марапатталды.

Кәсіби мерекеде құшағы гүлге то­лып, марапат алған­дар – еліміздің әр өңі­рін­де­гі түрлі деңгейдегі кітап­ханаларда қызмет ететін үздік мамандар.

«Кітап – дүниедегі бар­лық ізгіліктің бас­тау бұлағы. Бар­­лық рухани қазы­на, бай­­­лық осы кітапханада. Кі­тап­­­­хана­шылар күнделікті түрлі кітап­тармен танысады, оқырманның мың сан сауа­­­лына жауап береді. Қа­зір­­гі күні оқырман талабы да күшейген. Қоғамда кі­тап­­­ханашының рөлі өте маңызды және мәртебесі де асып келе­ді. Бұл тек кі­тап­­ханашылар­дың ғана емес, кітапты жақсы көре­тін оқыр­мандардың, кітап­­хана­шы­ның қоғамдағы орасан зор рөлін бағалай­тын адам­дар­дың да мерекесі», – дейді Ұлт­тық кітапхананың кітап қо­рын толықтыру қыз­метінің жетекшісі Ханшайым Мұсақызы.

  

АЛМАТЫ