Ұлттық спорт • 24 Қазан, 2024

«Respublica» партиясы ұлттық мерекеге орай асықтан турнир өткізеді

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Respublica» партиясы Республика күніне орай ересектер арасында ұлттық асық спорты бойынша ашық республикалық турнир өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Respublica» партиясы ұлттық мерекеге орай асықтан турнир өткізеді

Фото: Qamshy.kz

Турнир «Көшпелілердің Асық спорты» халықаралық федерациясы, «Республикалық Асық ату» федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығымен» бірлесіп ұйымдастырылып жатыр.

Турнир аясында еліміздің әр аймағында өткен іріктеу кезеңдерінде 21 жастан асқан 2 мыңға жуық адам өзара бақ сынасты. Әр өңірден үздік шыққан 2 спортшы елордада өтетін финалдық ойындарға жолдама алды.

Шешуші ойындар 25 қазан күні Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді, онда турнир жеңімпазына автокөлік сыйға беріледі.

«Көшпелілердің Асық спорты» халықаралық федерациясының президенті, «Respublica» партиясының Мәжілістегі депутаты Олжас Құспеков ұлттық ойынды жаңғырту – ұлттық және рухани құндылықтарымызды, мәдениетімізді дәріптеуге ықпал етуге және спортшыларға өз шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік екенін атап өтті.

«Ұлттық ойындарымыздың бүгінде қайта өрістеп жандануы қуанышты жағдай. Осындай жарыстарды неғұрлым жиі ұйымдастыру арқылы ұлттық ойындарды барынша насихаттаймыз. Сонымен қатар сайыстар спортшылардың шеберлігін шыңдайды, олардың жан-жақты дамуы үшін зор септігін тигізеді деп есептеймін. Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасында қазақтың тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізу мақсат етілген. Сол алған бағытымыздан таймай, жұмыс жасауды жалғастыра береміз», деді Олжас Хайроллаұлы.

Айта кету керек, «Көшпелілердің Асық спорты» халықаралық федерациясы құрылған жарты жылдың ішінде 14 елде тұрақты асық ойнау федерациялары тіркелді, асық ойнау спорты көшпелілер ойынының тұрақты дисциплинасы болып бекітілді. Енді, екі жылда бір рет әлем чемпионаты өткізіліп тұрады. Алғашқысы биыл ұйымдастырылып, оған 14 елдің өкілдері қатысты.