Кітапхана • 24 Қазан, 2024

Саясат Нұрбек кітапханашыларды құттықтады

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, кітапхана ісінің қазіргі заманғы кадрларын даярлауға басты назар аударылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz министрдің Telegram арнасына сілтеме жасап.

Саясат Нұрбек кітапханашыларды құттықтады

фото ашық дерекөз

«Заманауи кітапхана – бұл тек оқу кеңістігі ғана емес, сонымен қатар жастарды әлеуметтендіру, бейімдеу және интеллектуалды дамыту орталығы. Бұл үдерісте кітапхана ісі қызметкерлері маңызды рөл атқарады. 
 
Бүгін – кітапханашылар күні. Жаңа технологиялар заманында да кітап адамның ой-өрісіне терең ықпал жасап, рухани азық береді. Кітапхана қызметкерлері еліміздегі білім мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр.

Министрлік өзекті әлемнің талаптарына сәйкес келетін кітапхана ісінің қазіргі заманғы кадрларын даярлауға ерекше мән беріп отыр. Сондай-ақ ведомство жоғары оқу орындарының кітапханаларын жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жасап жатыр. Оның жарқын мысалы – Жұбанов университетінің кітапханасы.
 
«Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау еліміздің 12 жоғары оқу орнында жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын артып келеді. 2024-2025 оқу жылында «Кітапхана ісі» бойынша 150 грант бөлінді.
  
Жоғары оқу орындары 24 білім беру бағдарламасын енгізді, оның ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура бар. «Кітапхана ісі», «Кітапханалық педагогикалық қызмет» және «Мұрағаттану» сияқты жаңа бағдарламалар қоғамның цифрландыру жағдайында ақпаратты іздеу, өңдеу және таратудың заманауи әдістерін меңгеруге бағытталған. Сондай-ақ 2024 жылғы тамызда М.Өтемісов атындағы БҚУ «Технопедагогикалық кітапхана қызметі» атты жаңа бағдарлама әзірледі. Бұл бағдарлама мектеп, балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жасауға, педагогикалық қызметтер көрсетуге қабілетті кадрларды даярлауға бағытталған.
 
Сондай-ақ министрлік пен жоғары оқу орындарының кітапханалар қауымдастығы арасындағы меморандумға қол қойылды, бұл мамандарды даярлау стандарттарын және кітапханалар ұсынатын қызметтерді жақсартуға мүмкіндік береді. Министрлік кітапхана саласы мен қызметкерлерінің қажеттіліктерін ескере отырып, қауымдастықпен тығыз жұмыс істейді, бұл жастарға заманауи кеңістік құруға көмектеседі.
 
Құрметті кітапхана қызметкерлері, сіздердің кәсіби қызметтеріңіз – жоғары оқу орындарының ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету сапасының кепілі. Білімге деген адалдықтарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз», деп жазылған құттықтау хатында.