Фото: Астана қаласы әкімдігі
Елорданың Алматы ауданындағы «Интернациональный» тұрғын алабында «Жастар» театрының әртістері өнер көрсетті.
Ал Байқоңыр ауданы «Өндіріс» тұрғын алабындағы алаңда Қуыршақ театрының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Бағдарламада халық ертегілері мен сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлері келгендердің көңілін көтерді.
Есіл ауданындағы «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда көрермен үшін Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы мен Елордалық цирк әртістері өнер көрсетті. Цирк әртістері түрлі-түсті акробатикалық трюктерді, жонглерлік және фокустарды паш етті.
Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, халық аспаптарының сүйемелдеуімен қазақ фольклорының үздік үлгілерін ұсынды.
Нұра ауданындағы Орталық саябақ аумағында «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері көрермен алдында заманауи және дәстүрлі би нөмірлерінің бағдарламасын ұсынды.
Астана қаласының әкімдігі Республика күніне орай Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер өткізіліп жатқанын атап өтті.
Мерекелік іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын алаптардың аумақтарында, білім беру ұйымдарында өткізілді.
Сондай-ақ, Республика күні қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтарына мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды.
Айта кетейік, бүгін сағат 21:00-де Триатлон саябағының аумағында мерекелік отшашу өтеді.