Жаныңды жадыратар әндерді, әншіні тыңдаған кездер ешқашан да естен кетпейді. Ән де, әнші де рухани қазына ғой.
Біздің ұрпақ, ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында аға буын әншілер өнерін тыңдап, олардың орындау шеберлігін санамызға құйып өстік. Бұл үрдіс кейінгі 80-90-жылдарда да жалғасын тапты.
Жасөспірім кезімізде аудан орталығындағы, ауылдағы мәдениет ошақтарына алыстағы әсем қаламыз Алматыдан әншілер, күйшілер, бишілер гастрольдік сапармен жиі-жиі келетін. Олар өз өнерлерін көрсетіп, шалғайдағы әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленетін. Қазір ойлап отырсам, сол алыстағы ауыл сахнасынан өнер көрсеткен аға буын өкілдерінің үні құлақта, бейнелері көз алдымда. Олардың қатарында Қали Жантілеуов, Ғарифолла Құрманғалиев, Байғали Досымжанов, ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндер, Нұрғиса Тілендиев, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Ләззат Сүйіндікова, Бақыт Әшімова, Зейнеп Қойшыбаева... осылай есімдерін жалғастыра беруге болады.
Қазіргі ардақты аға буын әншілеріміз – бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныштығұлова, кейінгі орта буын өкілі Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Алтынбек Қоразбаев, «Дос-Мұқасан» вокальді-аспаптар ансамблі, т.б. өнерлерін сахнадан бірнеше мәрте көріп тыңдасақ та олардың әндеріне, әншілік өнеріне деген ынтық сезімдер еш ортаймайтыны белгілі. Тек арамызда жүрген өнер шеберлерінің сол жылдардағыдай алыстағы әнсүйер қауым мен гастрольдік сапарларда жүздесуі сиреп, жұртшылықпен арасы алыстап барады. Бұған орталықтағы немесе қалалық өнерсүйер қауымды қосып отырғаным жоқ. Алыс ауылдардағы тыңдармандар белгілі өнер шеберлерінің ән-биіне шөліркеп, жүздесетін, кездесетін күн бола ма екен дейді. Әр адамның өз әншісі болады. Мен үшін сондай шын өнер жұлдызы Сара Тыныштығұлова дер едім.
Мәскеуде 1967 жылы шілде айында сол кездегі Одақ астанасының М.Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс бағындағы жазғы «Жасыл театр» сахнасынан қазақтың халық әнінің әсем сазы төгіліп тұрып еді. Талғампаз мәскеулік әнсүйер қауым алқызыл көйлек киген қараторы қазақ қызының қоңыр үнді әсем әнін бар ынтасымен тыңдап отырды. Ол сол жылдардағы Қазақстанның дәстүрлі мәдени күндеріне қатысушы «Қазақконцерт» бірлестігінің жас орындаушысы Сара Тыныштығұлова болатын.
Иә, Сара да барша замандастары сияқты ән әлеміне қызыға ұмтылған тұсы еді. Өзі дүниеге келген бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы) облысы Бөрлітөбе ауданындағы Лепсі өзенінің жағасы – жер жәннаты Жетісу әнге деген құмарлығына табиғи үйлесім тауып өнерге ерте жетелеген екен. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ мектеп сахнасына шығуы – үлкен өнердің алғашқы соқпағына түсуіне жол ашыпты. Ұландар (пионерлер) слетінде «Отан» әнін сәтті орындап үздік өнерпаз атаныпты. Мектепті бітіріп, алыстағы ауылдан әсем Алматыға келіп, филармонияда атақты әнші Жамал Омарова сыныбында оқып, ән әліппесін үйреніп танылған екен. Сол жылдары жазылған ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің алғаш тұсауын кескен әнші ұстазы Жамал Омарова болса, Сара да сол жылдары бұл атақты әнді өз репертуарына енгізіпті.
Сара өткен ғасырдың 60-жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық эстрада студиясына қабылданып, музыкалық білімін жетілдіреді. Ұстазы – Ресей халық әртісі Ирма Яунзем. Сара: «Ұстазым дүниежүзі халықтарының 60-тан астам тілінде ән айтатын, соның сыныбында оқып 20-дан аса тілде ән салуды үйренуім мен үшін үлкен өнер жетістігі еді», дейді. Мен өзім сүйіп тыңдайтын әнші туралы деректерді жинап жүремін. Себебі, руханият саласының өкілдері ұлт қазынасы ғой.
Мәскеу эстрада студиясынан кейін Сара Тыныштығұлованың орындаушылық шеберлігі қазақ ән өнеріне жаңа ырғақ әкеліп, нағыз эстрада әншісі ретінде үлкен биікке жетеледі. 1968 жылы Болгарияның астанасы Софияда өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Сара, сонымен бірге, бірнеше түркітілдес халықтардың, атап айтқанда, якут, қырғыз телефильмдеріне түсуге шақырту алып, өз сөзімен айтқанда «түсі қоңыр ұлттар бейнесіндегі кейіпкерлерді» орындап, өз шеберлігін шыңдай түсті.
Қазақ өнерінен нағыз шоқжұлдыздай жарқырап орын алатын, жастардың эстрадалық «Гүлдер» ансамбліне ол өз үлесін қосты. Ансамбль жетекшісі Гүлжиһан Ғалиева Сарадай талантты әншіні дер кезінде танып, өз бауырына алды.
Сол жылдардағы «Гүлдер» қазақ өнерінің, қазақ сахнасының жалындаған жастық шақтың думандатқан қуанышы мен мерекесі болатын. Әнші Сара сахнаға шыққанда, зал толы көрермендердің ықыласы мен қошемет көрсетуі бөлек еді. Мен үшін Сара әлі де сол жылдардағы жастық қалпында қалған сияқты. 1968 жылы Сара «Жастық шақ жол бойында» атты ансамблімен Батыс Қазақстан облысына гастрольдік сапармен келді. Облыс орталығы Оралда, аудандарда да болып бірнеше өнер кешін өткізді. Сол күндері қараша айының соңына таман аудан орталығы Жымпиты кентінде болып, концертін берді. Үлкен шабытпен өткен концерттен соң, әншімен кездесіп, қолымдағы арнайы алып келген кітабыма қолтаңба жазғызып алдым. Онда: «Жолдығали! Оқуда үздік болып, болашақта үлкен табыстарға жетуіңе тілектес апаң Сара Тыныштығұлова Жымпиты поселкесі. 24 ноябрь. 1968». – деп жазып қолын қойған еді. Бұл автограф мен үшін қымбат саналатын, көптеген ақын-жазушылар өнер шеберлерінің қолтаңбасы жазылған өзге де кітаптарым арасында қимас та қымбат естелік ретінде сақтаулы тұр.
Әнші 70-жылдардың ортасында өз алдына дербес «Жалын» атты вокальді-аспаптар ансамблін ұйымдастырып, жеке концерттік бағдарламалар бойынша өз шығармашылық өнерін халыққа ұсынып, бірнеше жаңа әндерді орындап, тыңдарман қауымның жүрегіне жол тауып, рухани байлығын еселей түсті. Сол жылдардағы, атап айтқанда, 1974-1978 жылдардағы концерттік бағдарламасы және жеке орындаушылық шеберлігі үшін С.Тыныштығұловаға Қазақстанның халық әртісі деген жоғары атақ беріледі. Әнші концерттік бағдарламасымен Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Германияда, Бельгияда, Финляндияда, Венгрияда, Моңғолияда, Пәкістанда, Бирмада, Малайзияда, Сингапурде, Вьетнамда, Шри-Ланкада, т.б. елдерде болып, қазақ ән өнерін дүниенің төрт бұрышындағы әнсүйер қауымға насихаттап құрметке бөленеді. Өз халқының осындай әншісі болу зор бақыт емес пе?!
Саңлақ әншіні соңғы жылдары сахнадан өте сирек көретін болдық. Оның қоңыр үнін, жанға жылы даусын сағынғандай күй кешеміз. Өткен жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып, өз пікірін айтты, әнін ұсынды. Халқымыздың сүйікті әншісі Сараның сахнадан шырқаған әнін концерт залынан көзбе-көз тыңдамағаныма ширек ғасырдан асып барады екен. Иә, әнші тағдыры әнінде...
Былтырғы жылдың қараша айында Астанада өткен қазақтың дүлдүл ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойлық кешіне қатысқан С.Тыныштығұлова ақын сөзіне жазылған «Ән бақыт» атты әнді орындап бергені туралы «Егемен Қазақстаннан» (18 қараша, 2014) оқыдым. Сахна киелі. Сол сахнаны әншінің сағынатын кездері болатыны шындық. Осы мақаланы жазуыма журналист С.Мәметтің: «...Қазақ ән өнерінің бір жұлдызы Сара Тыныштығұлова: «Осы жұртты Ақұштаптың арқасында көргеніме бақыттымын! Бұл күнде біз ұмытылып барамыз ғой!» – деп бір назының шетін шығарып,.. әуенді асқақтатты», деген сөздері себеп болды.
Жолдығали ӨТЕЕВ.
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы,
Аралтөбе ауылы.