Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Депутаттар бұл жолы еліміз бен Македония арасындағы қосарланған салықты болдырмау, ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы кедергілерді жою мәселелерін талқыға салды.
«Қазақстан мен Македония үкіметтері арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қолдау тапты. Келісімнің мақсаты инвестициялық қолайлы жағдайлар жасау, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту және кеңейту болып табылады. Мәжіліс депутаты Темірхан Досмұхамбетов Келісім қос мемлекет резиденттерінің кірістеріне қосарланған салық салуды болдырмайтынын, салық салудан жалтаруға жол бермейтінін, бұл уағдаласушы мемлекеттер арасында тауар айналымы мен инвестициялардың ұлғаюына ықпал ететінін ерекше атады.
Сондай-ақ, депутаттар «Кеден одағына мүше мемлекеттер болып табылмайтын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою туралы Кеден одағына мүше мемлекеттердің келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын да қолдау керек деп шешті.
Келісімде ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссияға өнімдердің белгілі бір түрлеріне қатысты өзара саудада техникалық кедергілерді жою туралы сұранысты жіберуге құқылы екендігі көзделген. Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мүдделі мемлекеттің Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарын қолдануы өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою болып табылатынын айтты.
Бұдан басқа, құжатта мүдделі мемлекеттің аккредиттелген сертификаттау жөніндегі органдары мен ұлттық аккредиттеу жүйесіндегі бағалау мен сәйкестікті растау үшін жауапты сынақ зертханаларының қызметін тануға арналған шарттар көзделген. Бұл ретте, вице-министр былай деді: «ТМД елдері деңгейінде техникалық реттеу саласындағы бірыңғай құжаттарды Достастық мемлекеттерінің мойындауы туралы мәселе әзірге шешілген жоқ. Сондықтан да келісімді ратификациялау өте маңызды». Артынан вице-министр депутаттардың қойған бірқатар сауалдарына жауап берді.
Депутат Светлана Романовскаяның сұрағына берген жауабында Альберт Рау бүгінгі таңда Кеден одағының 32 техникалық регламенті жұмыс істеп тұрғанын алға тартты. Тағы бір белгілі болғаны, 202-ге тарта қазақстандық сынақ зертханасы орталық реестрге тіркелген, сондықтан да тексерістен өткен қазақстандық тауарлар өзге елдерде мойындалады. Алкоголь және өзге де қазақстандық тауарлардың Ресей аумағында қиындыққа тап болып келгендігін алға тартқан депутат Сәкен Жылқайдаров бұл мәселенің шешілуі перспективасын сұрады.
Вице-министр жауабында кейбір қазақстандық өнімдер бойынша жеке келісімдер қажеттігіне назар аудартты. Сондай тауарларға жататын дәрі-дәрмектерге кедергі болатын жәйттерді алып тастау мәселесі 2016 жылдан бастап шешімін табуы тиіс. Ал депутат Тұрсынбек Өмірзақовтың сұрағына орай жауабында вице-министр: «Украинамен сауда айналымы жалғасуда және қосалқы бөлшектер мен шикізат жеткізіліп келеді», деді. Оның айтуынша, екі ел арасында машина жасау саласында 15-ке тарта жоба жүзеге асырылу үстінде екен. Бұл жобалардың іс жүзінде орындалуын вице-министр өзі үйлестіріп келе жатқанын да алға тартты.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов Келісім Кеден одағына мүше және Кеден одағына мүше болып табылмайтын, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара саудадағы техникалық кедергілерді жоюға, ТМД елдері өнімдерінің Кеден одағының бірыңғай кеден аумағына шығуын жеңілдетуге, өзара сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталғандығын атап өтті.
Бұдан кейін палата бірқатар заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдерін бекітіп берді. Атап айтқанда, халықаралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіруге арналған конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы жұмысқа қабылданды. Конвенция 1999 жылы 28 мамырда Монреальда қабылданып, 2003 жылғы 4 қарашада күшіне енген. Монреаль конвенциясы халықаралық әуе тасымалдауда жолаушыларды қорғау дәрежесін жоғарылатады және жолаушылардың мүдделерін тасымалдаушылардың мүдделерінен жоғары қояды.
Үкіметке жолданған хаттарға жауап келе қоймағандықтан, «Бітімгершілік қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобасымен жұмыс жалғасатын болып шешілді. Ал қорытынды әзірлеу мерзімі кейінге шегерілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».