Руханият • 30 Қазан, 2024

Ел бірлігін айқындаған мешіт

1006 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жуырда Қызылжардың «Береке» шағын ауданында ерекше сәу­лет­ті, зәулім мешіт бой көтерді. Солтүстік Қазақстан облысы орта­лығындағы бұл имани орталық еліміздің төрт тара­пының бірлігін, сондай-ақ тарихқа адалдықты дәлел­дегендей болды.

Ел бірлігін айқындаған мешіт

Оның ашылу салтанатына — Қазақстан мұ­сыл­мандары ді­ни­ басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қаһар­ман­дар» рес­пуб­ликалық қорының президенті Сабыр Қасымов, Қазақ­станның құрметті судьясы, заңгер Бекет Тұрғараев, ҰҒА академигі Дихан Қамза­бекұлы, филология ғылымдарының док­торы, алаштану­шы Тұрсын Жұртбай, әлихан­танушы, РhD Сұлтан Хан Аққұл­ұлы, филолог ғалымдар, Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарихшы-ғалым Жомарт Жеңісұлы, алаштанушылар Сағымбай Жұма­ғұ­лов, Қайырбек Кемеңгер, Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі сая­сат басқармасы бастығының орынбасары Кемел Оспанов, ақ­са­қалдар, қоғам бел­сенділері, журналистер және т.б. таны­мал азаматтар қатысты.

2021 жылы Астанада Алаш қайраткерлеріне арнап ескерткіш ашылғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алаш — хал­қы­мыз үшін қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығы­ның сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениеті­мізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшіл­­дік идея­сын жаңғыртты», деген еді. Мына руханият ордасы – Президенттің сол сөздерін жаң­ғыртып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен ұлт зиялылары рухына бағышталып салынған мешіт. Сондықтан да оның ашылуына еліміздің атақты алаштанушы азаматтары қатысты. Бұл шағын аудан кезінде «Бензострой» аталып, тұрғындармен қатар қала­ның жанар-жағармай қоймалары орналасқан өндірісті аумақ болатын. Тәуелсіздіктің кейінгі жылдарында ол жаңғы­рып, жаңа үйлер түсіп, сәулетті құрылыстар бой көтеріп, аты да «Берекеге» өзгерген еді.

Белгілі ғалым, әлихантану­шы Сұлтан Хан Аққұлұлының зерттеуінше, 1916 жылғы «Июнь жарлығымен» майданның қара жұмысына алынған қазақтың 19 бен 31 жастағы жігіттерінің тағдырына жаны ашып, Әлихан өзі бастап, Петербург, Мәскеу, Қазан қалаларында оқып жүр­ген қазақ жастарын да бұл іске шақырып, тіл білмейтін қан­дас­­­тарымыздың арасына барып, тілмәш рөлін атқаруды, тама­ғы мен киімдерінің, жатын орын­­дарының дұрыс болуын қа­да­­ға­лауды, ауырғандарының ем­­де­луін ұйымдастыруды тапсырады.

Қалың ел, қазақ даласы Әлихан­­ның майданға барған жас­тарды қорғаған ерлігін жоғары баға­лады. «Қазақ» газетінде Қар­қа­ралы өңірі жігіттерінің атынан Азнабай Сәбекұлы деген азамат Әлиханның ісіне алғысын айта отырып, «оқыған жас қазақтарға ұран шақырып, жұмысқа алынған бауырларына бас-көз болуға басшы болған Әлихан мырзаның атына бір белгі қалдыруға жәр­дем жиып, бір сенімді кісінің қолына тапсырып жатырмыз», деп жазады. Осындай ойлар еліміздің барлық түкпірінде айтылып, сол кездегі ұлт зиялылары Мәшһүр Жүсіп, Әріп ақын, Көкбай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Қошке, Смағұл, т.б. қолдап, үн қосады. Бәрі де Әлиханның атына бір мешіт немесе мектеп, медресе салуды, оның атынан бір стипендия тағайындауды қолдайды. Шәкәрім Әлиханның ерлігіне ескерткіш орнатуды «ар қарызы» деп атаған. Алайда сол кездегі аумалы-төкпелі заман бұған мұрсат бермеген. Ал Президент Қ.Тоқаев Әлихан­ның қайраткерлігі туралы: «ХХ ғасырдың басында Әлихан бас­таған қазақ зиялылары ұлт­тық мүдде жолында аянбай ең­бек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», деп жазған еді.

Әлиханның атын ардақтауға еліміз тек Тәуелсіздік алған жылдарда ғана қол жеткізді. Қазір елі­міздің барлық қаласында дер­­­лік оның атында аудан, көше, оқу орындары, ескерт­кіш­, алаңдар бар. Алаш ардақ­ты­ла­рының бәрінің табаны тиген Қызыл­жарда да 2019 жылы осы «Береке» шағын ауданында Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ашылды.

Алаш көсемінің ардақталып, жарқын есімінің өскелең ұрпақ­қа танылуына үлкен үлес қо­сып жүрген азаматтардың бірі – Шым­кент өңірінен шыққан белгілі кәсіпкер, меценат, техника ғылымдарының кандидаты, «Отырар-Чарити» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Әбдімәжит Сыздықбек. Ол Әлиханның есімін ұлықтау еліміздің терістік қақпасында кемшін екенін ескеріп, «Береке» шағын ауданына Әлихан орта­лығын, ортасына Әлихан мешітін салмақ болып іске кіріседі. Оны бұл іске қамшылаған жоға­рыда айтқан Шәкәрімнің «ар қарызы» деген мақаласы екен. Мешіттің ашылу салтанатында өзінің аруақ алдындағы пары­зын орындағанын айта келіп, Әбді­мәжит Саттарұлы: «Бұл мешітті еліміздің оңтүстік өңірі халқынан солтүстіктегі ағайынға сыйлық деп қабылдаңыздар!» деді. Сонымен бірге ол қаладан жер алуда, түрлі кедергілерді еңсеруде Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Айдарбек Сапаровтың көмек қолын созғанына ризашылығын білдірді. Сөйтіп, жаңа мешіттің бір сипаты – еліміздің түстігі мен терістігін жақындатқандай болды. Бас мүфти Наурызбай қажы киелі Қызылжар өңірінде ежелден мешіт, медреселердің көп болғанын ауызға алды. «Атақты Науан қазірет, Мәшһүр Жүсіп, т.б. дін қайраткерлері Қызылжар медресесінен білім алған. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдардың бірі – мешіт салу. Мешіт мұсылман қауы­мын бірлікке үндеп, ізгі істерге ұйытады», деді. Республикалық «Қаһармандар» қорының пре­зи­денті Сабыр Қасымов Әлихан ме­шітінің ашылуы кезекті іс-шара емес, халқымыздың қаһар­ман перзентіне деген құрметі мен ықыласы. Ол осыдан 110 жыл бұрын салынуға тиіс еді. Өкінішке қарай, қазақ жеріне сырттан таңылған большевиктік төңкеріс пен азамат соғысы салдарынан мешіт салынбай қалды, дей келіп ол: «Алғашқы білімін молдадан алған Әлекең сынды Алаш зиялылары мұсыл­мандықтан айырылған жоқ. Дәстүрлі дініміз қазақты ғана емес, исі түрік халықтары бір­лігінің сақталуына қызмет етті. Сондықтан да Алаш зиялылары большевиктердің дінсіздік саясатына қарсы тұрды», деді. Одан әрі шешен өзі қызмет істейтін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында Әлиханның өз халқына, Отанына биік дәрежеде адал қыз­мет етудің үлгісін көрсетіп, ұлы ерлік жасағандығына көзі жеткенін айтты. «Оның ісі қазір­гілерге де, болашақ ұрпаққа да, әсіресе саяси лидер боламын деген тұлғаларға үлкен үлгі-өне­ге. Ол азаттық туын көтеріп қана қоймай, ұзақ ғасырларға созыл­ған отаршыл саясаттан әбден қалжыраған, жаншылған халқын бостандық жолындағы күреске жұмылдыра білді. Шөгіп қалған халқының еңсесін көтер­ді. Ұлттық мемлекеттіліктің жан­дануына, егеменді Қазақ мем­лекетінің құрылуына дейін жеткізді», деді. Сонымен қатар Сабыр Ахметжанұлы: «1917 жылғы Ақпан төңке­рі­сінен кейін Әлихан Ресейді демократия­лық мемлекетке айна­лады деп үміттеніп, оның Федеративті демократиялық рес­публика құру идеясын қолдап, Ресейдің демократиялық мемлекет болуына көмектескісі келді. Демо­кратиялық Федерация шең­берінде тәуелсіз мемлекеттің әлеу­меттік, саяси және өзге де негіз­дерін жасауды мақсат етті», деді. Алайда Петроградтағы мемлекеттік төңкерістен соң большевиктер 1917 жылы 25 қазанда Ресейдегі билікті басып алып, диктаторлық билік орнатқаннан кейін Әлихан өзге де Алаш зиялыларымен бірге 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпы қазақ съезін (құрылтай) ұйымдастырып, республикалық үлгідегі Алаш егеменді автономия­сын құрып, Ә.Бөкейхан басқар­ған Алашорда ұлттық үкіметі сайланғанын айтты. С.А.Қасымов: «Мемлекеттік комиссия ғалымдары мен сарап­шылары бұрын қолжетімсіз бол­ған архив деректерін, әсіресе бұрын зерделенбеген өңірлік ­архив мәліметтерін талдау негі­зінде Ә.Бөкейхан басқарған «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметі дәуірі – қазақ халқының ұлттық Ренессанс дәуірі болды деген қорытындыға келді. Егер де, демократиялық, бейбіт сайлау болған жағдайда, «Алаш» партиясы Қазақстанда кез келген саяси күшпен, соның ішінде большевиктік-ком­му­нистік партиямен бәсекеге түсіп, жеңе алатын еді. Біздің ғалым­дарымыз бен сарапшы­ла­рымыз Ә.Бөкейханның мем­ле­кеттік саяси қызметін жоға­ры бағалап, халықтың нағыз ағартушы көсемі, өзінің негізгі стратегиялық бағдарламалары мен мақсаттарынан ешқашан айнымаған табанды көзқарасын өзгертпей, даналық пен такти­калық икемділік үлгісін көр­сет­кен дана адам деп санайды», деп сөзін қорытты.

Ұлт мүддесі жо­лында бел­сенді қызмет ат­қа­рып жүрген Бекет Тұрғараев «Ке­шегі көсем­деріміз «Оян, қазақ!» десе, бүгінгі қазаққа «Ойлан, қазақ!» деуіміз керек. Мемле­кет­тігі­мізді, ұлт­ты­ғымызды, иман­ды­­лы­ғы­мызды, мұсылман­ды­ғы­­мызды сақтау үшін біз әлі көп жұмыс атқа­руымыз керек. Жаһан­данудың жағымсыз әре­кет­те­ріне жыртылып кетпей, ұлттық дәстүрімізді, тілімізді, діліміз бен дінімізді сақтай білуіміз керек. Соны сақтаудың берік қорғаны – ашылып жатқан мешіт», дей келіп, оны тұрғызған Әбдімәжит Сыз­дық­бекке ризашы­лы­ғын білдірді.

«Береке» шағын ауданына салынған бұл мешітке «Береке мешіті» деген ресми атау беріл­ді. Сыртына Әлихан Бөкейхан рухына арналып салынған мешіт екені жазылған тақта ілінген.

Имандылық ордасының тағы да бір елдік сипаты – ішінде «Алаш кітапханасы» бөлмесінің жабдықталуы дер едік. Мұнда отандық құнды зерттеулер мен мұралар жинақталыпты.

ва

Шымкент қаласындағы №90 мектеп оқушылары жасаған Тайқазанның көшірмесі

Жалпы, жиын барысында қазақ елінің, солтүстік өңірдің имани береке-бірлігі көп айтылды. Стратегиялық маңызы бар аймақта дінаралық татулық та, этносаралық ынтымақ та аса керек. Соның ішінде ұлт бірлігі маңызды. Бұйырса, еліміздің әр өңірі азаматтары теріскейге меценат Ә.Сыздықбек мырзадай үлес қосып жатса, бұған ел бек қуанады.

Сонымен Қызылжарда ауыз толтырып айтарлық, аса сәулетті бір діни орталық бой көтерді. Онда ғибадат етуге де, көруге де, ішіндегі Тайқазанның көшірмесін ұстауға да ұмтыла­тын адамдар легі азаяр емес. Ал Тайқазанның бұл көшірмесін Шымкент қаласының №90 мек­тебінің оқушылары өз қолы­мен ағаштан жасап, Ясауи кесенесінің нақ өзінде соңғы сәйкестендіру жұмыстарын аяқтап,  Қызыл­жар өңірі жаңа мешітіне сыйға тартты. Мешіт­тің имамы болып Абылай Құрсақов тағайындалды. Ол бұрын осын­дағы ескі мешіттің имамы еді. «Береке» шағын ауданындағы Алаш рухына бағышталып тұрғызылған мешіт берекеге бас­тайды деп сенеміз.

 

ПЕТРОПАВЛ