Төтенше жағдай • 31 Қазан, 2024

Тоғыз айда 28 адам опат болды

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы тоғыз айда түрлі өрттен Солтүстік Қазақстан облысында 23 адам қайтыс болды, 5 адам газға тұншығып қаза тапты. 28 тағдырдың сыртында бала-шағасы, ата-анасы тұрғанын ескерсек, бұл оқиғалар жүздеген адамға қайғы құштырып кетті. Миллиондаған теңгенің материалдық шығындарын әкелді. Оның үстіне 35 адам өрттен қатты жарақат алды.

Тоғыз айда 28 адам опат болды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өрттен опат бол­ған­дардың үшеуі бала. Соның ішінде Есіл ауданындағы Ильинка ауылында өртеніп кеткен екі баланың қайғысы жақындарына ауыр тиді. Үйде жалғыз қалған тоғыз және үш жастағы бала жанып жатқан пештің аузы ашылып кеткен шаладан тұтанған өрттен тұншығып өлген. Күндізгі сағат 10-да басталған өрт екі са­ғат­тың ішінде сөндірілгенімен, балалардың өмірін қиып кетті.

Тілсіз жауға құрық беретін себептің бірі – алкогольдік ішімдік. Өрттен қаза бол­ған­дардың алтауы – ал­когольдік ішімдіктің кесірінен мас кү­йінде ұйықтап қалғандар. Сол­түстік Қазақстан облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Рас­тихин: «Өрттің негізгі бөлігі жекеменшік секторлардың үй­лерінен шығады. Тоғыз айдағы барлық өрттің 74 пайызы, яғни 226-сы солардың үлесінде. 47 өрт автожолдардағы апаттардың кесірінен болды», дейді. Өрт­тің тағы бір себебі – электр жаб­дықтарының дұрыс орнатылмауы. Сондай-ақ дұрыс пайдаланылып, уақтылы жөндеу жасалмаса, от жағылатын пеш­тердің де қаупі зор.

Қазір от жағу маусымы бас­­талды. Жуырда ғана Пе­тро­павлдың Зайцев көше­сін­дегі қатар салынған 84 шаршы метрлік екі үй жанып, пә­терде тұратын үш адам өр­теніп кетті. Біреуі 2021 жылы туған бөбек. ТЖ сарапшылары өрт тұрғындардың ішімдік ішіп, ұйықтап қалғандығынан шыққан деген қорытындыға келді. Мұндағы өртте бір адамды ТЖ қызметкерлері құтқарған. Қазір үй иесі Ж.Лысенконың үстінен пешті дұрыс салмай, пәтершілерге жалға бергеніне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Тағы бір өрт «Ракета» сая­жай бірлестігінен шықты. Сая­жайдың иесі, 1953 жылы туған адам өртте қалып, жанып кетті. Үй иесі мас күйінде, қолын­дағы сөндірілмеген темекісімен ұйық­тап қалған.

Өрт сөндірушілер қар кетіп, дала құрғаған сәуір айының басынан басталған жеті айды «өрт қаупі мол кезең» деп атайды. Өйткені жауын аз болса, құрғаған шөп пен былтырғы қау отқа тез тұтанады. Лақтырып жіберген темекі тұқылынан да өрт кетуі мүмкін. Биыл да осын­дай 63 өрт шығып, 7,1 гек­тар жерді күйдірген. Деген­мен мұндай өрттің саны был­тырғыдан екі есе аз. Сондай-ақ үйіліп тұрған шаруа­лардың шөбі мен сабанынан да өрт шығады. Биыл осындай 18 өрт болыпты, бірақ былтырғымен салыстырғанда бұл да азырақ. Өрт сөндірушілер далалы жерлерге жиі шығып, бақылауды жүйелі жүргізіп тұрады. Рейдтердің барысында 148 адамға әкімшілік жаза белгіленген. Ал БАҚ арқылы өрт қа­уіпсіздігін сақтау туралы 1197 рет жарияланым жасалған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы