Қоғам • 31 Қазан, 2024

Такси қызметін біріктіру кімге тиімді?

97 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында ­кө­лік­­­пен жолаушылар тасымалдау саласына, әсіресе такси қызметін реттеуге қатысты заң жобасы қарал­ған еді. Осы өзекті мәселенің жай-жапсарын жіпке тізіп, ­де­путаттар алдында Көлік министрі Марат Қара­баев заң жобасын баяндады. Бірінші оқылымда-ақ де­пу­­­­тат­­тардың сынына ұшыраған бұл заң жобасының қо­­ры­тындысын әзірлеу екінші оқылымға қалдырылған.

Такси қызметін біріктіру кімге тиімді?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бірден тоқ етерін айт­сақ, егер осы заң­на­ма қабылданатын болса, елдегі такси қызметін ұсынушылар бұдан былай өзін-өзі реттеуге қатысудан тыс жұмыс істей алмайды. Яғни бұл заң өзін-өзі реттеуге міндетті түрде қатысу талаптары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс беретін мобильді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостансалар мен жолаушыларға қыз­мет көрсету пункттерінің қыз­мет­теріне де қатысты болып отыр.

Көлік министрі М.Қара­баев­тың айтуынша, құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару», «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеу­ге қосылуға міндеттейді. Әйт­песе олардың қызметі заңсыз деп танылады және Қазақстан аумағында қызмет көрсетуіне шектеулер қойылады.

Бұдан былай олар өз қыз­метін жалғастыру үшін Авто­та­сымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйым­дарға бірігуі керек. Жалпы, бұл өзгерістер жалдамалы жұмыс­керлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты емес. Яғни заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жалдамалы жұмысшылары жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты такси тасымалын ұйымдастырудың қолданыстағы нормаларын сақтау туралы түзетулер енгізе алған.

Әрине, заң жобасын жалпы отырыста талқылау кезінде де, одан кейін де қоғамның да қызу талқысына қалды. Себебі бүгінде жұмыссыз қалған, не негізгі жұмысынан тыс уақытта бала-шағаға қосымша нәпақа болсын деп қаншама адамның такси қызметімен күнелтіп жүр­гені белгілі. Ал оларды өзін-өзі реттейтін заңнама аясында бір ұйымның қарамағына кіргізіп, оған тұрақты жарна төлеп тұруға міндеттеу – таксистердің де, халықтың да ашуына тиетін-ақ жағдай.

Депутат Ринат Заитов өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында елде кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын құрылым­дардың онсыз да көп екенін алға тартып, министр М.Қарабаевқа таксистердің қожайынын көбей­те бергеннен пайда бар ма екен деген сауалын бағыттаған-ды.

– Қателеспесем, біздің елде кәсіп­керлердің мүддесін қор­ғайтын бір емес, екі палата бар. Жолаушы тасымалдаушылар да – кіші кәсіпкерлік өкілдері. Неге бұларды да жоғарыда айтқан палаталар басқара салмайды? Әйтеуір бас-басына бір қожайын тауып береміз. Сондықтан біріншіден, таксистерді осыншама отарлаудың қажеті қанша, екіншіден, бұлар өзі шулы қауым, егер таксистер дүрлігетін болса, жауапкершілікті өзіңіз мойныңызға аласыз ба? – деді Р.Заитов.

Сала жетекшісі мем­лекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкерші­лікті мойнына толық алатынын жеткізді. Ал осы заң жобасын жұмыс топтарында қарау кезінде министрлікке таксистерді де бірнеше рет жинап, бірлесе талқылағандарын айта кетті.

– Шыны керек, алпауыт интернет агрегаттардың қасында олардың құқығын қорғайтын ешкім қалмады. Сондықтан бұл жерде өзін-өзі реттейтін бір ұйымға мүше болған соң, олардың қабылдаған қағидасы аясында, ең алдымен, қарапайым жүргізушілер өздерінің құқығын қорғайтын талаптарды қоя алады және соны талап ете алады. Сол себепті өзін-өзі реттеу ұйымы­ның түпкі көздегені – нағыз қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғау, – деді министр.

Осы ретте өзін-өзі реттеуге қатысудың мүшелік жарнасын заң жобасында көрсетілгендей Автотасымалдаушылар палата­сының мүшелері өздері бел­гілейді. Онда таксиге тапсырыс беру қызметтері мен қо­сымшалары 2-ден 700 АЕК-ке дейін деп көрсетілген. Осы жерде такси қызметіне қатысты жарна көлемінің өзгелерге қарағанда едәуір көптігі, оны нақты кімнің төлейтіні, расында көп сұрақ тудырды. Бір айта кетерлігі, депутаттардың бас­тамасымен заң жобасында өзін-өзі реттеуге қатысу жарналарын төлеу бойынша шығындарды қызметкерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған. Және осы талап заң жобасына норма болып енгізіліпті.

Осы орайда депутат Асхат Аймағамбетовтің биылғы нау­рыз айында-ақ көлік, жолау­шылар тасымалын реттеуге қатысты заң жобасы талқысынан кейін өзінің Телеграмдағы арнасында осы мәселеге қатысты әлі де көптеген сұрақ туындап тұрғанын мәлімдеген еді.

– Мәжіліс қарап жатқан такси жүргізушілері мен тасымалдаушылар үшін міндетті жарналарды енгізу және өзін-өзі реттеу­ші ұйымдарды (автокөлік тасымал­даушылар палатасын) құру туралы заң жобасы бойынша көптеген сұрақ туындайды. Бұл тасымалдаушылар палаталары кімнің мүддесі үшін құрылатыны, оған мүше болу үшін міндеттелетін жарналарға байланысты такси мен тасымалдау құнының қымбаттауынан басқа не беретіні анық емес. Алдын ала есептеулер миллиардтаған теңге жар­налардың жиналатынын көрсетеді (кейбір бағалаулар бойынша, тіпті 10 млрд теңгеден асады). Осыған орай такси жүр­гізушілері мен тасымалдаушылар үшін міндетті жарналарды енгізбеу туралы түзету бердім, – деген еді депутат.

Ал жақында ғана дәл осы мәселеге қатысты тағы пікір білдірген А.Аймағамбетовтің бұл заңнама төңірегіндегі бұл жолғы қарсылығы алдыңғысына қарағанда қаттырақ шықты.

– Көлік министрлігі 100 мың­даған таксистен ай сайын ақша жинауды міндеттеу туралы норманы заң жобасында ұсынды. Бірақ бұл такси қызметінің құ­нын барлық тұтынушы үшін қымбаттатуы мүмкін еді. Олар бұл жарнаны қауіпсіздік үшін қажет деп түсіндірді. Бірақ ондаған млрд теңге біреудің қал­тасына түскенде, қауіпсіздік қалай күшейеді? Депутаттар бұл міндетті норманы заң жобасынан алып тастады, бірақ жобаның кемшіліктері мұнымен біт­пейді. Иә, тасымалдау саласында проблемалар бар, қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр. Бірақ министрлік неге бұл проблемаларды шешпеді? Өзін-өзі реттеу жүйесін атүсті енгізу қауіпсіздік мәселесін шешпейді. Бұл жерде жүйелі көзқарас пен нақты шешімдер қажет. Басқасын айт­пағанда, мемлекеттік бақылау мен жа­уап­­кершілік, реттеу, монополия қаупі, қауіпсіздік мәселе­сі бағыттары бойынша сұрақ көп. Меніңше, бұл заң жобасы толықтырулар мен өзгертулерді қажет етеді. Министрлік бақы­лауды күшейтіп, монополия қаупін азайтып, жүйелі реформалар жүргізуі қажет, – деген А.Аймағамбетов жүргізу­шілердің әлеуметтік қорғауын жақсарту шараларын да енгізу керегін алға тартып отыр.

Ал 23 қазан күнгі жалпы отырыста министр М.Қарабаевтан кейін қосымша баяндама жасап, заң жобасының қорытындысын оқыған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жұмыс тобына комитеттер мен депутаттардан 151 түзету келіп түскенін, Мәжілістегі барлық комитет осы заң жобасы бойынша қорытындыларын бергенін баяндамасында атап өтті.

Сондай-ақ депутат Мұрат Әбенов бұл өзін-өзі реттеу заңна­масы ақпараттық ашықтық, бәсекелестік тұрғысынан елімізге керек екенін жеткізді.

– Саланы реттеуге де оңай болу үшін ең басты көздегеніміз осы болып тұр ғой. Бірақ бұл жартылай ғана құрал емес пе? Біз бәріміз біліп отырмыз қазіргі таңдағы ең негізгі монополист – «Яндекс.Go». Яндекс өз картасы арқылы бірде-бір басқа жүйені кіргізбейді. Америкалық «Uber» кіріп көрді, шығарып жіберді. Қытайлықтар да кіріп көрді, болмады. «Яндекс.Go» бір өзі ғана қалды. Ал ол өзін-өзі реттеу жүйесіне кірмейді, тек оған қарасты таксопарктер кіреді. Яндекс қазір әкімшілік органдарға да ақпарат бермейді. Қай жерде қаншама көлік жүр, ешқандай ақпарат жоқ. Сізде де жоқ ондай ақпарат, – деген М.Әбенов егер «Яндекс.Go»-ға балама екінші платформа енгізбесек, қолға алып жатқан жұмыстың бірде-біреуі нәтиже бермейтінін ескертті.

Ал М.Қарабаев заңда осындай интернет агрегаттардың өзін-өзі реттейтін ұйымға міндетті түрде кіруі қарастырылғанын жеткізіп, «Яндекс.Go»-дың міндетті түрде кіретінін айтып, ант-су ішті. Ертең бекітілетін қағидалар мен стандарттар арасында олардың толық ақпарат беруі, оның ішінде өзіне басқа мүше болған қарапайым жүргізушілерге де ақпарат беруін қарастыруды көздеп отырғанын да қоса кетті. Бірақ бұған «Яндекс.Go» көне қояр ма, бұл – уақыт еншісіндегі сұрақ.

Сондай-ақ Көлік министрі жаһандық брендтердің арасынан Еуропада жақсы жұмыс істеп тұрған бір компания келіссөздер жүргізіп жатқанын айтып қалды. Министрліктің жоспарына сүйенсек, бұл қазіргі «Яндекс.Go» мен отандық «Апару» такси қызметіне бәсекелес болатын ішкі нарықтағы үшінші ойыншы болмақ.