Сурет: ru.freepik.com
Онлайн сауда үлесі – 30%
«Сауда әлеміне қатысты технологияның барлық үрдісі үстем күшке ие бола бастады. Енді сауда саласына қатысты тиісті ережелер мен заңдарды талапқа сай жүйелендіріп, цифрландыруға басымдық беретін кез келді. Бұл формат аз уақыт жұмсап, көп ақша табуға жол ашады. Бір заң немесе бір ережемен 30 жыл жүре беретін уақыт өткеннің еншісінде қалды. Ал біздегі қолданыстағы заңның біразы 10-20 жыл бұрын дайындалған», дейді Е.Сарғалдақова.
«Infoline» компаниялар тобының негізін қалаушы, әрі бас директоры Иван Федяковтің айтуынша, елімізде маркетплейстердің дамуы көп арналы ойыншылардың онлайн-сатылымынан едәуір озып тұр.
«Қазақстанда 1,5 млн адамның несиесі бар. Бұл олардың сатып алу қабілетіне кері әсерін тигізеді. Бөлшек сауданың 70%-ға жуығы қазіргі заманғы форматтар мен e-commerce-ке тиесілі. Ресей мен Беларусьпен салыстырғанда, Қазақстанда қазіргі заманғы арналар үлесі тек 30%-ға жетті. Сатылымның басым бөлігі әлі күнге дейін дәстүрлі базарлар мен шағын дүкендерде шоғырланған. Алайда елде онлайн-сауда мен жеткізу қызметі, әсіресе курьер саны едәуір ұлғайған», деді Иван Федяков.
Оның сөзінше, отандық ритейлдің 15%-ы ғана мобильді интернетке жүгінеді. Бұл қалыпты жағдай, мұндай құбылысты ресейлік ритейлерлер де бастан кешкен дейді.
«Онлайн сауда жүргізетін сайттар сұранысқа ие. Бірақ дәл қазір сауданың классикалық және электронды жүйесін қатар алып жүргендер ұтады. Сауданың екі сегментіндегі жағдай мылтықсыз майданмен бірдей. Дәстүрлі сауда онлайн сауданың кейбір белгісін бойына сіңіріп жатыр. Онлайн сауданың тұтынушылары жасарды. Осыдан бірер жыл бұрын тұтынушылардың 90%-ы 25 жасқа дейінгілер болса, қазір 35-40 жастағы толқын да онлайн саудаға басымдық береді. Интернет сауда жас құрамы жағынан ғана емес, сапалық жағынан да жақсарды. Бірақ технологияның дамуына ілесе алмай жатырмыз. Батыс әлемі саудасында бәсі басым технология бізге жеткенше ескіріп қалады. Бізге технологиялық логистикалық тізбектен орын алып, сауда менеджментін өзгерту керек. Себебі ойын ережесі жыл емес, ай сайын өзгеріп жатыр. Алдағы бес жылда мобильді ритейлерлер қатары 45-50 жастағылармен жаңарады деп үміттенеміз», дейді Иван Федяков.
Өзге елдерде өсім бар ма?
«Magnum» сауда желісінің коммерциялық директоры Александр Муравьев 2024 жылы компания қаржылық тәртіпті жақсарту мен қорларды басқару үшін операциялық тиімділікке, ассортиментті қысқартуға баса назар аударғанын атап өтті.
«Қазір ритейлер сатуды оңтайландыру мақсатында жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Бұл негізгі тауарлардың ұсынылуын 85%-дан 95%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бірақ кедергі де бар. Елімізде сатып алу қабілетінің төмендеуі байқалады. Соңғы үш жылда LFL позициясындағы инфляция шамамен 40%-ды құрайтынын талдадық, бұл тұтыну қоржынының мөлшеріне әсер етпей қоймайды. Сондай-ақ ешқандай бақыланбайтын сұр импорт көлемі өрістеп тұр. Бүгінде біз өндірушілермен бірге үй жанындағы дүкендердің сұр импортымен күресіп жатырмыз. Сондықтан біз биыл осындай ауқымды, мықты промо акцияларды іске қосамыз», деді А.Муравьев.
Өзбекстанда «Baraka Market» компаниясы «үйдегі дүкендер» форматында сапа мен ассортиментке сүйенеді. Қазір сауда желісінде 41 дүкен жұмыс істейді. Сауда желісінің коммерциялық директоры Марина Полякованың айтуынша, дәстүрлі базарлармен бәсекелестікке қарамастан, «Baraka Market» жаңа өнімдерді ұсына отырып, сатудың 20%-ға өсуін көрсетті.
«Қазіргі заманғы бөлшек сауда үлесі бізде 15%-ды құрайды. Қалғандарының барлығы – нарықтың 85%-ын еншілейтін базарлар. Сәйкесінше, желілер сатып алушы үшін өзара бәсекелеспейді. Әрине, базармен бәсекелестік болады. Бірақ 2024 жылы онлайн сауда нарығына шығуды барынша сезіндік. Біз онымен fresh санатындағы сапа мен ассортиментті қайта қарау арқылы ғана бәсекелесуге болатынын түсіндік», дейді Марина Полякова.
Әзербайжанның «Rahat Market» сауда желісінің коммерциялық директоры Анар Аббасовтың айтуынша, компания құрамына түрлі форматтағы 105 дүкен кіреді және өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға өсім көрсеткен. Бұл жетістікке дүкендер санын арттыру, басқарушылық сараптамалық есептер және 2024 жылы жүргізілген агрессивті маркетингтік саясатпен жұмыс істеу есебінен қол жеткізілді. А.Аббасов сондай-ақ сыйлықақы маркет-форматтарына инвестиция салу компанияға нарықтағы өз позициясын нығайтуға көмектесетінін қаперге салды.
Тәжікстаннан келген AMID сауда желісінің коммерциялық директоры Мирзокалон Калонзода жергілікті бөлшек сауда нарығы енді ғана дамып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан жаңа дүкендердің ашылуы желінің табысты қызметінің негізгі факторына айналған.
«MyMart» сауда желісінің коммерциялық директоры Ольга Бородий компанияның даму қарқынының жоғары екенін айтады. Өткен жылы «MyMart» желісінде 26 дүкен болса, 2024 жылы 80 сауда нүктесі ашылған. Орталық Азия елдері нарығының даму серпініндегі айырмашылықтарға қарамастан, сарапшылар сала Қазақстан мен Орталық Азияда e-commerce пен қазіргі заманғы сауда форматтарын кеңейту есебінен белсенді дамитынына сенімді.
АЛМАТЫ