Әлемді аузына қаратқан әнші 1959 жылы Атырау облысының Жылыой ауданында, Құлсары кентінде дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға құмартқан жас талант Алматыға арман қуып келеді. Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық бөліміне оқуға түсіп, үлкен өнерге ұмтылады. Әйел дауысты ер әншінің классикалық туындыларды орындау шеберлігі, оның вокалдық өнері консерваториядағы ұстаздар қауымы мен музыка мамандарын еріксіз таңғалдырады. Өнер иесінің сирек дауысы бар назарды жаулап, өзі де талантының алабөтен екенін түйсіне бастайды.
«Консерватория ректоры Ғазиза Ахметқызы жас жігіттің тым бөлек дауысын тыңдап жүріп, бір күні өзіне шақырып алады да: «Шырағым, сенің дауысыңмен жұмыс істейтін педагог бізде жоқ, мұнда дауысың өзгеріп кетеді, сен Мәскеу консерваториясына барып түс, сонда ғана бір кісі бар» деп кеңес береді» деп жазады Сауытбек Абдрахманов «Елдік сыны» кітабында. Осылайша, өз деңгейіне лайықты білім іздеген өнерпаз Мәскеуден бір-ақ шығып, Гнесиндер атындағы музыкалық институтқа құжат тапсырады. Қабылдау емтиханында «Орлеан бикеші» ариясын орындап, тыңдаушыларды екіұдай күйге түсірген. Қазақ баласының көкке шаншылған альт дауысы кәсіби мамандарды таңғалдырғаны анық. Әрқашан өзін-өзі өсіруге, дамытуға құмар өнер иесі Мәскеу музыка институтын бітірген соң білімін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының аспирантурасында жалғастырып, Н.Дорлиак, Л.Бьенер, А.Рейнольде, Ф.Кертин, Р.Кейселли сынды профессорлардан шеберлік сабақтарын алады. Оқумен қатар филармонияда, Стас Наминның музыкалық орталығында жұмыс істейді. 1987 жылы Хертогенбошеде өткен жас орындаушылардың халықаралық байқауында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннесс кітабына енеді және оны аты аңызға айналған италиялық әнші Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді. Сирек дауыстың диапазоны одан сайын кеңейіп, атағы аспандай береді.
Өмірдің, әлде өнердің жазылмаған заңдылығы солай ма, ерекше таланттар тағдырлы келеді. Ерік Құрманғалиев те тағдырлы тұлға. Кеңес одағындағы алғашқы контртенордың шығармашылығы туралы ресейліктер «Дауыс», «Альттің оянуы», «Сәлім-Меруерт» атты деректі фильмдер түсірді. «Аты аңызға айналған адам» деп әспеттеді.
«Мен табиғатымнан космополит әншімін. Маған Жер шарының қай қиыры да жат емес. Ешқандай діни ұстанымым жоқ», дейді өзі «Московский комсомолец» газетіне берген сұхбатында. Иә, өнерде де, ерекше өнерпаздың талғам-көзқарасында да шекара жоқ. Сирек дауысы тұншықпаған сахнаның бәрінде шырқай берері анық.
Ақын Маржан Ершу «Ерік Құрманғалиев» атты кітап жазғанын білеміз. Аталған еңбекте тау-тұлғаның балалық шағынан бастап, қысқа ғұмырының қырлы-қатпарлы тұстары да баяндалады.
«Ерік Құрманғалиев өмірінің, өнерінің жұлдызды шақтарын елінен жырақта, Мәскеуде өткізді. Мәскеу оның талантына, болашағына жарқын жол сілтеген қасиетті мекен болды. Арасында Қазақстанға концертпен келгенде де, қазақтың белгілі опера жұлдыздарымен етене жақын араласа қоймағаны айқын. Мүмкін, уақыты болмаған шығар. КСРО Халық әртісі, атақты әнші Роза Жаманова апамызбен өмірінің соңғы кездерінде кездесіп, Ерік туралы естелік айтуын сұрағанымда, ол кісі сырқаттанып жүргенін тілге тиек етіп: «Ерік Құрманғалиев – ғажап талант!» деді бірауыз сөзбен жайлап қана», деп жазылған кітапта.
Вокал өнеріне ешкім болжамаған құбылыс болып келген тума таланттың ғұмыры бір-ақ сәтте шоқ жұлдыздай ағып өтті. Атыраудың алақандай аулынан шыққан сирек дауыстың күллі әлемге, түгел аспанға жеткенінің өзі таңғажайып оқиға емес пе? Мұндай шексіз талант, шексіз мәртебе, шексіз таңғалыс бір қазаққа бұйырғаны бүгінде ұлттың бағын асырып тұр.