Таным • 01 Қараша, 2024

Алқакөл ме, Алакөл ме?

315 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халқымыз өз жерінде талай соғыс пен шайқасты бастан ке­шіргені белгілі. Олардың ішінде жоңғарлар мен қалмақтардың 1723 жылы қазақ жеріне жасаған шапқыншылығының зардабы өте ауыр болды. Сол кездеұлт ретінде жойылып кету қаупі тұрды. Бұл тарихта «Ақта­бан шұбырын­ды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған. Ол бүгінге «Елім-ай» жыры арқылы жеткені мәлім.

Алқакөл ме, Алакөл ме?

«Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді»,

деген өлең шумақтары талай шындықты аңғартады.

Бұл дастанның авторы туралы ­түрлі пікір бар. Көп ғалым оны «халық мұрасы» десе, соңғы уақытта авторлығын Қо­жа­берген жырауға теліп жүрген зерттеушілер екінші топты құрайды. Қа­лай болғанда да осы мұра халық жадында сақталып қалғаны рас. Жо­ғарыда келтірілген шумақты көкірегі ояу әрбір қазақ жатқа біледі деп ойлаймын.

 «Елім-ай» мұрасы 1723 жыл­дың апатын, халықтың күйзелісін төмен­дегі шумақтан байқатады:

«Ызғарлы күн шығыстан жел келеді,

Шұбырған Алтай жақтан ел келеді.

Еділден убашы қалмақ тағы шапты,

Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.

Осылай екі жақтан тиді қалмақ,

Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ.

Қазаққа екі беттен шабуылдап,

Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.

Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,

Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан.

Жүргенде момын халық көшіп-қонып,

Кенеттен қалмақ құрды қанды қақпан.

Замана күннен-күнге қағынып тұр,

Қатал жау тұс-тұс жақтан жабылып тұр.

Аяйтын ешбірі де көрінбейді,

Талайтын жолбарыстай шабынып тұр.

Бұл заман қай-қай заман, мыстан заман,

Қазақты қалжыратқан дұшпан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қар жауған қаңтардағы қыстан жаман».

Қатты толғаныстан туған бұл айтулы жыр ауыздан-ауызға тарап, елге кеңінен мәлім болған.

«Елім-ай» дастанында жоңғарлар мен қалмақтарға тойтарыс беруді ұйымдас­тырған халқымыздың ұлы тұлғалары ‒ әз-Тәуке мен Әбілқайыр хандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әнет, Малайсары және Ақсуат би, Дат балуан, Бөгенбай, Жай­нақ, Ақпанбет пен Байғазы атты батыр­ларға арнап айтылған көптеген шумақ кездеседі.

2023 жылы «Елім-ай» дастанының 300 жылдығына байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрға­раевтың бастамасымен, басқа да аза­мат­тардың қолдауымен Түркістан облы­сындағы Қаратаудың бір асуында тұғыр тас орнатылды. Онда «Бұл тұғыр­тас Қа­ра­таудың басынан «Елім-айлап» бастал­ған қаралы көшті, Отан үшін шейіт бол­ғандардың тағдырын арқау еткен дас­танды мәңгі есте қалдыру мақ­сатында орнатылды», деп жазылған. Бұл – нағыз құптарлық, өнегелі іс.

Ендігі әңгіме «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тарихи тіркестегі Алқакөл жер атауына байланысты. Өйткені әлі күнге дейін осы Алқакөлдің қай жерде екені белгісіз болып келді. Бұл көлді тарихшыларымыз Сырдарияның айналасынан іздестіріп жүр. Ал Сырдың екі жағында да Арнасай ойпатына ағып шыққан судан пайда болған Айдаркөлден басқа ешқандай елеп алар көл жоқ. Егер Алқакөл деген көл болса, онда ол туралы мәлімет осы күнге жетер еді.

Жазушы Нәбиден Әбуталиев пен бұл тақырыпқа қалам тартқан басқа да мұра­танушылардың айтуынша, «Қыр­қыншы жыл­дардың аяғы, елуінші жыл­дардың басын­да Қазақ мемлекеттік университетінде дәріс оқыған белгілі тарихшы Ермұқан Бек­ма­ханов өз лекциясында студенттерге «Ақ­та­бан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасын баян еткенде ондағы көлдің аты «Алқакөл» емес – «Алакөл» болса керек... Сол апатты жылда қазақ халқының қы­рылуының бір шеті Алакөлден басталғаны рас. Ал Алқакөлді ешкім білмейді, осы көл­дің аты жаңсақ айтылып кеткен сияқты», деген екен.

 Осының дәлелі ретінде Нәбиден Әбуталиев «Елім-айдың» мына жыр жолдарын келтіреді:

«Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,

Халқыма аштық, соғыс жаман болды.

Басталып ел сұлауы Алакөлден,

Ақтабан шұбырынды заман болды».

Иә, шынында осы шумақтан «елдің сұлауы Алакөлден басталғаны» тайға таңба басқандай анық көрініп тұрған жоқ па?

Менің ойымша, Е.Бекмаханов жоға­рыдағы пікірін жыға айта алмауы­ның басты себебі «Елім-ай» дастанындағы Қаратауға байланысты болса керек. Өйт­кені онда жоңғарлардың шапқыншы­лығына ұшыраған халықтың Қаратаудың басынан көшіп келіп, Алакөлге «сұла­ғандары» айтылады. Жоңғарлар қазақ жері­нің шығыс жағын мекендегені тарих­тан, көне карталардан белгілі. Ал Қаратау деген таудың қазіргі Түркістан мен Жам­был облыстарының аумағында екенін барша жұрт жақсы біледі. Сондықтан тарихшылар «Елім-айға» қатысты айтылған Алқакөлді Сырдың аржақ-бержағынан іздестіруге мәжбүр болды.

Біздіңше, қазіргі кезде Қаратау деп аталатын тау ортаға­сыр­ларда Куртақ деп аталған, ол көне тү­рік-қадымша тілінде «Хан тағы» деген­ді біл­діреді. Кентау қаласының маңындағы қы­рат әлі күнге дейін «Хан тағы» деп аталады.

ек

Куртақ пен Уртақ (қазіргі Алатау­дың бір сілемі болып саналатын Талас тауы­ның ежелгі атауы) Нұх пайғамбардың Яфас деген ұлының жазғы қонысы бол­ған. Шамамен осыдан 4-5 мың жыл бұрын Яфастың Түрік деген ұлынан тара­ған ұр­пақтары солтүстікке, солтүстік-шығыс­қа және солтүстік-батысқа барып қоныстанған. Ал Шыңғыз хан дәуіріне дейін олар (түркілер) Қиыр Шығыстағы Сары теңізден бастап Дунай өзеніне дейінгі кең-байтақ аймақты мекендеген. Ол туралы Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабы түпнұсқасының 40-42 беттерінде айтылған. Уртақ тауы­ның Талас өзенінің сол қапталында орналасқаны 1866 жылы шыққан «Карта Киргизской степи и Туркестанского военного округа» деген картада анық көрсетілген.

Ал қазақ жеріндегі Алакөл қазіргі Абай облысы мен Жетісу облысының аумағында екені мәлім. Кеңес заманында ол көл ғарышкер­лердің сауықтыру орнына айналып, жер­гілікті халық ол жерге барып демалу түгілі, жақындай да алмаған. Тек тәуел­сіздіктен кейінгі жылдары ғана Алакөл халқымыздың демалатын орнына, шипажайына айналып жатыр.

Бұдан шығатын қорытынды: Қаратау деген тау «Елім-ай» дастаны өмірге келген кезінде Алакөлдің шығыс жағында болған.

«Шыңғыз хан» атты кітабым­да («Фо­лиант», Астана, 2022) келтірілген дерек­ бойынша, қазіргі кездегі Жетісу мен Абай облысының шекара­сындағы Жоңғар Алатауы Шыңғыз ханның заманында Кухи Сийах (Қа­ра тау) деп аталған. Ол таулар ‒ Ф.Страленбергтің 1730 жылы шыққан «Верхнее Приобье и Прииртышье» деген картасы мен К.Риттердің 1839 жылғы шыққан «Русский Алтай» деп аталатын картасындағы Боротола мен Еміл өзендерінің аралығындағы Mons Kara Nudun (Қара тау) деген тау.

Бұл таулар шынында алыстан қап-қара болып көрінеді, онша биік те емес (1000-2000 метрден аспайды). Ол таулардың қазіргі Жамбыл мен Түр­кістан облысындағы Қаратаудан еш айыр­масы жоқ. Сондықтан біздіңше, Алтайдан ауып келіп, ежелгі оңтүстік жеріндегі Куртақтың етегіне қоныстанған халық ол тауды өздерінің ежелгі мекенін­дегі тауға ұқсатып, Қаратау деп атап кеткен.

Біздіңше, жоңғарлар мен қал­мақ­тардың шапқыншылығы кезінде Алтай мен оның төңірегінен үдере көшкен жұрт (жалайыр, дулат, арғын, керей, уақ, найман және Кіші жүз рулары) шығыстағы Жоң­ғар Алатауынан (Қаратаудан) бері қа­рай асып түсіп, Алакөлдің маңайына бір тоқтап («Елім-айда» айтылғандай «сұлап»), содан соң күш жинап, оңтүстік, батыс және сол­түстік өлкелерге қарай беттеген. Оны атал­ған рулардың қазіргі Қазақстан аумағын­дағы тұрақтаған жерлерінен анық көруге болады.

Мысалы, керейлер мен уақтар Алтай­дың төрінен Ертісті бойлап Есіл мен Тобыл өзендерінің бойына дейін, әрі қарай Түмен мен Қорғанға дейін ығысқан.

Ал тобықты руы Шығыс Қазақстан жерінен, Ресейдің Ор (қазіргі Орск) қала­сына дейін ауып барған, содаң соң кері қай­тып, қазіргі Ақтөбе облысындағы Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында біраз жыл тұрақтап, одан кейін олардың бір бөлігі Сырға қарай ауған, сөйтіп Бұхарадан бір-ақ шыққан, ал қалғандары қайтып келіп қазіргі Қара­ғандының Қарқаралысы мен Абай облысындағы Қарауыл мен Шың­ғыстауға келіп қоныстанған. Ол туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында, өткен ғасырдың 20-жылдары Бұхара Кеңес­тік Халықтық Республикасының бас­шы­лығында болған Мырза Наурыз­баевтың «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде жарияланған мақала­ларында айтылған.

Жоңғар Алатауының аржағындағы Моғолстан (Мұғұлстан) деп аталған жер­де тұрған дулаттар, ол таудан бері өтіп, қазір­гі Жалаңаш көлдің маңайына, Бал­қаш көлінің оңтүстігіне, Iле мен Қаратал өзендерінің аралығына, Шілік ауданынан Алматы қаласының маңайына, одан бері Iле Алатауының бөктерін жағалай Ташкент қаласының шығыс жағындағы Бостандық ауданы мен аталған қаланың айналасындағы жерлерге, қазіргі Қаратау­дың төңірегіне қоныстанған.

Тағы бір айта кететін жайт – «Елім-айдағы» Еділдің бойындағы қалмақ­тардың қазақтарға жасаған шапқыншы­лығы туралы. Өйт­­­кені бұл жерде Ал­тай­дың аржағын ме­кен­­деген ойрат тай­пасының бір тармағы саналатын қалмақ­тар қалайша Еділдің бойы­на ба­рып қалды деген сұрақ туындайтыны сөзсіз.

Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауа­рих» деген еңбегінде ойраттардың түркі­лерге жататыны айтылған. Шынғыз хан дәуірінде ойраттар Алтайдың аржағын­дағы Сеңгір муран деген сегіз өзеннің бо­йын мекендеген. Олар Шыңғыз хан әскерінің құрамында болған. Шыңғыз хан мен оның ұрпақтары ойраттардан қыз алып, оларға қыз беріп, құда-жегжат болып, тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Ойраттың қалмақ және жоңғар деген тармақтары, тарихи деректер бойынша, Шыңғыз хан дәуірінен кейін, яғни XIII-XIV ғасырларда ғана пайда болған. XV ғасырдың басында ойраттар мен оның тармақтары бір одаққа бірігіп, Шыңғыз хан әулетіне бағынудан бас тартып, өздерінің жеке саясатын жүргізе бастаған. Сол кезден бастап қалмақтар қазақтың байтақ жеріне көз тігіп, бірнеше рет шапқыншылық жасаған. XVI ғасырда ішкі алауыздықтың себебінен билікке таласқан қалмақтар үшке бөлініп, бір бөлігі ойрат тайпаларының құрамында қалған, екінші бөлігі шығысқа қарай ауған, ал үшінші бөлігі қазақ жері арқылы өтіп, оларды қырып, күйзеліске ұшыратып, малдарын айдап кетіп, Ресейдің көмегімен Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлерге барып қоныс­танған, онда қалмақ хандығын құрған. Сөйтіп, қазіргіше айтқанда, Ресей мен Қазақ хандығының арасындағы буферлік мемлекетке айналған.

XVII ғасырдың орта шенінде ойраттар Алтайдың екі жағына да қоныста­нып, Жоңғар (Жоңғария) деген мем­ле­кет құрып, XVIII ғасырдың басында қа­зір­гі Өскемен қаласының шығы­сы мен солтүстігіндегі Енесей өзені­нің бассей­ніндегі жерлерді жаулап алған. Бірнеше дүркін қазақ жеріне шапқын­шылық жасаған, солардың ішінде 1723 жылғы шап­қыншылықтың зардабы өте ауыр бол­ған, қару көтеретін қазақтардың көбі­сін қырып тастап, үйлерін өртеп, қала­ларын талқандап, малдарын айдап кет­кен. Содан соң қазақтың үш жүзі бірі­гіп, жоңғарларға ойсырата соққы беріп, қазақ жерінен айдап шыққан.1757 жылы қытай әскері жоңғарларды түгел­дей дер­лік қырып жіберген. Ал Еділ бойы­ның қал­мақтары бірнеше дүр­кін қазақ жері арқы­лы өздерінің атажұрты­на орал­ғылары келген, бірақ оларды қазақ­тар ойсырата жеңіп, Еділдің бойына қай­тадан қуып тыққан, сөйтіп олар жат жер­де қалып қойған. Сонымен екі ғасыр­дан астам қазақтарға қиянат жасаған жоңғар­лар мен қалмақтардың тағдыры осылай болған.

Бұл – «мың өліп, мың тірілген» қазақтың тек екі ғасырдан астам тарихы. Одан бұрын да, кейін де халқымыз қаншама қиыншылықты бастан кешіргені белгілі. Оларды жас ұрпақ білгені абзал. Өйткені өткенді білмегеннің болашағы бұлыңғыр.

 

Ержан Исақұлов,

саяси ғылымдар докторы, профессор