Спорт • 02 Қараша, 2024

Нұрқожа Қайпанов – әлем чемпионы!

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Албанияның астанасы Тиранада күрес түрлерінен Олимпиада­лық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты мәресіне жетті. Аталған жарыста еліміздің 12 балуаны өнер көрсетіп, солардың үшеуі елге олжалы оралды. Байрақты бәсекеде Ержет Жарылқасын мен Жәмила Бақбергенова күміс алса, Нұрқожа Қайпанов бас жүлдені олжалады.

Нұрқожа Қайпанов – әлем чемпионы!

Ержет ерледі

Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Бозкілемге шыққан төрт балуанның арасынан Азия чемпионы Ержет Жарыл­қасынның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. 63 кг салмақта сайысқа түскен ол бас­тапқы бәсекелерде польшалық Михал Трач пен франциялық Стефан Клементті қапы қалдыр­ды. Одан кейін Еуропа біріншілігі­нің күміс жүлдегері, ресейлік Садық Лалаевпен күш сынасты. Бұл бәсекеде де Ержет ерледі. Ол Төменгі Новгородтың тумасын да тас-талқан етті. Финалда Жарылқасын Әзербайжанның апайтөсі, Еуропа чемпионы Нихат Мәмедлиге есе жіберіп, күміс медальді мойнына ілді. 

Былтыр жастар арасында әлем чемпионы (U-20) атанған 55 кг салмақтағы Исхар Құрбаев алғашқы айналымда биылғы Еуропа чемпио­ны, молдовалық Артем Делянудың аяғын көктен келтіргенде бір желпініп қалған едік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Келесі кезеңде ол ресейлік Эмин Сефершаевпен тең түсті. Есеп – 1:1. Ережеге сай соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соған беріледі. Бұл ретте Эминнің бағы жанып, Исхар көрермендер қатарына қосылуға мәжбүр болды.

ап

72 кг салмақ дәрежесінде күрескен Мейір­жан Шермаханбет тұсаукесер кездесуінде жас­тар арасында Еуропа біріншілігінің финалисі Хайк Мелиянға есе жіберді. Қандасымызды кілемде шыр айналдырған армениялық балуан барлық мәселені небәрі 49 секундта-ақ шешіп тастады. Күллі қазақ жанкүйерлері жолына үлкен үмітпен қарап отырған азулы әрі алымды балуанның Албания астанасында дәрменсіз күй кешкенін көргенде көңіліміз нілдей бұзылды. Несін жасырайық, Мейіржаннан кемінде қола медаль күткен едік. Тіптен финал­ға шығып жатса да, еш таң­данбайтын едік. Бірақ ол сын сағатта сүрінді.

82 кг салмақтағы Евгений Поливадов алға­шында финляндиялық Артем Шаповаловты шаң қаптырғанымен, Өзбекстанның өкілі, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы, өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовқа жарытып қарсылық көрсете алмады. Бұл бәсеке екі минутқа жетпей аяқталды.

 

Грек-рим күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер

55 кг: 1. Эльданиз Азили (Әзербайжан), Поуя Дадмарз (Иран), 3. Денис Михай (Румыния), Эмин Сефершаев (Ресей).

63 кг: 1. Нихат Мамедли (Әзербайжан), 2. Ержет Жарлықасын (Қазақстан), 3. Карен Асланян (Армения), Садық Лалаев (Ресей).

72 кг: 1. Ульви Ганизаде (Әзербайжан), Ибрагим Ганем (Франция), 3. Али Арсалан (Сербия), Отар Абуладзе (Грузия).

82 кг: 1. Мохаммадали Гераи (Иран), 2. Эрик Сильвасси (Мажарстан), 3. Ахмет Йылмаз (Түркия), Гела Болквадзе (Грузия).

 

Жәмиланың кезекті күмісі

Әйелдер күресінен өткен жарыста Жәмила Бақбергенова (72 кг) әлем чемпионатының финалында үшінші рет күш сынасты. 2021 жылы Ослода жапониялық Масако Фируитиден ұтылса, 2022 жылы Белградта америкалық Эмит Элордан жеңілді. Тиранада да оған күміс медаль бұйырды. Әуеліде молдовалық Эмиля Гречун, чехиялық Адела Ханзликова, моңғолиялық Болортунгалаж Зоригитті жолынан ығыстырғанымен, Жапонияның өкілі Ами Иссиге әлі жетпеді. Бұл тартыс 6:8 есебімен аяқталды. Сөйтіп, Жәмила дүниежүзілік додадағы үшінші күмісіне қол жеткізді. Сондай-ақ ол 2023 жылы Сербиядағы чемпио­натта қола медальды мойнына ілген еді. Ең өкініштісі, аталған жарыста Бақбергеноваға әлі бас жүлде бұйырған жоқ.

Бұрымдылар бәсекесінде сайысқа түскен басқа жерлестеріміз алғашқы айналымнан аса алмады. Атап айтсақ, Зүлфия Яхьярова (55 кг) америкалық Ареана Вилаескусаның, Диана Каюмова (59 кг) ресейлік Светлана Ли­патованың, Ирина Казюлина (65 кг) үн­діс­тан­дық Маниша Манишаның алдында тізе бүкті.

 

Әйелдер күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер

55 кг: 1. Мо Киука (Жапония), 2. Цзинь Чжан (Қытай), 3. Татьяна Дебьен (Франция), Ирина Курачкина (Беларусь).

59 кг: 1. Рисако Киндзе (Жапония), 2. Це­рен­чимед Сухее (Моңғолия), 3. Манси Манси (Үндістан), Елена Брюггер (Германия).

65 кг: 1. Цзя Лонг (Қытай), 2. Екатерина Зеле­ных (Румыния), 3. Мейси Килти (АҚШ), Мива Морикава (Жапония).

72 кг: 1. Ами Исии (Жапония), 2. Жәмила Бақбергенова (Қазақстан), 3. Адела Ханзликова (Чехия), Кайли Уэлкер (АҚШ).

 

Нұрқожа бас жүлдені олжалады

Жарыстың соңғы күні 70 кг салмақтағы Нұрқожа Қайпанов қуантты. 2019 жылы Астанадағы әлем чемпионатында күміс медаль иеленгеннен кейін бұл спортшыдан алдағы жарыстарда үлкен ерлік күткен едік. Еңсесін тіктей алмай жүрген қазақ елі еркін күресінің көсегесін осы жігіт көгертеді деп үміттендік. Ол кезде Нұрқожа 21 жаста еді. Бірақ содан кейінгі кездері қандасымыз ала-құла өнер көрсете бас­тады. Азия чемпионаттарында екі рет алтын тұғырға көтерілгенімен, дүниежүзілік додаларда қалың топтың арасында қалып қойды. Іріктеу турнирлерінде сүрініп, Олимпия ойындарынан шет қалды. Міне, сол Қайпанов Албания астанасында атой салды.

Алғашқы айналымдарда Нұрқожа израиль­дік Митчелл Файнсильвер, румыния­лық Николай Грахмез, грузиялық Акахи Ке­мер­телидзені бас көтертпей ұтты. Жар­тылай фи­налда тәжікстандық Абулмәжид Кудиев­тің сілікпесін шығарды. Бұл бәсеке де мерзімінен бұрын аяқталды. Финалда қазақ балуаны Ёшиносуке Аоягимен айқасты. Жа­понияның жампозы жастар арасындағы әлем біріншілігінде үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, ересектердің Азия чемпионатында қола медальға ие болған. Сол саңлаққа 5:3 есебімен сан соқтырды. Сөйтіп, Нұрқожа Қайпановтың есімі елімізден шыққан екінші әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.

Басқа балуандар жөнінде айтсақ, Асыл Айтақын (61 кг) румыниялық Лемид Колес­никтен, Нұрдәулет Бекен (92 кг) үндістандық Сандеп Сингх Маннан тұсаукесер кездесу­лерінде ұтылды. 79 кг салмақтағы Дәулет Ергеш болгариялық Михаил Георгиев пен Үнді елінің саңлағы Парвендер Сингхке сан соқтыр­ғанымен, ширек финалда грузиялық Автандил Кенчадзенің осал тұсын таба алмады. Жұбаныш бел­десуінде жапониялық Кота Токахаиге жол берді.

 

Еркін күрестен жеңімпаздар мен жүлдегерлер

61 кг: 1. Масаносуке Оно (Жапония). 2. Ах­мет Думан (Түркия), 3. Цогбадракх Це­веен­сурен (Моңғолия), Виталий Оруджев (АҚШ).

70 кг: 1. Нұрқожа Қайпанов (Қазақстан), 2. Ёшиносуке Аояги (Жапония), 3. Иналбек Шериев (Ресей), Абдулмажид Кудиев (Тәжік­стан).

79 кг: 1. Автандил Кентчадзе (Грузия), 2. Ма­гомед Магомаев (Ресей), 3. Мохаммад Ашгар Ноходиларими (Иран), Ахсарбек Гулаев (Сло­вакия).

92 кг: 1. Абдулрашид Садулаев (Ресей), 2. Мириани Майсурадзе (Грузия), 3. Дэвид Тэйлор (АҚШ), Батырбек Цакулов (Словакия).