Аймақтар • 02 Қараша, 2024

Балбалтастар неге елеусіз қалды?

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Баянауыл жерінде көне түркі дүниесінің ескерткіштері – балбалтастар баршылық. Тау баурайларының ең бір құйқалы жерлерінде орналасқан балбалтастар бұл жерде халқымыздың ежелгі заманда бірегей этномәдениеті болғанын білдіреді.

Балбалтастар неге елеусіз қалды?

Осыдан біраз жыл бұрын Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі, руха­ният жанашыры Қорабай Шәкіров пен жергілікті өлкетанушы Алтын­бек Құрманов бастама көтеріп, өңір­дің сай-саласында жатқан бал­бас­тастардың барлығын суретке түсіртіп, өлшемдерін жасаған. Бұлар – бізге белгілілері ғана. Одан соң жергілікті ағайынды шеберлер Балта, Балға Жәмінов деген азаматтарға тарихи ескерт­кіш­тердің көшірмесін айна-қате­сіз қашатып, аудан орта­лығына жыйып қояды. Бүгінде бұл көшір­мелер Баянауыл кентінің орта­лы­ғындағы баққа қойылып, түп­нұс­қа­ларының орналасқан жері туралы тақтайшалар орнатылған.

Қазақстандағы балбалтас тарихы туралы алғашқы зерттеуді академик Әлкей Марғұлан жүргізгені мәлім. Ғалым «Ежелгі мәдениет куә­гер­лері» еңбегінде балбалтас­тар ежелгі түркілердің діни ғұ­рып­тық кешені екенін жазған. «Ежелгі түркі ғұрыптық кешенінің құрамы арнайы барық-кесенеден, қорғаннан, сандықтастан, мәтін жазылған бітіктастан және оның тұғыртасынан (немесе тасбақасы), сондай-ақ бәдіздер – Балбалдардан тұрды (саны 10-600 данадан астамға дейін барады). Ежелгі түркі ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сынды билік иелерінің және атақты бекзадаларының құрметіне арна­лып жасалды. Қарапайым ха­лық­қа арналғандары да бар. Осы ке­шендерде аза тұту, ас беру немесе аруаққа бағышталған «жоқ­тау» сияқты этностың тіршілік цик­лының аса маңызды ғұрыптық жо­сындары атқарылған», деп баяндалады еңбекте.

Баянауыл төңірегінен Әлкей Марғұлан 50-ге жуық балбастас санап шыққан екен.

– Бұл төңіректе Күркелі, Қызылтау, Торайғыр, Қаратомар ауылдық округтерінің аумағын­да балбалтастар жиі кездеседі. Өкінішке қарай, олардың көбін кезінде кеңестік археологтер тонап, сындырып, Ресейдегі музейлерге алып кеткен. Бізге жеткендері шамалы ғана. Аман қалғандарының жағдайы да оңып тұрған жоқ. Әр жерде шашылып, елеусіз жатыр. Мал сүйкеніп, құлап жатқандары да бар. Оларды орнынан қозғамай, тек көшірмелерін жасауды жөн деп шешкен едік. Сол ойымыздың дұрыс болып шыққанына көзіміз жетіп отыр, – дейді өлкетанушы, туризм саласының үздігі, «Елім-ай» тұңғыш сыйлығының иегері Алтынбек Құрманов.

Баянауылдағы балбалтастар шамамен VI-VIII ғасырларға тиесілі. Осыдан бірер жыл бұрын Алтынбек аға кейбір тарихи ескерткіштерді арнайы іздеп барып, басына белгітастар қоюға атсалысқан. Соның бірі – Қызылтаудағы сыры ғалым­дарға әлі күнге беймәлім «Жұмбақ қыз» тасы мен «Құлан әулие үңгірі».

«Балбалтастар көне түркі дәуірінде бабалардың рухына деген құрметтің нышаны ретінде қойылған. Екіншіден, халқымыз көшіп бара жатқанда ата-бабасы желеп-жебеп жүрсін деп, бұл жерде құрбандық шал­­ған. Яғни кейбір орындар кәдімгі Тәңіршілдік сенімінің ғибадатханасы іспетті болған. Атақты ойшыл әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: «Әкем қағанға балбық (балбал) тіктім». Яғни балбалтас деген көбіне қабір басына тұрғызылатын, тастан қашап жасалған адам мүсіні. Көсемдер мен абыздар дүниеден өткенде ерекше әспеттеліп жасал­ған. Анау Қалмаққырған, Күркелі аймақтарында менің бала кезімде бал­балтастар жиі кездесетін. Жо­ға­рыда айтқанымдай, олардың көбі тоналды. Өзім куә болған бір келеңсіз жайт, Ресейдегі Омбының өлкетану музейінде болғанымда кезінде Баянауылдан көрген балбалтастарды ұшырастырдым. Қайбір жылдары көрші елдің ғалым­дары алып кеткен ғой. Кеңес өкіметі тұсында біздің тарихы­мызды қолдан құртқаны бел­гілі. Осындай тарихи ескерт­кіш­­терімізді тонап әкетіп, түркі ха­лықтарында ешқандай өркениет бол­маған деген сыңаржақ пікірлер ай­ты­лып келді», деп қынжылды өлке­т­анушы.

Алтынбек Жұматұлы Баян­ауылдағы тарихи көне ескерт­кіш­терді қорғауға жергілікті билік әре­кетсіздік танытып отыр деп есеп­тейді. Мәселен, Жасыбай де­ма­­лыс аймағы орналасқан жерде ежелгі сақ заманынан қалған ескерткіштер мен XVII-XVIII ғасырларда қазақ-жоңғар соғысында қаза болған батырларымыздың зираттары баршылық. Ол аумақтар анау бір жылдары ресми құжаттарда ай­рық­ша қорғалатын жер ретінде көр­­сетілген екен. Алайда Баянауыл ұлт­­тық паркінің басшылығы мен аудан әкімдері ауыса-ауыса, тари­хи ескерт­кіштерді қорғауға алу мә­селесі ұмыт қалған. Салдарынан тари­­хымызды баяндайтын ескерт­кіш­­­­тер кейінгі жылдары тып-типыл етіп бұзылып, орнына демалыс үй­­­лері салынған. Бұл жерлерде бү­­­гін­де «Кең дала», «Золотые пес­ки» деген демалыс үйлері пайда бо­лыпты.

Өлкетанушы аудан орта­лы­ғын­дағы балбалтастар көшірмесінің орна­ласқан жеріне де көңілі толмай­тынын жеткізді. «Алдында Мем­лекеттік ту алаңында, көзге түсетін, биіктеу жерде тұрған еді. Кейін орталықтағы балалар ойнайтын баққа әкеп тастапты. Енді елеусіз жатыр. Осыны Баянауыл билігі назарына алса екен», деп тілегін және қосты.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы