Білім • 02 Қараша, 2024

Мұғалім миссиясы – зерделі ұрпақ тәрбиелеу

191 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден аса мектеп мұғалімі, колледждер мен жоғары оқу орнының оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы «Amanat» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасында бас қосты. Олар орта және кәсіптік білім саласының өзекті мәселелерін талқылап, оны шешу жолдарын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.

Мұғалім миссиясы –  зерделі ұрпақ тәрбиелеу

Жаңа диалог алаңының ал­ғаш­қы жиыны Maqsut Narik­bayev уни­верситетінде өтті. Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төраға­сы Ерлан Қо­шанов білім са­ласы әр кез Мем­лекет басшы­сы­­ның назарында екенін атап өтті.

«Президентіміз педагогтер қауы­мына айрықша көңіл бөледі. Соның бір дәлелі Рес­пуб­лика күні қарсаңында Мем­­лекет басшысы екі бірдей педагогті «Қазақстанның Еңбек Ері» ата­ғы­мен марапаттады. Ел тарихында тұңғыш рет қатарынан қос ұс­таз осындай жоғары марапатқа ие бол­ды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған кезін­де алғашқы қол қойған заңы да – «Педагог мәртебесі тура­лы» заң болғанына назар аудар­ғым келеді. Айта кетейін, көп­теген елде мұндай жеке заң жоқ. Осының бәрі – біздің қоғам­да ұс­таздардың мәртебесін көтерудің нақты, айқын мысалы», деді ол.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері озат оқушыларымыздың беделді ха­лықаралық байқаулардағы же­­тіс­­тіктерін атап өтті. Кейінгі жыл­­­­дары еліміз Халықаралық ма­те­­матикалық олимпиадада 104 елдің ішінде 25-орыннан түскен емес, ал FIDE Халықаралық шах­мат сайысында еліміздің әйел­дер құ­ра­масы отандық шахмат тари­хын­­­да алғаш рет күміс жүлдені же­­­ңіп алды. Мемлекет басшысы атап өт­кендей, зияткерлік сайыс­тар­да же­ңіске жеткен оқушы­лар­ды Олим­­пия ойындарының же­­ңім­паз­­дары сынды ұлықтау қажет. Яғни ин­тел­лектуалды ұлт­ тек те­­рең бі­лім арқылы ғана қалып­та­сады. 

«Бүгінде біз экономикасы да­мыған, әділетті әрі табысты мем­лекет құру жолындамыз. Оның негізі – прогрессивті, интеллек­туал­ды ұлт, қуатты орта. Дәл осын­дай адам­дарды тәрбиелеу – қазір­гі мұға­лімнің басты миссия­сы. Ел бола­шағы – ұстаз қолын­да. Осы орай­да, депутаттық кор­пус пен пар­тия әрқашан қас­та­­рыңыз­дан табылып, барлық баста­маларыңызды қолдауға да­йын»,  деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар «Amanat» пар­тиясы төрағасының айтуынша, күн тәртібінде өз шешімін таппай келе жатқан мәселелер де бар. Олар – үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектеп мәселесі, мұғалімдерді аттестаттау кезіндегі күрделі процедура, сондай-ақ мектептегі қағазбастылық. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы цифрлық тәуелділіктің артуы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Оған қарсы күресте ата-аналар мен ұстаздар қауымының өзара бірлескен іс-әрекеті қажет.

Жиын барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кейінгі бес жылда білім жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырағанын атап өтті.

«Бұл қадам мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға, бала­ларға сапалы білім беру ортасын құруға бағытталған. Ол өз ке­зегінде оқыту жұмысын сапалы жүргізуге ықпал етеді. 600 мыңға жуық педагогтің еңбегі жоғары бағаланып, оларға қолдау көрсету мәселесі мемлекет саясатының басым бағыттарының біріне айналды», деді министр.

Келелі кеңесте Абай атында­ғы Жамбыл гуманитарлық жоға­ры колледжіндегі музыка пәні­нің оқытушысы Забида Худа­тае­ва ерекше қажеттілігі бар тәр­биеленушілермен жұмыс істеу кезінде педагогтің қандай қиын­дық­тарға тап болатынына назар аударды. Педагог тәрбиелеген зағип студент Айсұлу туралы оқиға барша қатысушыны тебірентті.

«Ол маған білім алуға деген ерекше ынтамен, ерік-жігермен келді. Біздің осынау ортақ жолымыз түрлі қиындыққа толы болды. Біз білім берудің жаңа әдісін әзірлеп, ерекше білім алуға деген қажеттілігі бар балаларға арналған оқу құралдарын дайындадық. Мен үшін оқушымның кедергілерді жеңі­п, өз мақсатына жеткенін көруден артық бақыт жоқ», деді З.Худатаева.

Бұдан соң Ақтөбе қаласындағы жоғары политехникалық кол­ледж­дің оқытушысы Дархан Шаңбаев жұмысшы мамандарын даярлау бойынша өз тәжірибесімен бөліссе, Алматыдан келген қазақ ті­лі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүл­­наз Шәми «Гаджетсіз демалыс» жо­басы туралы сөз қоз­ға­ды. Қара­ған­дыдағы Абай атын­дағы мек­теп-гимназияның дирек­то­ры­ Жадыра Баймолдина ба­ла­лар мектепте алғашқы өмір сы­­­на­ғынан өтіп жатқанын, сон­дық­тан мектеп олардың екінші үйі­­не айналуға тиіс екенін атап өтті. Ал Орал қаласындағы тарих пә­нінің мұғалімі Александр Мяс­ни­ков балалардың сыни ойлау қа­білетін дамытудағы пікірта­лас қозға­лысының маңызына тоқталды. Петропавлдан келген алғашқы әскери дайындық (АӘД) мұғалі­мі Дархан Қоспанов жастарды әскерде қызмет етуге даярлау жұмысы мектепте патриоттарды тәр­биелеуден басталады деген се­німде. Қызылорда облысы Те­реңөзек ауылынан келген мате­матика пәнінің мұғалімі Заман­бек Аманбеков жас әріп­тес­терін ауылда жұмыс істеуге ша­қыр­са, Астанадағы биология пә­ні­нің мұғалімі Ілияс Сакимов олим­пиадаға дайындық кезінде оқу­шыларға қалай қолдау көрсе­ту ке­рек екенін жеткізді.

Кездесу соңында бірқатар педагогқа кәсіби қызметіндегі еңбегі және қоғамдық жұмысқа қосқан елеулі үлесі үшін «Amanat» партиясының «Ұстаз – ұлт айнасы» арнайы төсбелгісі табысталды.