Форум • 02 Қараша, 2024

Бизнеспен сындарлы диалог инвестицияның әлеуетін арттырады

180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық инвестиция бойынша VII Қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты (KGIR-2024). Алаңда түрлі саланың басшыларымен бірге 500-ден астам бизнес, сондай-ақ отандық кәсіпкерлік сала өкілдері, инвесторлар жиналды. Пленарлық сессия «Жаһандық инвестициялық үрдістер: болашаққа көзқарас» тақырыбына арналды.

Бизнеспен сындарлы диалог инвестицияның әлеуетін арттырады

KGIR жұмысын ашқан Олжас Бектенов дөңгелек үстел Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысының қисынды жалғасы саналатынын және бизнес-қоғамдастықпен тығыз диалог құруға бағытталғанын атап өтті.

Ел Үкіметі Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жұмысын күшейтті. Қазір елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Онда инвесторлар үшін салықтық және кедендік преференциялар көздел­ген. Шетелдік жұмыс күшін жалдау рәсімі жеңілдетіліп, бизнес үшін әкімшілік кедергілер азайтыл­ған. Кәсіпкер мәселесін жедел шешу үшін Үкімет жанындағы Инвес­тициялық штаб тұрақты негізде жұмыс істейді. Басым инвести­циялық жобалар үшін рұқсат беру рәсімдерінен өтуді жеделдететін «Жасыл дәліз» немесе Fast-track тетігі іске қосылады. Отандық және шетелдік инвестордың құқығы мен мүддесін барынша қорғауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасалған. Мәселен, шетелдік бизнес­ке АХҚО-да ағылшын құқығы мен ұлттық құқықтық жүйе арасында таңдау мүмкіндігі берілді.

Іс-шара қатысушылары жобаны іске асыру тәжірибесімен бөлі­­сіп, ынтымақтастық одан әрі кеңе­йетінін айтты. «China Energy Investment Corporation» бас дирек­т­орының орынбасары Янь Гочуань энергетика саласындағы ынтымақ­тастыққа тоқталып, бірлескен жоба әлеуетіне сенім білдірді. «Біз энергетика саласында көмірді әзірлеу және экологиялық таза пайда­лану, жаңа энергетика, инфра­құры­лымды қолдау жөніндегі қаза­қстан­дық жобаларға белсенді қатысу үшін озық технологияларды, кәсіби әлеуетті және тамаша бас­қару командасын пайдалана­тын боламыз. Бізге Қытай мен Қазақстан арасындағы достық ынтымақтастыққа өз үлесімізді қосу маңызды», деді ол.

«AstraZeneca»-ның халықаралық биофармацевтика өңірі бойынша вице-президенті Нитин Капур өз сөзінде еліміздің Орталық Азия фармацевтикалық нарығындағы басты ойыншы ретіндегі маңызына тоқталды. Компанияның жергілікті өндірісті және инновациялық шешімдерді дамыту жөніндегі күш-жігері атап өтілді.

«Қазақстан Орталық Азиядағы «AstraZeneca» бизнесінің локо­мотиві саналады. Сондай-ақ жа­һан­дық биофармацевтикалық компания ретінде біз Қазақстан Үкі­меті­­нің өңірдегі фармацевтика өнеркәсібінің орталығына айналуға қатысты өршіл мақсатын қолдаймыз», деді Нитин Капур.

Премьер-министр еліміздің маңызы басым бағыты өнеркәсіпті дамыту екенін айтып, шетелдік компанияларды қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз әріптестікке шақырды.

«Ел Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасауға үлкен мән береміз. Сіздердің құқықтарыңызды қорғауға басымдық жасалған. Отан­дық компаниялар ірі инвес­тор­лармен жеткізу тізбегінде жұмыс істей отырып, тәжірибе жинап, сапа стандарттарын арттыратын болады. Мультипликативті ірі инвес­тициялық жобалар әртарап­тан­дырылған экономикалық эко­жүйенің қалыптасуына ықпал ете отырып, ШОБ белдеуінің дамуына әсер етеді. Біз елдегі шетелдік өндірістің дамуымен өнімдердегі қазақстандық қамтудың үлесін арт­тыруға талпынамыз. Отан­дық кадрларды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз шетелдік инвесторлардың барлық деңгейде жергілікті мамандарды белсенді түрде еңбекпен қамтуын құптаймыз әрі қолдаймыз. Ел Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады», деді Олжас Бектенов.

Іс-шара қорытындысы бойынша жалпы сомасы 7 млрд доллар болатын 32 құжат пакетіне қол қойылды, оның ішінде Премьер-министрдің қатысуымен:

Ақмола облысы әкімдігі, «Kazakh Invest» және «Dalian Hesheng Holding Group» арасындағы бидайды терең өңдеу бойынша құны 650 млн доллар болатын стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Kazakh Invest» және «CHN Energy» арасындағы көмір химия өнімдерін өндіру бо­йынша 4 млрд доллар болатын стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

«Orhun Medical» ЖШС мен Қазақ­стан Үкіметі арасындағы ден­­саулық сақтау саласының меди­ци­­на­лық қызметтері мен инфра­құ­ры­лымын жақсарту бойынша 80 млн долларға инвестициялық келісім;

«Silk Way Energy LTD» мен  ел Үкіметі арасындағы Жетісу облы­сы­ның Панфилов ауданында тәу­лігіне 1 000 000 нм3 қуат тұтынатын табиғи газды сұйылту зауыт салу туралы жалпы құны 305 млн долларды құрайтын инвестициялық келісім;

«НК «ҚТЖ» АҚ мен «Транспор­тейшн Глоубэл Эл-Эл-Си» арасын­дағы теміржол машина жасау саласында цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу бо­йынша жобаны іске асыру туралы келісім;

«Carlsberg Kazakhstan» ЖШС мен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы елімізде алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу бойынша жалпы құны 100 млн доллар базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім;

«Шин-Лайн» ЖШС мен Қазақстан Сыртқы істер министр­лігі арасындағы әлемнің жетекші ком­панияларының қатысуымен Ал­маты облысында азық-түлік клас­терін құру туралы базалық қағидаттар туралы негіздемелік келісім (35 өндіріс орны пысықтауда);

Қостанай облысының әкімдігі мен «Tech Digital» ЖШС арасындағы алюминий қорытпаларынан жасал­ған жоғары сапалы шыбық­тар мен профильдер өндіру саласындағы базалық қағидаттар туралы келісім;

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Hyundai Solar Kz 777» ЖШС арасындағы құны 167 млн доллар болатын күн электр стансасын, қалдықтарды өңдеу кешенін, қоқыс жағу кешенін, модульдік жы­лы­жай кешенін салу жөніндегі ын­ты­мақтастық туралы меморандум;

«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен CNPC арасындағы «Солтүстік 1» блогіндегі геологиялық барлау жұмыстарының әлеуетін зерттеудің бірлескен жоспары;

«Отбасы банкі» АҚ мен Азия даму банкі арасындағы елімізде инклюзивті және жасыл тұрғын үйді қаржыландыруды ілгерілету жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.