Бокс • 05 Қараша, 2024

Ізбасарлар сенімді ақтады

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Черногорияның Будва қа­ласында жастар арасында бокстан әлем чемпионаты түңлігін түсірді. 22 қазанда басталып, 3 қа­рашада мәресіне жеткен әлемдік додада жас бокс­шыларымыз 17 медаль олжалап, жалпы есепте топ бастады.

Ізбасарлар сенімді ақтады

Бұған дейін өткен әлем біріншіліктерде жал­пыкомандалық есепте көш басына шығу бұйырмай келген еді. Дүбірлі додаға аттанар алдында бапкерлер: «Қыз-жігіттер сенімді ақтайтынына сенеміз, абыроймен оралуға күш саламыз», дегенді текке айтпаған екен. 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль олжалаған саңлақтар сенімге селкеу түсірген жоқ.

Білікті маман Мақсат Бақты­базаров әлем чемпионатының алдында ғана жастар құрамасының (ерлер) аға бапкері лауазымына тағайындалды. Қысқа уақыт ішінде өзінің біліктілігін таныта білді. 51 кг салмақта додаға кірген Боранбек Бексұлтан алдымен Зимбабве елінің боксшысын, екінші айналымда Молдова үмітін ығыстырып, ширек финалда Ресей боксшысын жеңді. Жартылай финалда Иран спортшысын айқын ұтып, алтын медаль жолындағы жекпе-жекте ко­лумбиялық Джастин Мореноны шүбәсіз жеңді.

Жастар командасының капитаны, 67 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Төрехан Сабырхан әлем чемпионатына жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Алғашқы жекпе-жекте черногориялық қарсыласы айқастан бас тартып, рингке шық­қан жоқ. Екінші кезеңде Ауғанстан елінің өкілін айқын басымдықпен жеңіп, бес төреші де жеңісті жерлесімізге берді. Ширек финалда өзбекстандықты, жартылай финалда Қытай боксшысын да еркін ұтты. Ал финалда кубалық Дэвид Эспиносадан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Доданың үздік боксшысына берілетін арнайы марапат та Төреханға бұйырды.

71 кг салмақ дәрежесінде Өнер Сейілхан келешегінен кемел үміт күттіретінін аңғартты. Беларусь, Пәкістан, Албания, Өзбекстан елдерінің боксшыларын қапы қалдырып, финалдық тартыста ресейлік Алексей Гуковты ұтты.

Еншімізге бұйырған төртінші алтын медальды 75 кг салмақ дә­режесінде сынға түскен Сан­жар­әлі Бегалиев олжалады. Ол Ру­мы­ниядан келген қарсыласын, Бол­гария боксшысын айқын ұтып, ширек финалда кубалықты жеңіп, жартылай финалда Польша бокс­шысын сүріндірді. Ал финалда өз­бек Джафарбек Шахбазовты ұтты.

Ерлер сынында Диас Берікбай (48 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Расул Асанханов (92 кг), Аслан Еділбайұлы (92 килодан жоғары) жартылай финалда сүрініп, әлем чемпионатының қола жүлдесін місе тұтты.

Жангелді Ахметов баптайтын қыздарымыз да Будвадан то­лайым табыспен оралды. 50 кг салмақта Елянұр Тұрғанова Түр­кия, Өзбекстан, Грекия боксшыларынан басым түсіп, финалға шықты. Әлем чемпионы атағы үшін өткен тартыста Карла Пикті (бейтарап қатысушы) жеңді.

81 кг салмақта Аружан Зейнол­лаева ширек финалда ресейлікті, жартылай финалдық жекпе-жекте поляк боксшысын ұтты. Финалда сыралғы қарсыласы өзбек қызы Рухшона Парпиеваны жеңіп, әлем чемпионы атанды.

66 кг салмақта Түркия, Ресей елінің спортшыларын ұтып, жартылай финалда румын боксшысын 2-раундта айқын басымдықпен жеңген Ұлдана Таубайға да алтын медаль олжалайды деп зор сенім артылған еді. Өкінішке қарай, ир­ландиялық Кайла Дойлға есе жі­беріп, күміс медальды місе тұтты.

Әнел Әбдірасылова (48 кг), Бағжан Отынбай (52 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Аружан Жаңа­бае­ва (63 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг), Панар Сейітханқызы (+81 кг) әлем чемпионатының қола жүл­десін иеленді.

Үш жыл бұрынғы Токио, биылғы Париж жазғы Олимпия ойындарында боксшылардың құл­дырауы саладағы түйткіл тым тереңдеп кеткенін аңғартқан еді. Қазақ боксында алдағы уақытта буын алмасу кезеңі айқын, әділ өтіп, жұмыс жүйелі жүзеге асуы үшін ауқымды реформалар жүр­гізу қажеттігі көп айтылды. Тіпті алғаш­қы қадамдар жасалып, нәтижесі де көріне бастады. Төрт жылдан кейін өтетін жазғы Олим­пия ойындарында, яғни Лос-Анд­желес (АҚШ) рингінде осы боксшылардың жолынан жүлде күтеміз.

Будвадағы әлем чемпионатында боксшыларымыз 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль олжаласа, екінші сатыға жайғасқан Өзбекстан жастары 5 алтын, 5 кү­міс, 3 қола, үш­тікті түйіндеген Ресей спортшы­лары 3 алтын, 3 кү­міс, 4 қола медальды қанағат тұтты.