Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Облыстық мәслихаттың депутаты Маханбет Амангелдінің айтуынша, Павлодардағы №1 қалалық аурухананың жыл басындағы берешегі 1 миллиард 235 миллион теңге болса, тоғыз ай ішінде оған тағы 700 миллион теңге шығын қосылған.
– Облыстағы емдеу ұйымдарының қарыздарына қатысты мәселе бұл ғана емес. Мысалға, былтыр Екібастұз қалалық ауруханасының кредиторлық берешегі 700 миллион теңгені құрады. Қарыздың 50 пайызы коммуналдық қызметтерден шыққан. Әлеуметтік сақтандыру қоры бұл жағдайға араласып, аурухана қолданыстағы тарифтен үш есе артық төлейтінін анықтады. Қордың талқылауынан кейін коммуналдық қызмет 2,5 есе төмендеді. Оған қосымша аурухананы қаржыландыру 415 миллион теңгеге ұлғайтылды. Нәтижесінде, ұйымның қарызы қысқаруы керек еді. Өкінішке қарай, аталған мекеменің сыртқы берешегі 968 миллион теңгеге дейін өскен, – дейді М.Амангелді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, емдеу мекемелеріндегі еңбекақы мен салықтардың төлемі жалпы бюджеттің 65 пайызынан аспауы керек. Жоғарыда аталған 3 емдеу ұйымында теріс динамика қалыптасқаны байқалады. Оның үстіне соңғы уақытта қалалық ауруханалар медициналық құрал-жабдықтарды көптеп сатып алып жатыр, бұл да қаржылық жағдайдарын қиындату үстінде. Осы орайда аймақтағы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана мен кардиологиялық орталықта ешқандай берешектің жоқтығын оң мысал ретінде келтіруге болады. Мұнда еңбекақы қоры жалпы бюджеттің 55 пайызын құрап отыр.
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, емделушілерден түсетін шағымдардың көпшілігі жоғарыда аталған үш ауруханаға қатысты. Әдеттегідей, №1 қалалық аурухана тұрғындар наразылығы жөнінен көш бастап тұр. Облыс басшылығына №1 Павлодар қалалық аурухананың бас дәрігерін, Екібастұз қаласының бас дәрігерін лауазымдарынан босатуды, ал №3 Павлодар қалалық ауруханасының бас дәрігеріне тәртіптік сипаттағы шаралар қолдануды ұсынамыз», дейді депутат.
Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың айтуынша, аталған медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінен бөлек, дебиторлық берешегі де бар.
«Тоғыз айдың қорытындысымен біз бұл мәселені тәртіптік комиссияға шығарамыз. Бас дәрігерлерге қатысты тиісті шараларды қолданамыз», деді басқарма басшысы.
Павлодар облысы