Сурет: pavon.kz
– Өңірге қатты аяз әлі жете қойған жоқ. Соған қарамастан адамдар пешті дұрыс пайдаланбаудың құрбанына айналып жатыр. Ақтоғай ауданының Мүткенов, Шарбақты ауданының Малиновка ауылдарында үйден шыққан өрттен екі адам қайтыс болды. Ал Павлодар ауданының Черноярка, Заря елді мекендерінде иіс тиген үш адам қаза тапты. Үйлерінде пеш жағатын тұрғындардың кейбіреуі қауіпсіздік талаптарын ескермейді. Өкінішке қарай, оның соңы қайғылы жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін, – дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Қысқы жылыту кезеңінде өрт оқиғалары жиілеп кетеді. Өткен жылу маусымында облыста 77 өрт тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқан. Тағы 10 адам жарақат алған. Тұрғын үй секторындағы өрттер мен өлімдердің көпшілігі ішкілікке салынған немесе әлеуметтік осал отбасыларында жиі болады.
«Тілсіз жаудың пайда болу себептері әртүрлі, ең негізгісі – салғырттық. Тұрғын үй секторында электр жабдықтары мен тұрмыстық аспаптарды монтаждау және пайдаланудағы бұзушылықтар, пештерді орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы жиі кездеседі. Тұрғындар түрлі жылытқыштарды пайдаланады. Кейде электр желілерінде қысқа тұйықталу орын алып, өрт шығады. Облыстағы өрттердің 70-80 пайызы тұрғын үй секторында болады», дейді Қ.Шаймарденов.
Жалпы, өрт оқиғаларының 65 пайызы жылыту кезеңінде болатыны байқалған. Департамент жергілікті полиция қызметімен, атқарушы органдармен, волонтерлік ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп өрттің, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу мақсатында тұрақты негізде халықпен профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Арнайы есепте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 1 233 тұрғын үй бар. Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты есебінен улы газдың шыққаны туралы дабыл беретін 275 датчик орнатылған.
Мамандар салқын уақытта пеш жағу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін ескертеді. Жылыту пештері алдын ала тексеріліп, өртке қарсы бөліктерінің болуы ескерілуі керек. Әр үш айда бір рет, сондай-ақ жылыту маусымы басталар алдында мұржалар мен пештерді күйеден тазартып тұрған абзал. Пеш мұржалары қызыл кірпіштен қаланып, ұшқын тұтқыштармен жабдықталуға тиіс. Шатырдағы түтін арналары өтетін барлық құбырлар мен қабырғаларды әктеу керек. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдайлар қызметкерлері жер үйлер секторына тексеру жүргізуге, ұйғарымдар беруге құқылы емес. Тек профилактикалық жұмыстар ғана жүргізе алады. Сондықтан қауіпсіздік талаптары үй иелерінің өз жауапкершіліктерінде қала бермек.
Павлодар облысы